Қазақ атауы қайдан шыққан? | arainews.kz

Қазақ атауы қайдан шыққан?

866

Абыз ата-бабаларымыз армандап кеткен азаттыққа, тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз қайта жанғандай болды. «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асып, мәңгілік жауһарларымызбен қайта қауыштық. Киелі Әулиеата жерінде Қазақ хандығының қазығы қағылып, іргесі қаланғанын төрткүл дүниеге кеңінен танытып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен жоғары деңгейде атап өттік. Осылайша, еліміздің бай тарихын ғасырлар қойнауынан абыроймен алып шықтық. Әрине, ол ел үшін де, өскелең ұрпақ үшін жасалып жатқан телегей теңіз тірліктің бір парасы ғана. Себебі, ғасырлардың ғана емес, тұтас дәуірлер мен заманалардың құшағында қалып кеткен құндылықтарымыз әлі де аз емес. Мәселен, ұланғайыр Ұлы Даланың иесі, Мәңгілік елдің мәдени һәм рухани інжу-маржандарының мұрагері – қазақ ұлтының халықтық атауы қайдан шыққандығы туралы күні бүгінге дейін бірізді, толыққанды дерек жоқ. Халқымыз бұдан бес жарым ғасыр бұрын, яғни Қазақ хандығы құрылғаннан кейін барып «қазақ» аталса, оған дейін қалай аталды? «Қазақ» деген сөздің түп-төркіні қайдан шықты немесе қай ғасырдан бері қолданыста? Міне, осы тақылеттес сауалдарға әркім әрқалай жауап беріп келеді. Біз де аталған мәселеге жауап іздеп көрдік…

Жалпы, ғылыми негіздерде «қазақ» сөзі 850 жылдары грек монахы Епифани жазған «Кавказ өңірінде Касогдиана деген халық бар» деген мәліметте кездеседі. Мұндағы «касог» сөзіне қосылған «диана» грек пен парсыша «ел» деген ұғымды білдіреді. Қазақ атауы Фирдоусидің «Шахнама» дастанында да ұшырасады. Сонымен қатар, «қазақ» атауы ерте кезде ата-бабаларымызбен қарым-қатынас жасаған, жазу-сызу мәдениеті бар елдердің көбінің, атап айтқанда ханзу, араб, парсы, византия, орыс, моңғол және түркі тілдеріндегі жазба деректерде сақталып, бүгінгі күнге жетті.

Төрт ғасырдан астам уақыт бойы зерттеушілер «қазақ» терминінің шығу төркінін түсіндіруге, оның семантикасын ашуға әрекет жасауда. Кейбіреулер «Қазақ» деген атау XV ғасырда ғана пайда болған. Жәнібек пен Керей бастаған көшпенді тайпалар аталмыш ғасырдың 60-жылдарында Әбілқайыр ханның үстемдігіне қарсы шығып, Шығыс Дешті Қыпшақтан батыс Жетісуға, Шу өзені бойына қоныс аударған. Алғаш рет осы тайпалар «қазақ» деп аталды. Оның мағынасы: «Өз ұлысынан бөлініп шыққан қашақтар» деген сөз еді. Бұл кейін қазақтардың атына айналған» деген ой айтады.

Бұл пікірдің көкейге қонбайтыны анық. Себебі, «қазақ» сөзі ежелгі түркі дәуірлерінде де қолданыста болған. Шәкәрім Құдайбердіұлы «қазақ» сөзінің мағынасын өз алдына ел болып, еркін жүрген халық деп тұжырымдаса, Шоқан Уәлиханов «Қазақ» өте қадірлі сөз, күшті, мықты, шабытты дегенді білдіреді» дейді. Ал белгілі лингвист, тарихшы-ғалым Нығмет Мыңжанұлы атақты «Алтын тас» кітаптарында «Күлтегін», «Тоныкөк» түркі жазуларында кездесетін «қазғану», «қазғандук», «қазған тұтқын», «қазғанмасар» деген етістіктерді «қажырлы, қайрат жұмсау», «күресу», «талпыну», «еркіндікке ұмтылу», «ерлік істеу», «табысқа қол жеткізу» деген мағынада түсіндіреді. Осы тұста біз көтеріп отырған мәселемізге орай айтары бар атпал азаматтармен байланысқа шығып, ой-пікірлерін білген едік.

