Қазақ қызының «хиджабы» – өзінің ар-ұяты | arainews.kz

Қазақ қызының «хиджабы» – өзінің ар-ұяты

173

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды», деп соқырға таяқ ұстатқандай атап көрсетті. Көңілге көлеңке түсіргісі келетін мәселеге көзді ашып қарасақ, игі Ислам дініміздің ең басты құндылығының бірегейі – білім алу. Тіпті, діннің өзінің терең ілімнен ғана бастау алатыны мойындалған шындық. Ал, білім кез келген адамзат баласына дұрыс өмір сүру үшін қажет. Қасиетті Құран да адамзатқа ғазиз ғұмырдың ғылымы ретінде түскен болатын. Құранның ең алғашқы аятында да «Оқы! Жаратқан Алланың атымен оқы!» деген адами міндеттер тайға таңба басқандай көрсетілген. Яғни, дана дініміз білім мен ғылым жолын жалғыз Жаратушымызға деген махаббатымыздың мәңгілік мотивациясы тұрғысында жоғары бағалайды. Өкініштісі, қазіргі таңда материалдық игіліктер рухани құндылықтардың мысын басып, еңсесін езіп тұрғаны жасырын емес. Сол секілді сенің адал мұсылмандығың да жан тазалығы, ниет нұрына емес басыңдағы шүберек (хиджаб) пен шолақ шалбар, шоқша сақалға қарап бағаланатын болды-мыс. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, бұл мәселеге бесігінен белі шықпай жатып белсенділік танытып отырған жастардың жайы алаңдатады. Себебі, соңғы кездері еліміздің түкпір түкпіріндегі білім ошақтарында хиджаб киген өрімдей жастардың өріп жүргені өзекті мәселені өршіте түскендей.

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 47-бабының 15-1-тармағына сәйкес, орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Сонымен қатар, осы Заңның 49-бабы 2-тармағы 7-тармақшасына сай, ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауы керектігі нақты көрсетілген. Ал, «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 409-бабы 2-тармағында ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің ҚР-ның білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы он айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғатыны айтылған. Осыған қарамастан баласын оқытудан бас тартып, білімнен шүберекті бағалы еткен ата-аналар облысымызда да бар болып шықты.
Бұл ретте хакім Абайдың «Құдайшылық – жүректе. Қалпыңды таза сақта!» деген терең мағыналы тұжырымы еріксіз еске оралады. Ұлы Отан соғысында ел басына күн туған сәтте құшақ гүлін қаруға алмастырып, ел қорғаған Әлия мен Мәншүктер, азаттық жолында алаңға шығып, қыршыннан қиылған желтоқсан жауқазындары Сәбира мен Ләззаттарды хиджаб кимегені үшін кінәлай алмаймыз ғой. Себебі, олардың ар тазалығы тарихқа таңбаланып, шежіреге шегеленген жоқ па? Ал, хиджаб пен ақ жаулықтың арасы жер мен көктей. Ендеше, хиджабтың өзі бізге сырттан келген қысқа етек пен жыртық шалбар, жезтырнақтық стильдегі келімсек мода іспетті дүние еместігіне кім кепіл? Әйтпесе, сәукеле киіп, шолпы таққан нағыз қазақы болмыстан араб шүберегінің несі артық? Дәл осы тұста даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі» деп айтқан ащы да болса ақиқаты кеудеде менмұндалайды.
