Қыдыр дарып, құт қонған мекен | arainews.kz

Қыдыр дарып, құт қонған мекен

327

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» жобасын қолға алуды тапсырып, «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деп атап көрсеткен болатын. Құрылғанына 90 жыл толып отырған шежірелі Сарысу ауданының тарихы да осындай тағылымға толы.
Жылдар тоғысында қалыптасқан ауданның даму, өсу, өрлеу кезеңдері туралы бүгінгі ұрпақтардың білгені, ауданның аса күрделі, қым-қуыт дәуірлер мен зобалаң замандарды, шуақты күндерді басынан өткерген сәттерін санасына тоқығаны абзал болар еді.

Кезінде батыс өлкенің Орал өңірін қоныс еткен Кіші жүздің алшын, тама, жағалбайлы рулары орыс империясының отаршылдық саясатынан көп қыспақ көрді. Атақты батыр Сырым Датов көтерілісінде жеңілген соң 1797-1825 жылдар аралығында жоғарыдағы рулар Арқа өңіріне, Сарысу, Шу өзендерінің бойына үдере қоныс аударды. Олар мұнда бірнеше болыс ел болып ғұмыр кешеді. Осыдан 90 жыл бұрын Қазақ АССР-ы Өлкелік Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстанда көшпелі, отырықшы аудандарды белгілеу туралы» қаулысына сәйкес, 1928 жылы 3 қыркүйекте Сарысу ауданы құрылды.
Осы шешіммен Сарысу ауданы Қызылорда, Созақ, Шу аудандарымен бірге Сырдария округінің қарамағына енді. Алғашқы аудан құру жөніндегі жиын Арқадағы Айнабұлақ деген жерде өткізілді. Ауданды құру жұмысына округтен келген Мәкин мен Сәрсенбаев басшылық етті. Аймақтың жазғы орталығы осы күнгі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Түгіскен ауылының іргесінен ағатын Сарысу өзенінің бойына орналасты. Бұл жер кейініректеу Ақкеңсе деп аталып кетті. Себебі, сол жерге 16 үй тұрғызылған болатын.
Ал, қысқы орталығы Шу өзенінің бойындағы Кентарал болып белгіленді. Аудандық партия комитетінің тұңғыш бірінші хатшысы болып Әлішер Бисенов сайланды. Аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып Өтемісов бекітілді. Осыдан кейін іле-шала сауаты бар кадрлар іріктелді. Қаржы бөлімінің бастығына Шүленбай Сүлейменов, бухгалтерлігіне Пенчуков, комсомол комитетінің хатшылығына Хамза Үсенбаев, батырақтар комитетінің төрағалығына Жұмабай Төкеновтер тағайындалды. Ал, Жазыкен Омарбеков, Жақсылық Аяпов, Ерубай Жылқыбаев, Кемал Жұманбаев, Темешәлі Барболов, Ажақай Сембин сияқты бірнеше сауаты бар азаматтар жауапты жұмыстарға бекітілді.
Жаңадан құрылған аудан он ауылдық кеңеске бөлінді. Оларды басқаратын ауылдық кеңестің төрағалары сайланды. Сайлап болғаннан соң іле-шала байлардың мал-мүлкін тәркілеуге дайындық ісі жедел жүргізілді, Алайда, жаңа құрылған Сарысу ауданы Сырдария округіне қарағаннан кейін жер жағдайына, көшпелілігіне байланысты бұл округке көп тұрақтай алмады.
1928 жылы аудан құрылғаннан кейін бір айдан соң байлардың малын тәркілеу басталды. Тәркілеу науқанының көшпелі халыққа тигізген зардабы аса ауыр болды. Ел есінен танардай абдырады. Алғаш рет Сарысу ауданының аса ірі сегіз байы кәмпескеленіп, мал-мүліктен жұрдай болды. Олар Жағалбайлы әулетінен ағайынды Өксікбай және Қақу Арғынбайұлдары, Жүсіп Шоқайұлы, Тама әулетінен Төленбек Жанбекұлы, Ақберген Кеңкөзұлы, Әлі Темешбайұлы, Алшын Сыздық Отыншыұлы еді. Оның ішінде қобыз абызы Ықыластың үлкен ұлы Түсіпбек те бар болатын. Артынша ағайынды Иманбек, Тілеуімбек, Әуесбек Қожантаевтар да тәркілеуге ілінді. Осылардың барлығы Орал облысына жер аударылды. Еліне тұтқа болған дәулетті байларды тәркілеу әсері халыққа да оңай тиген жоқ. Тәркілеудің тәлкегіне ұшыраған байлардың көпшілігі жер ауып, өзге өңірлерде көз жұмды. Мұның өзі қазақ ұлтының ғасырлар бойы шыңдалып, сан түрлі сынақтан өткен тамырына балта шабуымен пара-пар тірлік еді.