– Қазір дүние өзгерді. Ғылым қарыштап дамыды. Жиырмасыншы ғасырдың аяғында ДНК тәсілі арқылы молекулада сақталып қалған адамның тұқымтекті қорын анықтайтын ғылым дамыды. Халықтың текті болмысын анықтау тәсілі арқылы қазір дүние жүзі ғалымдары ұлттардың арғы тарихын зерделеуде. Бұрын тек антрополог ғалымдардың айтуымен жобалайтынбыз. Көрден табылған бас сүйектер арқылы нәсілін анықтайтынбыз. Бүгінде зерттеушілер зерделеу жұмыстарының нәтижесінде адамзат баласының бастауы түркілер, бәрінің тілінің түп тамыры түркі тілі деген тоқтамға келіп жатыр. Ең соңғысы ретінде латыштың ғалымы Галина Шукенің 2010 жылы шыққан «Были ли латыши тюрками?» деген кітабын айтуға болады. Ол кітап латыш халқының түп тегі түркіден тарағанын, тіпті орыстың қазіргі қолданыстағы сөздері латыш тілінен, ал латыш тілі түркі тілінен қалыптасқанын дәлелдейді. Бүгінге дейін осы пікірді ешкім теріске шығарған жоқ. Біздің тарихтың олқы тұстары өте көп. Қазіргі қолданыстағы дәстүрлі ресми тарих ғылымы «тарих археологиялық заттық айғақтармен, қазба және көне жазба деректердің негізінде жазылу керек» деген ұстаныммен жүрді. Осы ұстаныммен біз адамзат баласының арғы тегін археологтардың әр кезеңде тапқан дүниелерінің нәтижесімен ғана анықтадық та, ал жазба деректердің бәріне имандай сеніп, ақиқатқа баладық. Ал шындап келгенде, түркі халықтары туралы жазба деректердің бәрі сол көшпелілермен соғысқан, соларды өздерінің ата жауы деп дұшпандық көзбен қарағандардың жек көру сезімімен жазылған. Біз соларды пайдаланып жүрміз. Соның нәтижесінде, бүкіл Ұлы Даланың ежелгі тұрғындарының барлығын, яғни көшпелі халықтардың бәрін жабайылар, түз тағылары, отырықшы елдердің мәдениетін қиратушылар деп қарап келді.