Ақордада өткен журналистермен басқосудың бірінде Елбасы дәл осы мәселеге қатысты: «Бұрын да айтқанмын, қазір де айтайын. Қазақтың қыздары, жалпы әйел азаматтары еш уақытта бетін бүркемеген. Қыздарымыз бұрымын желбіретіп, шолпысын сыңғырлатып жүретін. Біздің аналарымыз батыр болған. Ерлерінің жанында жүріп соғысқан. Сонша ғасырлық тарихымызға, дәстүрімізге қарамай бүгін басқаша жолға түсеміз бе? Ол біздікі емес. Ол салтымызды бұзады. Сондықтан, жастарға осылардан аулақ болыңдар деймін», – деп жүрек сөзін жанашырлықпен жеткізген болатын. Осы орайда, жаңа оқу жылы қарсаңында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев хиджаб киетін оқушылар жайлы: «Мектептерде хиджабқа тыйым салынған. Біздің позициямыз өзгерген жоқ. Балаларды бөлек оқытуға қатысты айтарым, бөлек және діни оқытуды шатастырмаңыздар. Оқыту түрі қандай болмасын, мектеп бағдарламасы бір. Мектептерде кез келген оқу мемлекеттік жалпы білім беру стандарттары аясында, біз қабылдаған бағдарламалар бойынша жүргізіледі. Қоғам бұған түсіністікпен қарайды деген үміттеміз», – деп бұл мәселенің баршаға ортақ екенін айтқан болатын. Алайда, секем туғызар мәселе сейілер емес. Білгеніміздей, аймақтағы 39 мектепте 94 оқушы хиджабпен келіп, білім алуда екен. Жергілікті жердегі білім бөлімдерімен байланысқанымызда, жаңа оқу жылының басталғанына санаулы ғана күн өтсе де басындағы хиджабты шешуден бас тартып, жекеменшік білім беру мекемелеріне ауысып кеткен оқушылар да бар көрінеді.
– Министрлік тарапынан айтылған тапсырма өз деңгейінде орындалуда. Қаладағы барлық мектептерге, білім мекемелерінде ата-аналарға заң шеңберінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылы басталғалы бері облыс орталығындағы 4 мектептен 10 оқушы хиджабтарын шешуге өз еріктерімен келісімін берді. Дегенмен, 2 мектептегі 2 оқушы бұл талапқа қарсылық білдіріп, жекеменшік білім беру ұйымдарына ауысып кетті. Айталық, жекеменшік білім беру ұйымдары білім бөліміне тікелей қарамағанымен, ондағы оқу жүйесі мемлекеттік стандарт бойынша жүргізіледі. Өйткені, арнайы лицензия бар. Ерте ме, кеш пе жекеменшік білім беру ұйымдарында да хиджаб мәселесіне, яғни, мектеп формасына қатысты заң талаптары орындалады. Ал, педагогтар ұжымына қатысты хиджаб мәселесі орын алып отырған жоқ. Олардың барлығы педагогтардың әдеп қағидаты бойынша іскерлік үлгіде киініп, сапалы білім беруде, – дейді Тараз қалалық білім бөлімінің бас маманы Қайрат Үкібасов.
Былтыр ғана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерімен кездесу кезінде «Нағыз мұсылманды киген киімінен емес, ішкі иманынан таниды. Кімнің жүрегінде сүйіспеншілік болса, соның иманы бар. Біз өркениетті әлемге қарай қадам басып, ғылым мен білім есігін ашуымыз қажет», деп айтқан ойы әлі де өз биігінде тұрған тұжырым екенін уақыт пен қоғамдағы құбылыстар-ақ дәлелдеуде. Бұл бағытта қазақтың зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылары да жүрекжарды пікірлерін ортаға салған болатын. Соның бірі, белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Тегінде, әйел баласының басын тұтастай тасқараңғы тұмшалап тастасаңыз да, бәрі – бекер, егер оның өз бет қызылы (ұяты) болмаса! Қазақ қызының «хиджабы» – өзінің Ар-ұяты. Оған ие бола алмайтындарға, хиджаб түгіл, Қытай қорғаны да бөгет бола алмайды!» деп ой бөліскен болатын. Осы орайда, біз:
…Ғылымы жоқ меңгеріп, бой ұрмаған.
Ұлылықпен қозғаған ойын қоғам.