1925 жылы Қазақстан Өлкелік партия комитетінің хатшылығына Мәскеуден жіберілген Голощекиннің билік құруы халқымыз үшін ең қасіретті жылдар болды. Ол Сталинге Қазақстанда тікелей «Кіші Қазан төңкерісін» жасамаса болмайды деп жазып, одан толық қолдаған жауап алды. Қазақстанда зорлап отырықшыландыру саясатын қолданды. Тәркілеу науқанының жаппай жүргізілуі, колхоздарға зорлап кіргізу, санаға сыймайтын салық түрлері, қыс ішінде жүн жинату, мақта даярлау, тағы басқа салықтар халықты сансыратып жіберді. Осындай сорақы саясат халық арасында он бес айлық «нық план» деген атпен таралды. 1930 жылы 7 ақпанда көрші Созақ ауданында халық көтерілісі бұрқ ете түсті. Көтерілісшілер жаңа өкіметтің белсенділерін өлтірді. Кеңселерін өртеді. Осы көтеріліс алдында хан сайланған Таманың белсенді адамы Сұлтанбек Шолақов өз өкілі Мұқыш дегенді Шу бойында қыстап отырған Сарысу ауданына жіберіп, оларды көтеріліске шығуға үндеді. Сарысудағы толқу 9 ақпанда басталды. Сол кезде ауданға «шаш ал десе бас алатын» Доманов пен Болатбеков деген басшылар келген еді.
Сарысу көтерілісіне қатысқандар алғашқы күні елудей адам болды. Келер күні олардың қарасы 500-ден асып жығылды. Олар кеңселерді өртеді, дүкендерді тонады. Мектеп пен интернат үйін отқа орады. Олар өз орталарынан ел арасында Бақақожа атанған Райымбек дегеннің 29 жасар ұлы Серікті хан сайлады. Бірақ, ұйымдастырушылығы нашар, әлсіз қаруланған көтерілісті үкімет әскері тез басады. Бетпақты бетке алып қашқан Серікті ұстап әкеліп, Қызмола деген жерде найзалап өлтірді. Тұтқыннан қашты деген сылтаумен бірнеше адамды атты. Кейіннен осы көтеріліске қатысқан 22 сарысулық азамат 1930 жылы 25 маусымда оққа ұшты. Оның ішінде елге танымал әнші Сапалай Исатаев та бар еді. Сондай-ақ, 100-ден аса адам түрлі мерзімдерге сотталып, жер аударылды.
1931 жылы республикадағы округтер­дің облыс болып қайта құрылуына байланысты Сарысу ауданы Қарағанды облысының қарамағына кірді. 1933 жылы көктемде аудан халқының ашаршылыққа, шұбырындылыққа ұшырауы салдарынан Саудакент өңіріне қоныс аударды. Сөйтіп Қарағанды облысынан шығып, Оңтүстік Қазақстан облысына енді.
Ел есін жимастан 1932-1933 жылдардың зобалаңы басталды. Ғасырлар бойы көшпелі тірлікпен күн кешіп, төрт түлік малдан азығын айырып, еркін өмір сүрген халықты күштеп ұжымдастыру Сарысу халқын да қынадай қырды. Үкімет аудан халқын Арқада орнықтыру туралы арнайы қаулы шығарғанымен, сол қаулыны жүзеге асыру үшін үкімет тарапынан жәрдем қаржы бөлінбеді. Белгілі қоғам қайраткері Әліби Жангелдиннің Қазақ Өлкелік партия комитетінің пленумында: «Сарысу ауданындағы алты мыңнан аса көшпелі халықты отырықшылыққа көшіру үшін небәрі 8 000 сом ақша бөлінуі осындай үлкен іске көңіл бөлмегендігі, немқұрайды қараудың салдары. Көмектесудің орнына қаражаты не малы жоқ шаруаларды қысып, табиғаты қатаң айдалаға күшпен отырықшыландыру саясаты түбімен қате», – деген сөзі осының айғағы.