Халқымыздың этнонимі, халықтық атауы туралы мәселе қозғалғанда сонау түп текке ұмтылғанымыз абзал. Адамзат дамуындағы алғашқы тайпалардың кезінде бірінші халықтық атаулар, этнонимдер бір буынды сөзден құралған. Одан кейін бір буынды сөзден біріне бірі қосылу арқылы, жұрнақ, жалғау жалғану арқылы бүгінгі атаулар қалыптасқан. «Қазақ» сөзінің шығу тарихы жайлы қазір мен білетін ондаған нұсқа бар. Гәп сонда, оның барлығын біз емес, біз жайлы шетелдік ғалымдардың айтатындығы. Біз неге деректерді көбіне дыбыс үндестігінен туындайтын халықтық этимологиядан алмаймыз? Соның ішінде Абай қолданатын, көшіп бара жатқан жұртты қаздай тізіліп бара жатыр екен, қазақ екен дегеннен шыққаны секілді немесе ақ қаздан шығаратынына неге сүйенбеске? Себебі мұның барлығы ғылыми негізделмеген, жан-жақты зерттелмеген атаулар. Ал шын мәнінде қазір ДНК-ның тәсілімен зерттеу арқылы ғалымдар бұған дейін төрт өркениетті дәуір өткенін, біз соның бесінші дәуіріндегі адамзат екенімізді, бесінші дәуір адамдарының алғаш жаралған жері оңтүстік шығыс Африка деп айтып жатыр. Яғни дүние жүзінің сол бір нүктесінен тараған дейді. Осы арада өсіп-өніп, тараған алғашқы тайпалардың аттары «тур», «ас», «қаң», «маң», «қаз» деген тайпалар. Мен осының үш-төртеуін зерделеп көрдім. Соның ішіндегі кәдімгі дүние жүзі тарихы оқулығындағы аңшылар, жабайы кезде сүйекпен ор қазып, мамонт секілді аңдарды соған қуып жүріп құлатып, таспен атып аулайтын тайпалар осы «қаздар». Кейін бұл «қаздар» өсіп-өркендеген кезде билеушілеріне бағынбай, бөлініп шығып кететін ержүрек жауынгерлер болған. Оларды «қазақ» деп атаған. Ондай жеке адамдар өздерінше бас қосып, бірігіп, басқа тайпаларды бағындырып алған. Ол жөнінде тарихта мәліметтер аз емес. Қазақ хандығына дейін де Византия империясының императоры Константин Багрянородный деген кісі өзінің жазбаларында сол кездегі қазақтардың кіммен шекарада болғаны жайлы жазған. Оның жазып отырғаны Әзірбайжандағы «қазақ» деп аталған жер болуы мүмкін. Осы секілді көп деректер бар. Мұхаммед Шайбани бөлініп кеткенде де, Ақсақ Темірдің екі баласы бөлініп кеткенде де оларды «қазақшалап» кетті дейді тарихта. Осыған қарап-ақ орыстар мен шетел ғалымдары «қазақ» сөзін басы бос, еркін деген мағынада қолданады. Мен қазіргі күні әркімнің айтып жүрген тұжырымдарын қолдамаймын. Өз өмірімнің соңғы 45 жылын осы көне тарихқа арнаған адаммын. Бір адам бір халықтың тегін, тарихын терең зерделей алмайды. Ол үшін тарихи-ғылыми зерттеу орталықтарының, институттардың ғұламалары бас біріктіру керек. Сонда ғана нәтиже шығады. Көкем айтты, атам айтты деген пікірлерден түбегейлі арыламыз. Тәуелсіздік алдық. Енді өз тарихымыз жайлы сан түрлі сандырақты қою керек. Кеңес кезіндегі Алексей Левшиндер қазақ тарихын қайдан біледі. Оны кезінде Шоқан Уалиханов мысқылдап «Құдай-ау осы да бізге пір болып жүр, Левшин де қазақ тарихының атасы болды-ау» деп айтқан. Күйінгеннің сөз бұл. Оның бәрін қоюымыз қажет. Өз тарихымыздың табиғи шындығын өзіміз анықтайтын уақыт келді. Біз әлі бір заттың басын ашып, ғылыми мойындата алмай келеміз. Қазір біздегі өтіп жатқан ғылыми конференциялардың барлығы бос сөз. Бұрын бірнеше күндік конференциялардың нәтижесі сараланып, қорытындысы мақұлданып, ғылымға енгізілетін. Қазір бізде ондай жоқ. Бүгінде не көп, конференция көп. Ал оның ешқайсысының нәтижесі ғылымға енгізіліп жатқан жоқ. Неге ізденбеске? Және бүгінгі күні бізде тарихшы ғұлама ғалым жоқ. Бізде тек тарихшы мамандар ғана бар. Әркім өзінің қорғаған диссертациясының маманы. Қашанғы Аристотель айтты, Бартольд айтты деп жүре береміз? Баяғыны қайталай беруден жалықпадық па? «Мырқымбайдың» айтқаны құлаққа жағымды болса, соның айтқанын дұрыс дейміз. Ертеңінде «Сәрсенбайдың» айтқаны одан тәуірлеу болса, соған иланамыз. Бір де біреуінің нақты дерегі жоқ. Бұл тарихты көгертетін тірлік емес. Қазір кітапты да ешкім оқымайды. Мен өз елімнің тарихына тікелей қатысты көптеген еңбектер жаздым. Ал, оған назар аударып, ізденістерді дамытып жатқан ешкімді көрмедім. Жасыратыны жоқ, баяғы жазбалардың өңін өзгертіп, кітап етіп шығарып, иығына ертерек шапан жабуға асығатындар көбейді. Мынау халқыма жетсе, ұрпаққа қалса екен дейтін тарихшы жоқ қазір. Генетик ғалымдар қазір адамзат баласының жаралғанына 200 мың жыл болғанын анықтап отыр. Ал қазіргі дүние жүзі тарихы деп оқылып жүрген оқулықтарда соның тек соңғы 10 мың жылының ғана тарихы қамтылған. Сонда 190 мың жылдың тарихы қайда? Ол тарихтың жазылмай жатқаны Еуропаның кесірі. Жоғарыда айтқанымдай, олар археологиялық дерек, заттай айғақ пен жазба материалға ғана сүйену керек деген ұстаным ұстады. Ал жазба материал дегеніңіз христиан эрасына дейінгі VIII ғасырдан бері қарай ғана бар. Негізінде, кез келген халықтың шынайы шежіресі өзінің ауызша тарихында сақталған. Ол халықпен бірге жасасып келе жатыр. «Ұлыс» деген сөздің өзі түркінің «ырыс» деген сөзінен шыққан. Ал осындай оралымды, салмақты деректерге жан бітіріп, зерттеп жүрген ешкім жоқ. Қазақ халқының бай тарихы бар. Бірақ, бұл жан-жақты зерттелмеген, төрт құбыласы түгенделмеген тарих. Біздің қазіргі тарих тек бұрынғы айтылғандардың жаңғырығы ғана, – дейді жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Күлтегін сыйлығының иегері Қойшығара Салғарин.

