Қазақстанда автобустар мен техникаларды құрастыруға 26 млрд теңге бөлінбек | arainews.kz

Қазақстанда автобустар мен техникаларды құрастыруға 26 млрд теңге бөлінбек

196

ҚР ИДМ-нің қолдауымен Қазақстандағы автокөлік құралдары паркінің ескірген техникаларын жаңғыртудың кешенді жоспары аясында мемлекет автобус, комбайн мен тракторларды жалға алған заңды тұлғаларды және жеке кәсіпкерлерді қаржыландыру үшін ақша бөлетін болды. Бұл бағдарламаның операторы ретінде «ҚДБ-Лизинг» АҚ жұмыс істейді.

Қазақстан автобизнес қауымдастығынан хабарланғандай, бүгінгі күні еліміздің автобус паркінің 65 пайызы 7 жылдан асқан автобустардан тұрады. Ал ауыл шаруашылық техникалар паркінің тозуы күрделі деңгейге жеткен: тракторлар 86, комбайндар 72 пайызға ескірген. Алғашқы екі жылда шамамен жиыны 700 автобус, трактор мен комбайнды, ал алдағы 5 жылда мыңнан астам техниканы жаңарту көзделіп отыр.

«ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы комбайндар мен тракторларды сатып алуды қаржыландыратын, жылына 7 пайыздан аспайтын пайыздық мөлшерлеме бойынша автобустарды сатып алуды қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыру — үлкен жеңілдік. Бастапқы жарна 15 пайыз болып бекітілсе, лизинг мерзімі 7 жылға дейін болмақ. Сондай-ақ, 6 айға дейін жеңілдік мерзімі қарастырылған.

«Бағдарлама аясында барлығы 26 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Онын ішінде 13 млрд теңге бюджет есебінен болса, қалған 50 пайызы — коммерциялық қаржыландыру. Аталған сома «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы Қазақстанда өндірілген отандық өндірісті қайтарымды негізде қаржыландыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, 6 млрд теңге экономиканың агроөнеркәсіп секторының субъектілеріне бөлінсе, 20 млрд теңге отандық автобустарға арналған», — делінген Қазақстан автобизнес қауымдастығының хабарламасында.

Қарыз алушыларға «СарыаркаАвтоПром» ЖШС, «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «Комбайн зауыты «Вектор» АҚ, «СемАЗ» ЖШС, Hyundai Trans Auto мен Daewoo Bus Kazakhstan ЖШС кәсіпорындары өндіретін ауыл шаруашылық техникалары мен автобустары ұсынылмақ.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.