Ұжымдастыруға дейін 1 миллионға жуық қой-ешкі, 10 мыңдай жылқы, түйесі бар Сарысу ауданында 1932 жылдың аяғына қарай мал қалмады десе де болады.
Сарысу көшпенділері осы асыра сілтеушілік кезінде ең алдымен өздері малдарын жаппай соя бастады. Одан кейін орталықтанған малға ауысты. Әлді отбасылар көршілерін тонады. Елдің шырқы бұзылды. Малы жоқ отбасылар көбейіп, елді ашаршылық жайлады. Бірлі-жарым күш көлігі барлар түнделетіп жасырын көше бастады.
Көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов 1933 жылдың 9 наурызында Сталинге жазған хатында: «Сарысу ауданында жұмыс істейтін 7 000 шаруашылықтан 500-ге жуық шаруашылық қалды. Ал, қалғандары Әулиеатаға және басқа аудандарға үдере көшкен. Жолда халықтың бір бөлігі аштан қырылған», – деп жағдайды күйзеле жеткізген. («Қазақстан тарихы», «Атамұра», 2010 жыл. 276-бет).
Алды Арқада қырылған көшпенділер енді Бетпақ үстінде, ұзақ жолдың бойында көз жұмды. Сарысу өзенінің бойынан Қаратауға қарай үдере көшкен алты жарым мыңдай шаңырақтан 1933 жылдың көктемінде межелі жерге іліккені – екі мыңдай ғана түтін. Ал, күші — көлігі, ас-ауқаты барлар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркістан асты. Созақ пен Ащысайға қоныстанып, жансауға етті. Аудан халқы осы бір ауыр жылдарды басынан өткізіп, Саудакент төңірегіне қоныстануға бет алған кезде Өлкелік партия комитеті мен Қазақ АССР Орталық Атқару комитеті аудан халқын қоныстандырып, шаруашылыққа бейімдеуді көрнекті мемлекет қайраткері Ораз Жандосов басқарған арнайы комиссияға тапсырды. Сол тұста қазақ халқының ардақты азаматтары Ораз Жандосов, Жанайдар Сәдуақасовтар нәубетке ұшыраған сарысулықтар көшінің алдынан шығып, қиналған халыққа көмек қолдарын созды.
Сарысу өзені бойынан тағдыр талқысымен Қаратау өңіріне ауа келген жұрттың рухани жадын есте мәңгі сақтау үшін аудан атының Сарысу болып қалуына күш салған да Ораз Жандосов болатын. Сол дәуірде Саудакент төңірегіне Сүлгетай, Қаракөл болыстары қоныс еткен. Оларға Үшбас, Қаратас, Жайылма, Бүркітті, Қазоты, Шешенбай, Бабаата, Талдыбұлақ, Ақтоғай, Саудакент, Досбол, Көкдала, Қаракөл, Талас өңірлері қарайтын. Сарысу ауданы Саудакент маңына көшіп келгеннен кейін аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің 1933 жылғы сәуір айындағы шешімі бойынша Саудакент аты 1931 жылы бүлікшілер қолынан қаза тапқан жас комсомол, құрылысшы, осы күнгі Саудакент ауылындағы алғашқы үйлерді тұрғызған Байқадам Қашқынбаевтың атымен Байқадам болып өзгертілді.
Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бюросы 1933 жылы 23 мамырда Сарысу ауданының саяси — шаруашылық күйі туралы қаулы қабылдады. Осы қаулыда ауданның саяси-шаруашылық жағдайын көтеру үшін көшпелі халықты көшпенділіктен тоқтатып, Талас ауданының жеріне орналастыру, егіс егуін ұйымдастыру шаралары белгіленді. Өскен малдың басын аман сақтап, көбейту үшін аңшылар бригадалары ұйымдастырылды. Талас, Аса өзендерінің төменгі сағасын малына өріс, еліне құтты қоныс еткен ежелгі ағайындармен қоян-қолтық араласып, бірлесіп, жаңа өмірге тез бейімделді. Егін салып, мал өсіріп, халықтың жағдайы біртіндеп жақсара бастады. Мысалы, 1934 жылы ауданда 7 651 мал болса, 1935 жылы бұл көрсеткіш 18 875-ке жеткен. Дәл осы кезде Сарысу ауданында 12 ауылдық кеңеске біріктірілген 47 артель болды.