Атауымыздың ақиқатын іздеген мәселе аясында бізге белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Алдан Смайыл ағамыз да байырдан ұлы ұлысқа айналған түркі дүниесінің тағдырына қатысты сыр шертті.

– «Қазақ» атауы Қазақ хандығынан бұрын пайда болған. Әрине, рас, ол кезеңдерде «қазақ» деген ру, тайпа, қауымдастық болған жоқ. Бірақ, өзімен-өзі еркін, бас еркі өзінде, ешкімге бағынбай, саяқ жүрген адам баласы «қазақ» деп аталған. Керей мен Жәнібектің соңына ерген халық өзіміз еркін ел боламыз деп қазақ ұлысы болып аталды. Сол кезде жалғыз қазақ қауымы ғана емес, тәжіктер, өзбек ағайындарымыз да өзімізге өзіміз бекпіз деп бөлініп кетті. Әйтпесе «өзбек» те бұрын болмаған атау. Керей мен Жәнібек те өз ағайындарымен сыйыспай, жаугершілік заманда бөлініп кетті. Біз Керей мен Жәнібекті Қазақ хандығын құрды деп қана дәріптейміз. Ал шын мәнінде мәселе басқада. Шыңғысханнан кейінгі оның балаларының таққа таласу тарихында әрқайсысы әр жаққа тартып, бүкіл түркі тайпасына біріккен рулар солардың салқынымен тас талқан болды. Бұлай болмағанда бытырадай шашылып бөлінбес пе едік. Түркі дүниесі тұтас бір шаңырақтың астында болар ма еді. Нәтижесінде, біз керісінше аюдай ақырған орыс империясын тізгіндеп отырар ма едік?! Жұртымыз өз алдына ту тігіп, қазақ деп аталды. Ал жалпы түркі дүниесі осыдан ұтты ма, ұтылды ма? Әрине ұтылды. Қазақ «ұттық» деп ел болғанымен, түркі дүниесі жан-жаққа өз бетімен тарап кетті. Содан соң Ресей шетімізден кертіп жей бастады. Оның салдары кешегі 1991 жылға дейін жетті. Кезінде «Төреден хан сайлауды тоқтатып, қара халықтың арасынан, өзімізден сайлайық, бұлардың бәрі елді емес, өзінің бас пайдасын ойлап жүр» деп Әйтеке би айтқанда, Төле би мен Қазыбек би ел тағдыры қыл үстінде тұрған уақытта үш жүзді әр жаққа тартамыз деп тоқтатқан болатын. Меніңше, Әйтекенің айтқаны дұрыс еді. Сол кезде өзбек, қазақ, түркіменді бір шаңыраққа жинай алатын тұлға болғанда, қазір жағдайымыз мүлдем басқаша болар еді. Бәрі тізе қоса алмады. Тоқтамыс хан Ресейді уысымда ұстаймын деп Мәскеуді талқандап жатқанда, Ақсақ Темір барып оны быт-шыт қылды. Біз сан тарапқа бөлініп, өзбек, қазақ болып жатқанда, орыстар тұтас Русь мемлекетін құрды. Солай тарих сахнасына шықты. Ал біз «керей-серей» деп, бөлшектеніп жүрдік, – дейді жазушы.

Осылайша, бір ғана «қазақ» деген сөздің шығу төркінін анықтаймыз деп жүріп, тағдырлы тарихымызға қатысты талай дүниелер мен мәселелердің қоламтасына тап болдық. Бұл ойға қатысты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Мырзатай Жолдасбековтің де өз айтары бар.

