Қостанайлық «Тобыл» еурокубокқа 7 жылдан кейін оралды

Бүгін, 10 шілдеде футболдан Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңі басталады. Қостанайдың «Тобылы» Грузияның «Самтредиа» командасымен сырт алаңда алғашқы ойынын өткізеді.

Грузиялық клуб 1936 жылы құрылған. Команда өзімен аттас қала намысын қорғайды. Қазірге дейін «Локомотив», «Самтредиа», «Джуба», «Иберия» секілді атауымен жанкүйерлерге жақсы таныс. 2016 жылдың күзгі маусымында өз елінде чемпион атанды. 1994/1995, 2015/2016 жылғы маусымдарда грузия біріншілігінің күміс жүлдегері болды. Команда еурокубок ойындарында көп бой көрсете бермейді. 1995/1996 жылдарда УЕФА кубогының іріктеу кезеңінде Македонияның «Ваардар» клубымен кездесіп, екі ойында да 0:1; 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Одан кейін мұндай бәсекеде 2015/2016 жылдары ел намысын қорғады. Сол жылы Әзербайжанның «Габала» клубынан өз алаңында 2:1 есебімен басым түскенімен, сырт алаңда 1:5 есебімен есе жіберді.  Ал 2016/2017 жылғы маусымда олар Әзербайжанның «Карабах» клубымен Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде жасыл алаң төрінде шеберлік байқасып, қос кездесуде 0:1, 0:5 есебімен жеңілді.

Әр жылдарда команда құрамында жанкүйерлерге белгілі футболшылар ойын көрсетті. Олардың қатарында Тариэл Двалишвили, Девис Дарджания, Пируз Кантеладзе, Гиви Бабанидзе, Тимур Дзагнидзе, Сергей Швецов секілді саңлақтар бар.  Сондай-ақ, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Заза Джанашия, Давит Джанашия, Кахабер Гогичашвили, Михаил Джишкариани, Георгий Дараселия, Зураб Ионанидзе, Георгий Джишкариани, Григол Чантурия және өзге де тәжірибелі футболшылар команда намысын қорғады.

Букмекерлік кеңселер қазақстандық клубтың жеңісіне басымдық беріп отыр. Олардың көбісі «Тобыл» басым түседі деген сенімде. Бірақ, оның қалай боларын жасыл аалң төріндегі бәсеке көрсете жатады.

Айта кетелік, «Тобыл» 2011 жылдан бері еурокубок ойындарына қайта оралып отыр. Қостанайлық клуб  2003, 2007 жылдарда Интертото кубогында сынға түссе, УЕФА кубогында (2009 жылдан бері Еуропа лигасы) 2006-2010 жылдар аралығында сынға түсті. Ал 2011 жылы Чемпиондар лигасында ел намысын қорғап, Чехияның Братислава қаласының «Слован» клубымен кездесті. Олармен өз алаңында 1:1 есебімен тең ойнап, сырт алаңда 0:2 есебімен есе жіберді.

«Тобыл» өткен жылы ел біріншілігінде үшінші орын алған Шымкенттің «Ордабасы» клубының орнына еурокубок ойындарында сынға түсетін болып шешілді. Қазақстан футбол федерациясы «Ордабасы» клубы бірқатар талаптарды орындамауына байланысты олардың орнына «Тобылды» Еуропа лигасына қатыстыруға шешім қабылдады.

Бұл ойын Астана уақытымен 22.00-де басталады. Ойын Грузия жерінде өтеді.

Сондай-ақ, Еуропа лигасында еліміздің атынан сынға түсетін Алматының «Қайраты» Андорраның «Энгордань», Павлодардың «Ертісі» Литваның «Тракай» клубтарымен 12 шілдеде сырт алаңда кездеседі. Ал Чемпиондар лигасының бірінші ірктеу кезеңінде «Астана» Черногорияның «Сутьеска» клубын 11 шілдеде өз алаңында қабылдайды.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.