Өрттен қалған өскіннің өркеніндей болып, он шақты жыл ішінде қайта қаулап өскен ел 1937 жылдың ойранына тап болды. Небір жампоз, жайсаң азаматтар осы ойран мен алапаттардың құрбанына айналды. 1937 жылдағы сталиндік қызыл саяси террор біздің ауданды да шарпып өтті.
Адамдар тағдыры үш-ақ адам қатысқан жедел сотпен шешіліп жатты. Ал, Сарысу ауданынан ұсталып, қатаң жазаға тартылған азаматтар саны жетерлік. Мәдікен Ысқақов, Аққұман Мырғанов, Көшен Исабеков, Тілек Бөпежанов, Жақсылық Аяпов, Жаңабай Дүйсенбеков. Осы аталған азаматтардың алды 25 жыл, арты 10 жылдан сотталды. Осылардың көбі түрмеде көз жұмды. Ал, енді мына азаматтардың тағдырына назар салайық.
Байна Жақыпұлы Сәрсенов Орал қаласында төртжылдық Қазақ Өлкелік медициналық техникумын 1930 жылы бітірген. Аудандағы денсаулық сақтау бөлімінің тұңғыш меңгерушісі, Жазкен Омарбеков «Аққойлы» колхозының бастығы болған. Байдың баласы. Кеңес өкіметіне қарсы болған деген жаламен сотталған. Құрманбек Оралбеков аудандық мал дайындау мекемесінің бастығы қызметін атқарған. Әкесі қажы болған. Қожа-молдаларға көмектесіп жүр деген жаламен ұсталған. Атпал азаматтар Жасымбек Оралов, Тәжібай Елібаевтар да жазықсыз жазаланды.
«Қаратас» колхозының түлегі, 1929-1931 жылдары Қазақстан Өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы, кейіннен Қазақстан кен-металлургия институтының тұңғыш директоры Әшір Бүркітбаев та, Өндіріс ауылының түлегі, жаңа өкіметті орнатуға белсене қатысқан Жарылқасын Отарбаев та қызыл террордың құрбандары болып кетті. Түгіскендік ағайынды Төреқожа Ханқожаұлы, Қарақожа Ханқожаұлы деген азаматтар бай балалары деген жаламен ұсталды. Қарақожа Кеңес өкіметіне қастандық ұйымдастырып жүр деген жалған жаламен атылып кетті. Ал, Төреқожа «Карлагта» отырды. Ол айтулы, суырыпсалма ақын болған. Беріде 90 жасқа келіп, қайтыс болды.
Ал, қызыл репрессия құрбаны Нұрыш Данияров туралы ерекше тоқталғанның артықтығы жоқ. Ол 1934-1937 жылдары 3 жыл 4 ай Сарысу ауданын басқарып, оның қалыптасуына, нығаюына көп еңбек сіңірген. 1933-1934 жылдары Алматыда Өлкелік партия комитетінің ауыл шаруашылық бөлімінің нұсқаушысы болып жүріп, біздің ауданның басшылығына келген. Н.Данияров колхоз құрылысын нығайтуға, жергілікті кадрларды тәрбиелеп, егіншілік мәселелеріне, құрылысты дамытуға аса үлкен назар аударды. Сонымен қатар, аудандық «Социалистік шаруа» газетін ашуға көп күш жұмсады. Оның өте білімді, зерделі азамат болғандығы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабында тартымды баяндалған. Өкініштісі сол, Н.Данияров 1937 жылы 30 қазанда тұтқындалып, 1938 жылдың 19 қарашасында Шымкент қаласының маңындағы Қайтпас сайында атылды.
1937 жылдың аяғында ауданның бірінші хатшылығына Молдатаев деген азамат сайланды. Сол жылғы қыркүйекте Байқадам мен Ақкөл арасында тасжол салу басталды. Ал, 1939 жылы Оңтүстік Қазақстаннан Жамбыл облысының бөлініп шығуына байланысты аудан Жамбыл облысының құрамына берілді.
1939-1940 жылдары аудан еңбеккерлері үлкен жігермен тер төкті. Бұл жылдары егін шығымдылығы жаман болған жоқ. Әсіресе, 1940 жылы аудан колхоздары егіннен мол өнім алды. Ақкөлге дейінгі жол толық салынып, пайдалануға берілді.
1941 жылдың көктемінде ауданда «Ынталы» су бөгетін жасау жұмысы қолға алынды. Бірақ, соғыс салдарынан құрылыс жұмысы тоқтап қалды.