– Менің білетінім VI-VII-VIII ғасырларда өмір сүрген Түрік қағанатының арғы жағында да «қазақ» деген атау болған. Тек, жалпақ жұртқа хандық құрғаннан кейін ғана танылдық. Одан кейін қазақ халқы, қазақ мемлекеті деп аталып кетті. Ол жайлы әркім әр түрлі түсіндіреді. Мұсатай Ақынжанов деген ҚазҰУ-де бірге қызметтес болған тарих ғылымдарының докторы, профессор болды. Сол кісі «Қазақ халқының шығу тегі» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, кітап жазды. Мен оны 1960 жылдың басында оқыған едім. Ол кісі сол еңбегінде қазақ атауының «қас», «сақ» деген сөздерден құралғанын дәлелдеді. «Қас батыр», «қас сұлу» деген сөздер бар ғой. Яғни, нағыз батыр дегендей, нағыз сақ, сақтың өзі деп анықтама берді. Осы пікір менің көкейіме қонады. Бала кезімізде біз бүгінгідей университет, институт, мектеп бітірмеген, бірақ дала академиясының түлектері атанған қариялардың тәлімін алдық. Сол кісілер әрбір әңгімесін «Сақ ата заманында» деп бастаушы еді. Былайша айтқанда, сақты өз атасы санап тұр. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Сақтардың салтанат құрған ордасы да осы қазақ жері болды. Ғұндар мемлекеті де осы Ұлы Дала төсінде дәурен сүрді. Біз көбіне кешегі орыс, батыс елдерінің тарихшылары жазған жазбаларға сүйенеміз. Неге? Қазақтың жерін көрмеген, бірде-бір мәрте топырағына табаны тимеген ғалымдар оны қайдан білсін? Біз баяғы заманда қалыптасқан елміз. Бабаларымыз алтын сарайда тұрды, алтын тақта отырды, алтыннан киім киді. Тұлпарларының әбзелдері де алтынмен апталды, күміспен күптелді. Біз ешқашанда жабайы болғанымыз жоқ. Еуропа халқы орман ішінде тентіреп жүргенде, біз өркениетті ел болдық. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы мен дарынды жазушы Шерхан Мұртазаның кіндік қаны тамған киелі Мыңбұлақта Түрік қағанаты екіге бөлініп кетті бір кезде. Содан Шығыс және Батыс Түрік қағанаттары пайда болды. Батыс Түрік қағанатын Естеми бабамыз басқарды. Оның ордасы сол Мыңбұлақта, астанасы Таразда болды. Мыңбұлақта Византияның елшісі Земархты қабылдағаны туралы Геродот жазды. Үш күнде үш жерден орда тігіп, Земархты күткен. Ал Земарх өзіне батырлар ішетін сусынды, яғни қымыз бергенін жазады. Хан ұйқылы-ояу отырып, «Қай елдің елшісісің?» деп әдейі мысқылдап сұрады дейді ол. «Византияның елшісімін» депті Земарх. «Әәә… Сен анау 12 тілде сөйлейтін елдің елшісі екенсің ғой» деп айтты дейді. Соның бәрі өзіміздің Мыңбұлақта болған. Естеми қаған Византия елшісін кемсіткенімен, Византияның құрамды ел екенін тереңнен біліп отыр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – біз сақтардың, түркілердің түп ұрпағымыз. Солар билік құрған уақыттарда «қазақ» сөзі қолданыста болған, – деді қайраткер-ғалым.

Шындығында, қазіргі уақытта пайдаланып жүрген бірқатар ата сөздеріміздің байыбына барып, түп мағынасын зерделеп жүрген азаматтар некен-саяқ. Бірақ, жоқ емес. Солардың бірі әрі бірегейі Мекемтас Мырзахметұлы. Белгілі абайтанушы ғалым «қазақ» сөзінің төркінін ғұлама Абайдың айтуымен байланыстырды.

