Қазақстанда туберкулезден емдеу ақылы бола ма | arainews.kz

Қазақстанда туберкулезден емдеу ақылы бола ма

172

Медициналық сақтандырудың болмағандығына қарамастан туберкулезден емдеу тегін болып қала береді. Бұл туралы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов айтты.

«Мемлекет барлық азаматтарға туберкулезден емдеу, диагностикалау және оның алдын алуда кепілдік береді. Бұл ретте мемлекет барлық шығындарды жабады. Осылай болды, әлі де солай және бола да бермек. Біздің заңнамамыз тіпті Қазақстанның азаматы болып саналмайтын мигранттарға да тегін емделуге мүмкіндік береді. Себебі ел басшылығы мигрантты емдеп, аурудың таралуына жылдам тосқауыл қою жеңіл екендігін түсінеді», — деді ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференциясы аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Директордың айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін де туберкулезден емдеу тегін болып қала береді.

«Тәуекел тобына халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаты кіреді. Әлеуметтік жағдайларына байланысты олардың денсаулық иммунитеті төмен болады. Мәселен, АИТВ (ВИЧ) жұқтырғандарды алар болсақ, олардың иммунитеттері төмен және соған байланысты туберкулез ғана емес өзге де ауруларды жұқтыру тәуекелі жоғары. Тұрғылықты мекенжайлары жоқ маскүнемдер арасында да туберкулез жиі кездеседі. Туберкулез ауа арқылы жұғады», — деді Мәлік Әденов.

Бұған дейін ол соңғы 10 жылда Қазақстанда туберкулезден қаза табатындардың саны 5,6 есеге азайғанын айтқан болатын.

Айта кетейік, кеше елордада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференциясы басталды. Халықаралық жиын қатысушыларына Елбасы Н.Назарбаев видеожолдау жолдады.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.