Сол жылдың 22 маусымында тұтқиылдан басталған соғыс елімізге оңай тиген жоқ. Жыл ортасында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Молдатаев әскерге шақырылды. Бірінші хатшы болып Өтешов, екінші хатшы болып Мүсіров келді. Олар қиын жағдайда аудан шаруашылығын қалыпты ұстап тұруға барлық күш-жігерлерін жұмсады. Соғыстың басталуы ауданның экономикасына, әлеуметтік өміріне үлкен өзгерістер әкелді.
Ер-азаматтардың басым көпшілігі майданға аттанды. Сол жылдары барлық мекемелерде, колхоздарда Отан қорғау қорына ақша, көлік, азық-түлік, түрлі жылы киімдер дайындалды. Соғыс заемына жазылуға көптеген азаматтар белсенді қатысты. 1942 жылдың қаңтарында аудан бойынша танк колоннасын жабдықтау үшін 1 миллион 742 мың сом құйылған.
Сол жылдары әскери жауынгерлердің майдан даласында ерлері опат болған отбасыларына аудан басшылығы колхоз ұжымының атынан көп көмек ұйымдастырған.
1942 жылы армия отбасыларына 50 тонна бидай, 112 центнер ірімшік, 680 килограмм сары май берілген. 1944 жылды аудан еңбеккерлері үлкен үмітпен қарсы алды. Майдандағы ұрыстар Кеңес Одағының пайдасына шешіле бастады. Соғыс алдында басталып, тоқтап қалған «Ынталы» каналының құрылысын жүргізу одан әрі жалғастырылды. Оған ауданның 48 колхозының адамдары қатысты. Осы жылы ауданға атқару комитетінің төрағасы болып Шабдан Байбатшаев келген еді. Барлық болмыс-бітімі ізгіліктен жаралған осынау азаматтың аты аудан тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Оның аудан экономикасын, мәдениетін, әлеуметтік саласын дамытуға қосқан үлесі зор. Өзі бас болып көптеген азаматтарды Алматыда оқытты. Олардың барлығы кейін әр саланың айтулы мамандарына айналып, ірі мекемелерді ойдағыдай басқарды.
Сыйымдылығы 7 миллион текше метр «Ынталы» су қоймасының құрылысы 1947 жылы аяқталды. Сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ізмұқанбет Еділбаев каналдың ашылу салтанатында ұсыныс жасап, осы су қоймасының атын қойдырған болатын.
1945 жылы аудандағы қой-ешкі саны 97 мыңға жетті. 1946 жыл нағыз бейбіт еңбек қызған кез болды. Аудандағы қой-ешкі саны 260 мыңға жеткен еді. Малдың осынша қарқынмен өсуінен жазғы жайылым тарлық ете бастады. 1948 жылы Арқа жайлауына 20 мың қой-ешкі, бір мың жылқы, мүйізді ірі қара шығарылды. Сол жылы мемлекетке өткізілетін ет жоспары асыра орындалып, ауданға үлкен табыс әкелді. Осы уақыт арасында аудан тарихында тұңғыш рет «Қызыл Ту» колхозының шопаны Сағындық Кенжебаев 1948 жылдың 23 шілдесінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығы бойынша «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды.
Бұл кезең аудан еңбеккерлері үшін ерекше табысты жыл болды. 1948 жылы Сарыарқа, Бетпақдала жайлауында баққан малдарының жалпы өнімдері, көрсеткіштері жоғары деңгейге жетті. Сол көрсеткіштер негізінде ауданның 15 майталман малшы, бақташы, шопандарына КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1949 жылғы 12 шілдедегі Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді.
1950 жылы аудандағы 39 колхоз ірілендіріліп, 11 колхозға біріктірілді. Колхоздардың ірілендірулері олардың күш-қуатын біршама арттырды. Бұл жылдары колхоздарға техникалық және ұйымдастыру жағынан жәрдем көрсету үшін ауданда машина-трактор стансасы құрылды. Бұл станса колхоздар совхозға айналғанша шаруашылықтарға айтарлықтай қызмет етті.
1954 жылы елімізде тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталды. Соның бір айғағы бұрынғы «Үшбас», «Арыстанды», «Қаратас» және Жданов атындағы колхоздар негізінде құрылған «Түркістан» астық совхозы еді. Оның алғашқы іргетасын Түркістан әскери округінен келген солдаттар қалап, 2 пәтерлік 6 үй, 4 пәтерлік 12 ағаш үй тұрғызып, бір көше салып берген. Сондықтан да совхоз аты Түркістан атанған. Совхоздың алғашқы директоры, тәжірибелі басшы Валентин Струков болды. Колхоздардың экономикалық жағдайлары жақсара түсті. Барлық колхоз орталықтары автономды электр жарығымен қамтамасыз етілді. 1957 жылы аудан өмірінде үлкен жаңалық болды. Бұрынғы 11 колхоз ірілендіріліп, 6 жаңа совхозға топтастырылды. Олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды.