– Бұл сөздің мағынасы әлі толық ашылмай жүр. Жалпы, менің ойымша «қазақ» сөзі VIII ғасырда қолданыла бастаған. Себебі, Абайдың айтуына сүйенсек, арабтар шапқыншылығы кезінде Бұхарадан басқа ел мен жердің, халықтың, ономастиканың, антропонимдердің барлығы арабшаға өзгертілген. Сол кезде біз «қазақ» болып атандық, бұған дейін «ұлыс» деп атайды екен дейді. Кейін араб халифаты құлап, түрік халықтары тәуелсіздік алғаннан кейін қайтадан түркілік жаңғырды. Ұлы Абайдың «Сонымен бұлар өзін-өзі де, өзге жұрттар да «қазақ» атап кетіпті, бұрын өздерін «ұлұс» дейді екен де, жүре береді екен» дегенінде де «ұлыс» сөзінің «хассақ, нағыз сақ, хас мықты, ержүрек» деген ұғымдардан туындаған деп айтылатын «қазақ» атауымен де астасып жатқандығын көреміз. Екінші кезең орыстар келгеннен кейін басталған жаппай ұлтсыздандыру. Қала, елді мекен, жер-су аттарының барлығы қайтадан өзгере бастады. Яғни, «қазақ» атауы ислам дінін қабылдауымызға байланысты VIII ғасырда пайда болған. Бірақ «қазақ» сөзінің этимологиясын ғалымдар әлі күнге дейін әуре-сарсаңға салып жүр. Қазір бір тоқтамға келген пікір жоқ. Мен өз басым 40 шақты нұсқасын оқыдым. Көкейге қонбады. Бұл тұста да Абайдан асып ешкім айта алмайды. Қалай дегенмен, тәуелсіздік алғаннан кейін атауларды қайта өзгерттік. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында Түлкібас ауданы бар. «Түлкібас» деп қазақ ешқашан ат қоймайды. Қазір біз оның «Түркібасы» деген атауын қабылдағалы жатырмыз. Осы мәселеге орай бірнеше мәрте мақала жариялап, ақыры ұсынысымыз қолдау тауып отыр. Өйткені, халықтық, отаршылдық, тоталитарлық топонимдер деген болады. Соның барлығын біз бастан өткердік. Енді толығымен халықтық топонимдерге қарай алып келе жатырмыз. Аталған өлкеде бұрын 75 жыл билік құрған Түркеш мемлекеті болған. Соның басында тұрған адам қытайша Сулық деп аталған. Бірақ ол есімнің түп мағынасы әлі бізге беймәлім. Бұл өзі арабтармен талай мәрте соғысқан, 32 жыл билік жүргізген қаған. Тараздағы ұлы соғыстың бірін бастаған осы кісі болатын. Арабтар Самарқанға, Бұхараға шабуыл жасай бастағанда сол кісі осы төбеде жайғасып отырған. Әрқайсысына жау шапқанда көмектесіп, талай жауды қуып шыққан. Сондықтан, арабтар оны кез келген жерден жауды сүзетін Сүзеген қаған деп атаған. Ақыр аяғында шапқыншылар оны қыспаққа алады. 750 жылы Таразда болған соғыста екі жақтан, атап айтқанда арабтар 150 мың әскермен, қытайлар 150 мың әскермен келді. Ал екі ортада Түркеш қағанаты тұрды. «Қытайды жақтасам, арабтар кетеді. Ал оның арты не болады, қытайлар жерден кетпей қояды. Ал арабты жақтасам, дінін тастайды да өзі кетеді» деп арабты жақтаған. Бұл сондай шешім қабылдаған дана кісі. Жалпы, Түркеш дегеніміз Дулаттың баласы. Біз қазақша «Дулаттар» және орыс тілінде «Атилла и гунская орда» деген кітап шығардық. IV-V ғасырларда қытаймен соғыста қолды бастап батысқа Атилланың кеткені тарихтан белгілі. Ал оның тегі кім екенін білмей «гун, гун» деп жүретінбіз. Таяуда Болгарияның қолжазбалары табылды. Сонда Атилла Дулат тайпасынан шыққандығы, Еуропаға үлкен жаңалық әкелгендігі, Византияны тітіркенткендігі, Римді құлатқаны жайлы тың деректер анықталды.

Қазір «қазақ» атауы жайлы пікір көп. Бірақ оның бәрі жорамал. Дөп басатын мықты дәлел жоқ. Біреулер «Қас» «сақ» дейді. Бірі «массагет», «скиф», «ғұн» деп атап жүр. Оның барлығы, түптеп келгенде, біздің халықтың әртүрлі атаулары. Бұл тұста айналып келгенде, Абайдың жоғарыда айтқан пікірімен санаспауға болмайды. Осы пікірді білдіргенде Абай атамыз неге сүйенгенін өзім де іздестіріп, таппай жүрмін.

«Бабырнама» дастанында да «қазақылық», «қазақылыққа шықты» деген сөздер ұшырасады. Ресейлік «казак» дегеннің де бізге бөтендігі жоқ. Тарихи жазбаларда ғұнның бір патшасы батыстағы Батыйға оңтүстік шекара әлсіз болып тұр, сол жерге мықты жауынгер халық – қазақтарды жібер дейтін деректер кездеседі. Содан орыстардың «казачествосы» шыққан дейді. Оның арғы жағында тұрған да біздің қазақтардың өзі, – дейді профессор ағамыз.

