Таулы өңірдегі Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу кезінде аудан әкімі Олжас Қаржауов осылай деді.
Олжас Есалханұлының кезекті еңбек аптасы қарбалас басталып, аптаның алғашқы күні таулы өңірдегі екі округті аралап шығып, ондағы ел-жұрттың жағдайымен, әлеуметтік-мәдени объектілердің жұмысымен танысты.
Алдымен Боралдай ауылдық округінің Ертай ауылындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектепке аялдаған аймақ басшысын білім ордасының тыныс-тіршілігімен аудандық білім бөлімінің басшысы Нәзиля Тұрмаханбетова таныстырды. Типтік екі қабатты ғимаратта орын тепкен орта мектеп алты жыл бұрын пайдалануға берілген. Мектепте 120 оқушы оқыса, оларға 34 мұғалім дәріс беруде. Сыныптардың барлығы штаттық режимде білім алуда. Олжас Есалханұлы ауылға газ кіргізілген жағдайда, мектепті құбырына қосу үшін техникалық шартты күнібұрын әзірлеуді, карантин жағдайында оқушылардың денсаулығына жіті қарау қажеттігін ескертті.
Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектептен босаған ескі ғимаратты ауыл жастары күш біріктіріп, қысқа мерзімде жөндеуден өткізген. Мұнда ауыл тұрғындары бір мезгіл бой жазатын демалатын орынға айналдырғысы келеді. Осы мақсатта, бокс залы жабдықталған, басқа да спорттық құрал-жабдықтар жеткізілген. Ендігі мақсат, ғимаратты мемлекеттік мекеме теңгеріміне алу, жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін штат бірлігін ашу. Аудан әкімі Олжас Қаржауов ғимаратты аралап көріп, жастардың бастамасына ризашылығын білдірді.
Абай атындағы орта мектептің ғимараты 2016 жылы пайдалануға берілген. Жаңа типтік ғимаратта орналасқан мектепке су жүйесі тартылмаған. Мұндай олқы жағдай ауылдағы әлеуметтік-мәдени объектілердің бәріне тән. Тұрғындар құрылысы былтыр басталған ауыз су құбырына, ауылдың шетіне іліккен магистралды газ құбырына көп үміт артып отыр.
Аудан әкімі Олжас Қаржауов мұнда да тиісті сала басшыларына ауылға газ кіргізілген жағдайда, аталған мекемелерді газ құбырына қосу үшін техникалық шартты күнібұрын әзірлеуді, карантин жағдайында оқушылардың денсаулығына жіті қарау қажеттігін ескертті.
Аймақ басшысының Қошқарата ауылдық округіне жұмыс сапары ауылдық мәдениет үйінде тұрғындар жиналысымен қорытындыланды. Жиында тұрғындар сөз алып, ауыл тұрмысына қатысты бірқатар мәселелерді, атап айтқанда Бауыржан Момышұлы-Қызтоған бағытындағы облыстық мәндегі автомобиль жолын Ертай ауылының тұсынан бері қарай жалғастыру, тозығы жеткен ауыл көшелерін жөндеу, Интернет байланысының сапасының нашарлығы, қар тосқауылдарын орнату мәселелерін қозғады.
Жиында айтылған ұсыныстар мен тілектерді мұқият тыңдаған Олжас Есалханұлы оларға білікті, қанықты жауап бере келе, тұрғындарды ауылдың келешегі үшін бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. Ол өз тарапынан халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында кез келген бастамаға қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.
Алдыңғы