1958-1959 жылдары аудандағы мал басы едәуір өсті. Қой-ешкі 240 мыңға жетіп, мүйізді ірі қара 13 мыңнан асты. Аудан бойынша бір радио торабы жұмыс істеп, оның нүкте саны 1 244-ке жетті. Орталықта жаңа монша іске қосылды. 1959 жылы «Коммунар» совхозының орталығынан әсем мәдениет үйі ашылды. 1960 жылы аудан бойынша 286 трактор, 125 комбайн, 233 автомашина, 117 жүк машинасы жұмыс істеді.
1960 жылы ауданның бірінші басшысы болып Матай Шорабеков келді. Ол өте талапшыл, қатаң тәртіп иесі еді. М.Шорабеков аудан экономикасында қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерді шеше алды. 1963 жылы КСРО мемлекетінің бірінші басшысы Никита Хрущев жүргізген өзімбілермендік, волюнтаристік саясаттың салқыны шалғайдағы Сарысу ауданын да шарпып өтті. Сарысу мен Талас ауданы қосылды. Бұл жай аудан халқына оңай тиген жоқ. Ауданның бір топ белсенді азаматтары үздіксіз дабыл қағып, жоғарғы басшылық алдында Сарысу ауданын қайтадан қалпына келтіру мәселесін қозғады. Осы күрес өз нәтижесін беріп, 1967 жылы Сарысу Талас ауданынан бөлінді. Қайтадан құрылған ауданның құрамына көршілес Мойынқұм ауданына қарасты «Сарысу», «Жайлаукөл», «Қамқалы» совхоздары енгізілді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына Ұзақбай Сыздықбаев, аудандық атқару комитетінің төрағалығына Қырықбай Асановтар келді. Бұлардың барлығы ауданның байырғы түлектері еді. Сарысу ауданының экономикалық жағынан өсуінің, мәдениетінің көркеюінің қарқын алуы осы жылдардан басталды.
Мал шаруашылығы саласында Ошақбай Үйсінбаев, Рақышев, Алтаев, Серік Елубаевтар рекордтық көрсеткіштерге жетсе, Сағат Сәкенова, Әсем Мұздыбаевалар техника тізгінін берік ұстады.
Көкөніс шебері Тамдыкүл Жамбылова «Социалистік Еңбек Ері» атанды. Рым Ақынбаева, Сағат Сәкенова, Шолпан Бұқарбаева, Күлпан Түлкібекова, Серікбай Бейсенбаевтар Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары болды. Бұрынғы жабылып қалған «Социалистік шаруа» газеті 1967 жылдың маусым айынан бастап «Октябрь таңы» деген атпен қайтадан шыға бастады. Оның редакторлығына айтулы, тәжірибелі журналист Төкен Мақашев тағайындалды.
1968 жылдың соңында күш алған қаһарлы қыс 1969 жылғы наурыз айының ортасына дейін созылып, ауданымыздың мал шаруашылығына орасан зиян келтірді. 1983 жылы ауданда ауа райы аса қолайлы болып, мол егін шықты. Аудан бойынша мемлекетке 33 мың 270 тонна астық өткізіліп, төрт жылдық жоспарды бір-ақ жылдың ішінде орындап шықты. Бұл жылдары ауданда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, 23 553 шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл кезде ауданымыздың бірінші хатшысы Асанбай Нұркенов болды.
