Бұрын облыста ауылдарды ауызсумен қамту жұмыстарымен облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының айналысқаны белгілі. Енді бұл шаруа энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына тиесілі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аталған басқарма басшысының орынбасары Нұрбай Тілегенов тілге тиек етті. Оның айтуынша, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап ауызсумен қамту жобалары Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері арқылы жүзеге асырылмақ.
Басқосу барысында Тараз қаласының тозығы жеткен жылу желілерін қайта жаңғырту мақсатында осы жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 жобаға 1 786,5 миллион теңге бөлініп, 3,2 шақырым жылу желілерінің ауыстырылып жатқаны айтылды. Сондай-ақ, биыл «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында облыс көлемінде бөлінген 535,5 миллион теңгеге 19 көпқабатты үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 16-сы Тараз қаласында болса, қалғаны Жаңатас, Қаратау қаласы мен Шу ауданына тиесілі.
Н.Болатұлы