Қазақ қызы – қазақтың мақтанышы,
ерлігіне ескерткіш қойылмаған! – деп жырлаған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова­ның да пікірін білдік.
– Өз басым Құдайға құлшылық етіп, құбылаға бет бұрған мұсылман баласы ретінде қазақтың қыз-келіншектеріне, өзім қатарлы адал жар, аяулы аналарға орамал тағуды парыз деп санаймын. Бірақ, ол көзқарасымның мектеп жасындағы оқушыларға қатысы жоқ. Себебі, олар әлі бойжетіп үлгермеген, санасы саф, көңілі пәк жас өскіндер ғой. Әрине, әйел баласы ар-ұятын, Алладан аманат ретінде берілген жан-тәнін көзінің қарашығындай сақтауы тиіс. Біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Қазір мектеп оқушыларының орамал тағуына қатысты зиялы қауым өкілдерінің түрлі пікірлері айтылып жатыр. Бірақ, қоғам тек қана зиялы қауымның, әр жеке азаматтың пікірімен жүріп, дамып, өсіп-өркендемейтінін ескеруіміз қажет. Себебі, мемлекеттік құрылымымыз, асқақ Ата Заңымыз, мәселені әлемдік қауымдастықтармен бірлесіп қарап отырған атқамінер азаматтар бар. Дін шарттары білім алуды көксесе, біздің мемлекетіміз де өскелең ұрпақтың ілім, ғылым үйренуіне мол мүмкіндіктер ұсынып, жағдай жасап отыр. Сондықтан, мұндағы мәселе мектеп жасындағы балада емес, ата-анада. Біз осы даланың текті топырағынан өсіп-өніп, ауасын жұтып, суынан нәр алып отырғандықтан ұлттық құндылықтарымыздан тәлім алып, мемлекетіміздің дамуына қолдау көрсетуіміз керек. Себебі, осындай мәселелерді туындатып, араға от тастағысы келетіндер көп. Еліміздің шын жанашыры ретінде, балауса жас ұрпақты Отанды, мемлекетті және оның құндылық-қағидаттарын құрметтеуге бейімдеп, болашағымызға жауапкершілікпен қарағанымыз абзал болар деп ойлаймын, – дейді Күләш Ділдәқызы.
Біз көптің көкейіндегі мәселеге орай баласын хиджаб киюге мәжбүрлеп отырған ата-аналармен де байланыстық. Алайда, олардың барлығы өздерінің ата-аналық позициясы жайлы пікір беруден үзілді-кесілді бас тартты. Арасында мәмілеге келіп, баласының болашағы үшін ортақ жүйеге оң қабақ танытқандары да жоқ емес. Сондай-ақ, мектепке хиджабсыз жіберуге қарсылық танытып, басқа мектепке не болмаса үй жағдайында білім беру принципін көксеп отырғандар да бар.
Дейтұрғанмен, заң ортақ, талап бірдей. Аталмыш мәселеге байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да үн қатып, арнайы мәлімдеме жасады.
«ҚМДБ жамағат тарапынан киім мәселесіне қатысты жолданған сұрақтарға шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу міндет екенін мәлімдейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді. Ал, паранжа (ниқаб) киюдің салтымызда болмағанын, басқа елдің үлгісі екенін де ерекше атап өткеніміз жөн.
Ислам шариғатында қыз баланың балиғатқа толуын 9 жаспен шектеу дұрыс емес. Мұсылман ғалымдары қыз балалардың физиологиялық ерекшеліктеріне сай көпшіліктің жағдайын назарға ала отырып, 15 жаспен шектеген. Ислам діні балиғат жасына толмаған, санасы толық қалыптасып үлгермеген, орамал тағудың түпкі мәні мен маңызын, үкімін түсінбейтін кішкентай қыз баласына орамал тағуды міндеттемейді. Әрбір мұсылман қыз бала орамалдың қадір-қасиетін терең түсініп, жауапкершілігін саналы түрде сезініп, Алланың әмірін өз еркімен орындауы басты мақсат. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршінді жаулық жабуға мәжбүрлеуден бұрын оған ең әуелі білім мен тәрбие берген абзал. Бұл – ата-ананың басты міндеті.