1985-1990 жылдары аудан экономикасында жаңа серпін пайда болды. Кері кете бастаған мал шаруашылығында ілгерілеушілік байқалды. Бұл жылдары ауданды Торғаев, Солтыбаев жолдастар басқарған еді. Әлеуметтік, мәдени салаларда оң өзгерістер белең алды. Ауданда жаңа екі орта, бір сегізжылдық мектеп іске қосылды. Мәдени ошақтар саны көбейді. Аудан орталығында 150 орындық сәулетті аурухана кешені іске қосылды. 1991 жылы еліміздің егемендік алуы қоғам өміріне елеулі өзгерістер әкелді. Алып Одақтың бір-ақ сәтте ыдырап, бұрынғы қалыптасқан экономикалық жүйенің күйреуі мемлекетімізге көп қиыншылық алып келді. Еліміз егемендік алғаннан кейін басқару құрылымы өзгерді. Сарысу ауданының алғашқы әкімі болып басқару саласында ысылған Әбідманап Көпбергенов тағайындалды. Дегенмен, аудан халқы жаңа жағдайға біртіндеп бейімделе бастады. Жаңа меншік түрлері дүниеге келді. 1997 жылдың 15 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен кеншілер қаласы Жаңатасқа аудандық бағыныстағы қала мәртебесі берілді. Ол Сарысу ауданының орталығы болып бекітіліп, бұрынғы аудан мен қала әкімшілігі біріктірілді.
Ауданның жаңа әкімі болып Дүйсенбай Тұрғанов тағайындалды. Оның өтпелі кезең қиындықтарын жеңу үшін көп тер төгуіне тура келді. Бұл кездері қолдан-қолға өткен «Қаратау» комбинатының кеншілері көп қиыншылықтарды бастан өткерді.
Әрине, осы бір күрделі кезеңдерде қордаланған мәселелерді шешуге Қазақстан Үкіметі көп күш салды. Жаңатасқа Үкімет басшылары Нұрлан Балғынбаев, Балташ Тұрсынбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Өмірзақ Шөкеевтер келді. Жаңатаста фосфор кенін өндіретін кәсіпорындардың жұмыстарында да ілгерілеушілік өте баяу жүрді. Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай халықтың әлеуметтік жағдайы азды-көпті оң арнаға түсе бастады.
1999 жылы аудан әкімі болған Серғали Айдапкелов көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне, экономиканың оң бағыт алуына үлкен ықпал жасады. 2001 жылы Жаңатас қаласында №5 кәсіптік-техникалық мектеп қайта ашылды. Ауданда бұрын жабылып қалған бес кітапхана өз оқырмандарына есігін айқара ашты. 2004 жылы Сарысу ауданының әкімі болып тағайындалған Болат Мәдікенов бұл қызметті алты жылдай атқарып, абыройлы еңбек етіп, ауданның ілгері дамуына өзіндік үлесін қоса білді.
2006 жылы 12 пәтерлі үй пайдалануға берілсе, 2007 жылы жалпы көлемі 2 552 шаршы метрлік 60 пәтерлі тұрғын үйге азаматтар қоныстанды. Шоқай датқа мектебінің жаңа ғимараты да оқушыларына есігін ашты. Ауданда орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту барысында осы нысандар 873 миллион теңгенің өнімін өндірді. 2007 жылы аудан бойынша шағын және орта шаруа қожалықтарының саны барлығы 1 675 нысанды құрады. Онда 5 140 адам еңбек етті.
Аудан эконо­микасы мен оның әлеуметтік әлеуеті жыл сайын артып келе жатты. Өңірде цемент, арматура, кірпіш зауыттары жұмыс істеді. 2007 жылы аудан бойынша 2 миллиард 656 миллион теңгенің өнімі өндірілді.
2009-2010 жылдары Бекболат Орынбеков аудан әкімі болып қызмет атқарды. Ол бір жыл ішінде ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды істерді жүзеге асырды. 2010-2012 жылдары аудан әкімі болған Жангелді Омаров өте талапшыл болып, маңызы бар бірталай мәселелерді бір арнаға жүйелей алды. 2012-2015 жылдары әрі жас, әрі еңбексүйгіш азамат Қанатбек Мәдібек аудан әкімі болып қызмет атқарды. Ауданымыздың заманауи ағымына қосылуы үшін тер төгіп, аянбай еңбек етті. 2015-2016 жылдары ауданымызға Бейбітбек Жайлыбаев басшылық етті. Ол азамат та қолынан келгенінше өңіріміздің өркендеуіне өз үлесін қоса білді.
Қазақстан химия өнеркәсібінің алыбы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені өзінің 72 жылдық тарихында даңқты жолдан өтті. Осы өндіріс кешенінің дамуына аса зор үлес қосқан өндіріс қайраткері Анатолий Иванович Шеин. Оның есімі комбинат тарихында өшпес із қалдырды. Александр Недогон, Сүйінбек Түйтебаевтар да өндіріс алыбының дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Қазіргі басшы Мұратқали Сәрсенов те өндіріс кешенінің өнімді жұмыс істеуіне үлкен күш жұмсап отыр. Сондай-ақ, ол басқарған кәсіпорын тарапынан ауданға, қалаға көрсетілер көмектің қолдаушысы болып келе жатқандығы қуантады.
