Мақсатымыз – халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету | arainews.kz

Мақсатымыз – халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету

60

Жамбыл облысында халықты ауыз сумен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Мәселен, 30 жыл бойы сапалы ауыз су тартылмаған облыс орталығынан шалғай жатқан Жуалы ауданының Қызтоған ауылына тіршілік нәрі тартылуда.

Бүгін өңірге арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров Жуалы ауданының Қошқарата ауылдық округінде болып, бірқатар нысандарды аралады. Оның ішінде, 34 ауласы, 144 тұрғыны бар  Қызтоған ауылында ауызсу жүйесін тарту жұмыстарымен танысты.Аталған ауылға 30 жылдан астам таза ауыз су тартылмаған. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Аталмыш ауылға ауыз су жүйесін тартуға облыстық бюджеттен 36 миллион 505 мың теңге қаражат бөлінді. Мердігер «Жуалы су» мекемесі. Ал құрылыс жүргізуге «Даниал Курылыс Дизайн»  ЖШС-і бекітілген.

Мәжілісмен халықтың әл-ауқат деңгейіне тікелей әсер ететін өзекті мәселеге баса назар аударып, серіктестікке құрылысты сапалы жүргізуді тапсырды. Себебі, тіршілік нәрі ауылдың әл-ауқатын көтеруде ең негізгілердің бірі.

– Жамбыл облысына іссапарым аясында бірнеше нысандарды аралап танысып жатырмын. Оның ішінде, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жергілікті жерлерде іске асыру сапасын талдауға ерекше назар аударудамын. Мәселен, бүгін облыс  орталығынан шалғайда орналасқан Қызтоған ауылында ауызсу жүйесін тарту жұмыстарына қанықтым. Әрине, ауылға тіршілік нәрінің тартылғаны жақсы. Бірақ, ол қалай тартылып жатыр, соған баса назар аударымыз қажет. Себебі, мердігер кетеді, ал осындағы халық қалады. Сол үшін ең алдымен сапаға баса мән беру керек, – деді Мұқаш Зұлқарнайұлы.

Расында, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізінде жүзеге асып жатқан құрылыс қашанда аманаттықтардың жіті бақылауында. Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде.

– Қызтоған ауылы шалғайда жатқанына қарамастан болашағы бар ауылдардың бірі. Мұнда мал басы да, оны жаятын жайылым да жеткілікті. Әрі табиғаты да ыңғайлы. Соңғы бір айдың өзінде үш бірдей отбасы көшіп келді. Өткен айда басталған ауыз су жүйесі қыркүйек айына дейін бітуі қажет. Тіршілік нәрі үйді-үйге кіретін болса, мұнда көшіп келушілердің қатары көбейетін еді. Осы орайда, ауылдағы тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруды басты мақсат еткен «AMANAT»  партиясына алғысымыз шексіз. Өйткені, осындай мәселені көріп, өздерінің Сайлауалды бағдарламасына енгізіп отыр. Оның игілігін алдағы уақытта осындағы халық көретін болады, – дейді Қошқарата ауылдық округінің әкімі Мейіржан Телеушов.

Айта кетерлігі, партияның сайлауалды бағдарлама аясында биыл Жуалы ауданына қарасты Әбдіқадыр, Тасбастау, Кәрікорған Жаңаталап Ақтоған елдімекендеріне ауыз су берілуде.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.