Алла Тағала күллі адамзат баласына иманды болуды әрі білім алуды әмір еткен. Құран Кәрімнің ең алғаш түскен аятының өзі «Оқы!» деген бұйрықпен басталуы ерекше назар аударарлық. Құранда: «Раббым, білімімді арттыр!», («Таһа» сүресі, 114), «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» («Зумар» сүресі, 9), «Алла Тағала сендердің араларыңда иман келтіргендер мен бойларына білім дарытқандардың дәрежелерін өсіреді» («Мужәдәлә» сүресі, 11) деп ілім иелерінің мәртебесінің жоғарылығын атап өткен. Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болғай): «Білім алу әрбір мұсылман ер кісіге де, әйелге де парыз»,– деп білім ізденудің әйелдерге де тиісті екенін айтқан. Сондықтан, дінімізде мұсылман ер кісі мен әйелге білім алу – міндет. Ал, мектеп жасындағы баланы имандылыққа баулып, білім үйрету – әрбір адамның азаматтық әрі мұсылмандық борышы.
Діни һәм зайырлы білім алу – жарқын болашақтың кілті. Бүгінгі заманның үдерісі еліміздің әрбір азаматы мен лауазымды тұлғасына білімді, иманды, отаншыл ұрпақ қалыптастыруды талап етуде. Бұл – баршамыздың ұлы борышымыз, асыл міндетіміз.
Біз мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарына түсіністікпен және сабырлықпен қарауға шақырамыз. Бұл мәселені ушықтыру дұрыс емес. Өйткені, елімізде орамалға түбегейлі тыйым салынбағанын түсінуіміз керек. Тек орта мектептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында шешім қабылданған.
Конституцияға сәйкес, еліміз зайырлы мемлекет болып табылады, онда азаматтардың ар-ождан бостандығына еркіндік берілген. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда діни бірлестіктердің мемлекеттің қызметіне араласпайтыны көрсетілген. Аталған Заңда еліміздегі білім беру және тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігі және зайырлы сипатта болатындығы айтылған. Діндар азаматтар қоғамнан бөлек өмір сүрмейді. Дініміздегі бойұсыну – негізгі міндеттердің бірі. Мұсылмандар заңға құрметпен қарауы тиіс. Еліміздің заңнамалары бізге балаларымыздың орта білім алуын қамтамасыз етуімізді міндеттейді. Білімсіздік бүлікке бастайтынын ұмытпайық. Сондықтан, қыз баланың толыққанды зайырлы білім алуын ата-аналары еліміздің заңнамасы талаптары шеңберінде қамтамасыз еткендері жөн. Алла Тағаладан елімізді түрлі бүліктен сақтауын тілейміз. Халқымыздың бірлігі мен берекесі арта бергей!» – делінген басқарма мәлімдемесінде. Осы орайда, орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб-имамы Ержан Аманбаев бүгінде жамағатқа мәнді мәлімдеменің мазмұны кеңінен түсіндіріліп жатқанын айтады.
«Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» деген өмірлік өткір сөздің өзегінде өлмес шындықтың бары ақиқат. Себебі, тағдырлы тарихтың ыстық-суығынан ысылып, тәуелсіздіктің көктеміне жеткен, жаздай жарқын болашаққа жолбарыстай жортып келе жатқан мемлекетіміз үшін сұқтанған сырт көз аз емес. Бұлақтың көзі байланса, сарқыраған өзен де саязданып, көл, дария, теңіз де тартылатыны анық. Міне, сондықтан да көзі ашық, көкірегі ояу ата-аналардың өскелең ұрпаққа дұрыс жол сілтейтініне сенімдіміз.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.