Халқының қамқоры еді | arainews.kz

Халқының қамқоры еді

218

1973 жылы университетті тәмамдап, Қайырбек «Лениншіл жас», мен «Қазақстан пионері» газетіне жұмысқа орналастық. «Лениншіл жастың» редакторы Сейдахмет Бердіқұлов еді. Пионерлердің газетін Фариза Оңғарсынова басқаратын. Ақын апайыма жақындау мақсатымен барғанымды сезген сергек ақын мені ылғи да тұлғалардан сұхбат алуға жіберіп отыратын. Бірде: «Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы бізге мақала жазыпты, соны алып кел» деп мені жұмсады. Редакциядағы жігіттердің біреуі: «Сен Жазушылар одағына өткің келіп жүр еді ғой, өтініш жазып ала кетсейші» деді. Мен дәл солай жасадым. Арада біраз уақыт өткенде қызметтесім Алпысбай: «Күләш, бүгін одаққа жаңа мүшелер қабылдап жатыр екен, Шерағаңнан білсейші», деп маған ол кісінің телефонын берді. Өзі жуалылық болған соң ба, ағаға еркін кіріп-шығып жүретін. Мен терең ойланбай-ақ телефонға қоңырау шалдым. Ар жағынан шыққан дауысқа аты-жөнімді айтып, «Мен Жазушылар одағына өттім бе?» деп тікелей сұрақ қойдым. Ол кісі маған қатқыл дауыспен: «Бұл жер өтініш жазғанның бәрін өткізе беретін тобықтан келетін жайдақ су емес, одаққа өту үшін танымалдық керек, кітап керек!» деп аямай бетімді қайтарып тастады. Жазушы ағамен алғашқы таныстығым осылай басталған. Айналасы бірер жылда кітап та шықты, одаққа да өттік. Сейдахмет ағай мен Фариза апай қосылып пәтер алуымызға да көмектесті.
Біз жаңа қонысымызға Қалтай Мұхамеджанов, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Фариза Оңғарсынова, Бексұлтан Нұржекеев сынды қаламгерлерді жұбайларымен шақырдық. Шерағаның үйіндегі Мәрия әпкенің бізге жақын туыс екенін елде жүріп естігенмін. Мәрия әпкеміз біздің табыстарымыз үшін қатты қуанып, кезегінде үлкендер де үйлеріне шақырды. Кейінірек Қайырбек «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке тұрды.
Жазушы ағамыздың тік мінезінің тасасында батырлықтың, турашылдықтың, әділеттіліктің, жанашырлықтың тұратынына кейінірек көз жеткіздік. Кеңестік кезеңнің өзінде тәуелсіз ойлардың иесі бола білген Шераға еліміз егемендік алғаннан кейін бүкіл қажыр-қайраты мен ақыл-ойын ұлт мүддесіне арнады. Өзінің мақалалары мен сұхбаттарында халықтың қадір-қасиетін, мұң-мұқтажын тебірене жазып, теңдікке шақыра білді.
Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы ретінде де сан жылдар бойы қордаланған көкейкесті мәселелерді қозғаумен бірге жас таланттарға үлкен қамқорлық танытып отырды. Көрнекті қайраткер ретінде қасірет шеккен халқының маңдайы жарқырап, әлемдік қауымдастықтың алдыңғы шебінде айбарлы да айбатты ұлтқа айналып, жер-жаһанға танылса екен деген арман-мақсатқа қызмет етті деп ойлаймыз. Қазақ халқы Мәңгілік Ел болып, ұлы мұраттарға жететінінен бүгінгі ұрпақтың үміті мол.
Алла күздің шуақты бір күнінде дүниеден көшкен ардақты ағаның алдынан жарылқасын. Елі, жұрты, ұрпағы өркенді өмір кеше берсін!

Күләш АХМЕТОВА, ақын,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.