Әрине, өз ұлтының атауы қайдан шыққаны жүрегі қазақ деп соққан әр перзентті қызықтыратыны анық. Осыдан тура төрт жыл бұрын «Қазақтың құпия тарихы» атты кітабы жарық көрген Әулиеатаның тумасы, әуесқой тарихшы Бекжан Әденұлы да сондай азаматтың бірі. Қазіргі уақытта жеке кәсіппен айналысып жүрген ол мамандығы жоғары білімді энергетик бола тұра, қаршадайынан батырлар жырын жаттап өсіп, өз ұлтының тарихына қатысты тың деректер жинап жүруді өмірлік ұстанымына айналдырған. Өзінің авторлық еңбегінде көбіне «қазақ» атауының шығу тарихына басымдық берген Бекжан Әденұлымен де байланысқа шығып, ой бөліскен едік.

– Қазіргі Қазақстан аймағын бұрынғы солтүстіктегі өзге түркітілді тайпалар «Құңзақ» деп атаған екен. «Құңзақ» атауында қазіргі қазақы «жақ» сөзінің орнына «зақ» қолданылған. Яғни, «Құңзақ» мағынасы «құң аймағы» дегенді білдіреді. Әуелде көршілер құң (ғұн) мен сақтар отырған біздің даланы «Құңзақ» деп атаған, кейін ол жердің халқын да «Құңзақ» деп атап кеткен. Бұл біздің дәуірдің
I ғасыры мен IV ғасыры арасында орын алған. Ал IV ғасыр мен VI ғасыр аралығында «Құңзақ» атауы «Қазақ» болып өзгеріске ұшыраған. Сондай-ақ, тарихи деректерде Құң халқының жауынгер Абар тайпасы I ғасырда Тарбағатайда отырғаны айтылады. Осы тайпа IV ғасырда Кавказға қоныс аударғанын да көп ғалымдар мойындап отыр. Дағыстандағы қазіргі Авар ұлты сол бізден барған Абар тайпасының ұрпақтары. Оны аварлардың Дағыстан тауындағы ата қонысы «Хунзах» деп аталатыны және «хунзах» атауы авар тілінде «хун жері» деген мағына беретіні анық дәлелдейді. Дағыстандағы Хунзах жазығында аварлардың ежелгі астанасы Хунзах қаласының орны да сақталған. Демек, Абар тайпасы Кавказға көшкен IV ғасырда біздің далада отырған құң мен сақтар «Құңзақ» деген біртұтас халық болып қалыптасып қойған. Әрине, қазіргі авар ұлтының тілін қазақ тіліне жақын дей алмаймыз, алайда ол Алтайлық тілдер тобына жатқызылады.