Ресейлік «Еврохим» минералды тыңайтқыштар компаниясы да ауданның экономикалық әлеуетінің артуына қомақты үлес қосатындығы сөзсіз. Қарт Қаратаудың оңтүстік-батыс баурайында қоныс тепкен алып зауыттың екінші кезеңі 2019 жылдың соңына қарай іске қосылмақшы.
2016 жылдан бастап Сарысу ауданының әкімі болып Балабек Нарбаев жемісті қызмет атқарып келеді. Былтыр аудандағы өнеркәсіп кәсіпорындары 19 миллиард 164 миллион теңгенің өнімін өндірді. 2018 жылдан бастап қалаға үздіксіз ауызсу беріле бастады.
Ал, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 24 миллиард 70 миллион теңгені құрап, облыс бойынша 3-орыннан көрінді.
Жаңа типті қосқабатты Досбол орта мектебі, «Болашақ» балабақшасы, шағын спорттық алаңдар, көпқабатты бірнеше үйлер халық игілігіне берілді. Жаңа жұмыс орындары ашылды. «Асыл тұз» кәсіпорны халықаралық стандартқа сай өнім өндіре бастады. Қаланы абаттандыру жұмысы кең өріс алды. Сарысу ауданының соңғы рейтингте бірінші орын алуы да тектен -тек емес.
Тарихы бай, шежірелі өлке Сарысу тек экономикалық әлеуетімен ғана емес, өзінің рухани әлемімен де бай өлке. Қаратау баурайында туып, халқы үшін тер төккен тұлға Шоқай датқаның ізгі істері сарысулықтардың есінде жақсы сақталған. 2001 жылы тарихи тұлғаның 200 жылдық мерейтойы ауданда кеңінен аталып өтіп, оған еңселі ескерткіш орнатылды. Қорқыттан кейінгі қобыз үнін халыққа сырлы сазбен қайтарған Ықылас Дүкенұлы – халқымыздың ұлы мақтанышы. Сол кездегі аудан әкімі Болат Мәдікенов тапсырыспен жасатқан ұлы қобызшының шабытқа толы қалыпта бейнеленген үлкен ескерткішіне облыс әкімі Бөрібай Жексенбин үлкен ықылас қойып, қобыз абызының туғанына 165 жыл толуына орай, Тараз қаласының көрікті жеріне орнатылды. Ол ескерткішке Елбасымыздың өзі келіп, арнайы тағзым етіп, гүл қоюы сарысулықтардың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатты. Көне Қаратау баурайында, Шабақты өзенінің жағасында дүниеге келген жампоз ақын Майкөт Сандыбайұлы, әрі күйші, әрі жырау Мәді Шәутиевтердің рухани мұрасы көпке өнеге болуға лайық. Сарысулықтар даңқты актер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстан және Қырғызстан республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, композитор, жазушы Ілия Жақанов, ақын-жазушылар Балтабай Адамбаев, Дулат Шалқарбаев, Тынышбай Рақым, Берік Шаханов, Маралтай Ыбыраев, Әбді Шынбатыров, Әлия Бөпежанова, Бейбіт Қойшыбаев, Кәрібай Ахметбеков, Қали Сәрсенбай, Болатбек Төлепберген, әншілер Амангелді Сембин, Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева, Гауһар Қаспақова, сазгер Төлеу Үшқоңыров, өнер тарландары, ағайынды Дулыға, Саян Ақмолдалар, ғалымдар Өскенбай Аяпов, Әбдеш Қалмырзаев, Құралбек Құлажанов, Сағындық Ордабековтермен мақтана алады.
Бәрімізге белгілі, әрбір күн өткен сайын ол тарих еншісіне айналады.
Әке-шешелеріміз бен ата-аналарымыздың тар жол, тайғақ кешіп жүріп, іргетасын қалаған ауданымыздың кемел келешегі бүгінгі, ертеңгі ұрпақ қолында екендігін ұмытпағанымыз жөн. Тарихы шежірелі, тағдыры тағылымды, тал бойына сандаған жылдардың табы ұялаған Сарысу аты өзінің құнарлы қасиетімен ұрпақтар санасында қастерленіп сақтала беретіндігі даусыз.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Сарысу ауданы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.