Ең, ең, ең… | arainews.kz

Ең, ең, ең…

233

Тараз қаласы орта ғасырда сауда-саттықтың ғана емес, сәулет пен өнердің, білім мен ғылымның орталығы болды. Елімізде ғана емес, Орта Азия елдерінің ішіндегі ең көне шаһарлардың біріне баланған Тараз сол дәуірде-ақ талайды таңқалдырған. Тарихы тереңге бойлаған абыз қаламыз жастармен бірге жаңарып келеді. Осы орайда, қала күні қарсаңында  шаһар туралы ең қызықты деректерді оқырман қауымға ұсына отырмыз.

         Ең ұзын көше…

         Қаламыздағы ең ұзын көше – Төле би көшесі. Оның ұзындығы 8,4 шақырымды құрайды. Кеңестік кезеңде «Коммунистический», патша дәуірінде Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы К. П. фон Кауфманның есімімен аталған. 1996 жылы Төле би болып көше атауы қайта өзгертілді.

 

Ең алғашқы бақ…

         Қаладағы ең алғашқы саябақ — Т. Рысқұлов есімімен аталады. Жалпы, Тараз қаласындағы алғашқы саябақтың тарихы туралы 1900 жылы Петербургтен шыққан «Үлкен энциклопедияда» «Қоғамдық бау» ретінде айтылады. Ол бау уезд бастығының иелігінде болып, жергілікті бай-манаптарға арналған еді. КСРО кезеңінде    В. И. Ленин аты берілген саябақ 1995 жылы қоғам қайраткері Т. Рысқұловтың есімін алады.

 

         Ең алғашқы мешіт…

         Қаламызда ғана емес, еліміздегі ең алғаш ашылған мешіт —  «Ерте Ислам дәуірінің мешіті». Ол Тараздың ортағасырлық үлкен жолының бойында орналасқан. Бұқара тарихшыларының айтуынша, аталған мешіт Тараздың ұлы қағандары, хандары, билеушілері құлшылық еткен мешіттерінің бірі болуы мүмкін.

 

         Тараздың тұңғыш әкімі…

         Тараз қаласының ең алғашқы әкімі – Алдияр Түсіпов. Ол 1992-1995 жылдары бұрынғы Жамбыл қаласына басшылық еткен. Ал, 2015 жылдан бастап Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

Ең ұзын ескерткіш… 

         Қаладағы ең ұзын ескерткіш «Қазақ хандығы» монументі. Қаланың батыс жағынан  кіреберісінде орналасқан монумент қазақ мемлекеттілігінің тарихи маңызын айшықтап тұр. Мүсіндік композицияға ақ мәрмәрдан жасалған 27 метрлік стела және Керей мен Жәнібек хандардың 5 метрлік мүсіндері кіреді. Олар      өскелен ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеп қана қоймай, Қазақ хандығы тарихының тереңде жатқанын айғақтайды.

 

         Алғашқы ашық аспан музейі…

         Тараз жеріндегі алғаш рет ашылған ашық аспан асты музейі «Ерте Ислам дәуірінің мешіті» (IX-XІІғғ.) және қосалқы салынған «Керуен сарайы» (VIII-XII ғғ.). Керуен сарайы (VIII-XII ғғ.) ерте Ислам дәуірінің мешітіне қарама-қарсы орналасқан ғимарат. Құрылысы архитектуралық тұрғыдан бір кешенді. Қазба жұмыстары кезінде табылған заттар (монеталар, қыш-құмыра бұйымдары және т.б.) мен құрылыс орнының ерекшеліктері оның VIII-XII ғғ. аралығында болғанын айғақтайды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.