Бұған қоса, VII ғасырда қазіргі Қашқар аймағы халқы қытай жазбасында «Хаса» деп көрсетіледі. Қытайлар қазақты осы заманға дейін «хаса» деп атап келгені белгілі жайт. Оның себебі – қытай тілінде әріптердің өзгеше дыбысталуында. Қытайлар «қазақ» атауын толық дыбыстаса ол «хасакы» болып шығар еді, ал қытайларда ертеден бөтен атауларды қысқартып атау қалыптасқан. Әрине, Ресей өз әдетінше бұрмалап «ол атау хазар тайпасын көрсетеді» деп келді. Алайда, Қашқар аймағын әлі күнге дейін хазарлар емес қазақтар мекендеп келгені анық. Ал хазар тайпасы Закавказьеге, қазіргі Түркіменстан аймағынан барды және осы тайпа «хазар» деген өз атауымен түркімендер құрамында әлі де бар. Тарихи деректер 626 жылы, яғни VII ғасырда Закавказьені біздің даладан барған «жалпақ бетті, қысық көзді азиаттар» басып алғанын айтады. Олардың Тбилиций қаласын қалай басып алғаны егжей-тегжей баяндалады. Қазіргі Әзірбайжандағы «Казах» атауы мен Армениядағы «Касах» атаулары сол қазақтардан қалған белгілер. Екі Кавказ тауы арасында «Касахия» елі барын деректерден кездестіруге болады. Араб тарихшысы, әрі географы Әл-Масуди оларды «кашак» деп жазды. Осы араб тарихшысы «кашак халқы ондағы барша халықтардан сұлу, өйткені олардың беттері өзгелерге қарағанда онша жүндес емес, таза» деп көрсетеді. Араб тарихшысы барғанда ол қазақтардың Кавказда отырғанына 300 жыл болған еді, осы ғасырларда олардың келбетінде «беті жалпақ, көзі қысық» делінетін азиаттық белгілер жойылғанын, алайда олардың келбеттері кавказдықтарша «толық жүндес» болып өзгеріп үлгермегенін жазады. Ол қазақтардың үлкен бөлігі XI ғасырда Грузия күшейген заманда өз жерінен айырылып, Дон өзені аймағына қоныс аударған. Дон қазақтары кейінгі XVI ғасырдан бастап Ресей империясы ықпалымен христиандыққа өтіп, осы себептен олар шіркеу тіліне көшуге мәжбүр болған және ана тілін жоғалтқан. Шіркеу өз тілінен бас тартпағандарды «язычники» деп қуғынға ұшыратып, өртеп, қырып салатын, осындай себептер Закавказьеден шыққан қазақтардың «славян тілді Казак тобына» айналуына алып барды. Ресей ғалымдарының ескі Дон сөздерінің қазақ сөздерімен бірдей екенін амалсыз мойындағаны, ал атақты академик Бартольдтің «казактардың шығу тегі қазақтардан» деп тұжырым жасағаны да анық фактілер. Әрине, Ресей «казактар негізінен ішкі Ресейден крепостной құлдықтан қашқан орыс шаруаларынан пайда болды» деп бұрмалайтыны белгілі. Алайда, Ресейде құлдық тәртіп тек XVI ғасырдан кейін енгізілді, ал «казак» дегендердің Қырымға жақын аймақта XIII ғасырда отырғаны тарихи деректермен дәлелденген. Әзірбайжандағы «Казах даласы» мен «Казах қаласы» және XV ғасырда Әзірбайжан жерінде болған «Казах сұлтанаты», Армениядағы «Касах сарқырамасы» мен «Касах өзені» және балқарлар құрамында құлдық сословиеге жатқан «казах тобы» мен осетиндік дигорлар құрамында да құлдық сословиеде саналған «касогта тобы» соның дәлелдері. XIX ғасырдағы Ресей тарихшысы Алексей Левшин «Киргиз-кайсак ордасы жайлы» деген еңбегінде «Қазақ халқы кей шығыс ғалымдарының айтуынша Христос туғанға дейін, яғни біздің дәуірге дейін халық болып қойғанын» көрсетеді. Ол бұған күмәнмен қарайтынын, алайда «Қазақ» деген халық та және Қазақ хандығы атауы да тарихта алғаш рет X ғасырдағы атақты парсы Фирдоусидің «Рустам» дастанында кездесетінін жазды. Фирдоуси өз жазбасында біздің далада «ат үстінде найза ұстаған жауынгер Қазақ халқы барын жырлаған еді. Осы жайт Дулати мен Жалайыри жазбаларының кейін пайда болған күмәнді жазбалар екенін, яғни ол жазбалар Ресей империясының «қазақтың шынайы көне тарихын жасыру үшін» арнайы дайындаған дүниелері екенін байқатады. Еуропа тарихшылары «деректері өзге жазбалар тарапынан еш дәлелденбейтін Дулати жазбасын күмәнді жазба» деп танығаны да белгілі. Ал «Бабырнама» мен Фирдоусидің «Рустам» дастаны еш күмәнсіз түпнұсқасы жоғалмаған құнды жазбалар саналады. Фирдоуси өз жазбасында X ғасырда, яғни Шыңғысханға дейін 300 жыл бұрын Қазақ хандығы да, Қазақ халқы да қазіргі өз Отанында бар екенін көрсетті. Осыған сенбей, қайдағы бір күмәнді жазбаларға сеніп, «қазақ халқы да және оның ұлттық мемлекеті де кешегі XV ғасырдан кейін пайда болды» деп отырғандарға таңым бар, – дейді ол.

Тілші түйіні

Кең байтақ даламыздың әрбір тау-тасы теңіздей терең тұнық сырды, тағдырлы тарихты, айнадай ақиқат пен шындықты бұғып жатқаны анық. Қалай десек те, қазақ атауының түп-төркіні бес жарым ғасырмен ғана шектелмейтіні белгілі. Оның сыры қарт тарихтың тұңғиығында. Кешегі тайпадан қауым, қағанаттан хандыққа, алаштан азаттыққа, тәуелсіздіктің тәжін киіп, Мәңгілік ел болуға талпынған жұртымыздың әрбір ұрпағы өзін қазақпын деп мақтанатын халге жетті. Лайым, ендігі болашағымыз баянды болғай!

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.