Қатты отынның қадірі қыста артады | arainews.kz

Қатты отынның қадірі қыста артады

428

Биылғы күз қыстан хабар бергендей, есіктен ерекше салқынымен енді. Томпаңдап сабағына асыққан бүлдіршін тұрмақ, желең киінген егде адамдардың өзін дірдек қақтыруда. Қыстың суық ызғары әлден сезілгенін байқаған көнекөздер «Ойпырым-ай, түннің салқын лебінің репеті жаман, тегінде тауға қар жауған-ау» десіп жатты. Бұл сірә, Табиғат-Ананың елге алда әлі талай ызғарлы күн бар екенін ескертіп, қыс қамына кірісуде уақыт оздырып алмауды ымдағандай.

Жалпы, биылғы жылыту маусымында облыс тұрғындары 332,9 мың тонна көмір тұтынады деп есептелсе, бүгінде соның жартысына жуығы ғана тасымалданыпты. Қалғанын қыс түскенше шетінен тасып, жинап алуға да болар еді, бірақ, қар ертең қыпылықтап кеп берсе жұртшылықтың көмір іздеп, көше кезіп кететіні анық. Әсіресе, мұндай жағдайда қиындық құрсауында қалатындар алыс ауылдағы тұрғындар. Сондықтан, қабағынан қар жауған қаһарлы қысты қасқайып тұрып қарсы алуда қапы қалмағанымыз абзал.
Біз осы орайда, «Өңірді қатты отынмен қамту ісі кешеуілдеп жатқан жоқ па?» деген сауалға жауап іздеп, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаевқа жолыққан едік. Ол 332,9 тонна көмірді бірден тасып әкелуге облыстағы қоймалардың сыйымдылық әлеуеті сәйкес келмейтінін айтады.
– Өткен жылдың осы кезеңінде жоспардағы 331,7 мың тонна қатты отынның тасымалданғаны 121,7 мың тоннаны кұраған болатын. Бұл қажетті көмірдің 36,6 пайызы деген сөз. Биыл өткен жылға қарағанда көрсеткіш 10,1 пайызға жоғары. Негізінен, қажетті көмірді тасымалдауда көрсеткіш деңгейінің төмен болуы халықтың қам-қарекетсіз отыруынан болып отыр. Керекті көмірді үйіп тастайын десек, ол қоймаларға сыймайды. Бүгінгі таңда қоймаларда 17,7 мың тонна қатты отын жатыр. Соны тұрғындар дер кезінде тасып әкетіп отырса, босаған орын жаңа түскен көмірмен толығар еді. Ал, бюджеттік мекемелердің жағдайына келер болсақ, қажетті деген 72,2 мың тонна көмірдің бүгінде 70,6 мың тоннасы тиісті орындарға жеткізілді. Қамтылу деңгейі 97,7 пайыз, – дейді ол.
Жалпы, бюджеттік мекемелердің қатты отынмен қамтылу деңгейі көңіл көншіткенімен, Қордай ауданында аздап кешеуілдеу бар екен. Алайда, аталған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаевтың айтуынша, бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерге қажетті 11 мың 48 тонна көмір түгелдей қоймаларға түсіріліп, бүгінде оның 98 пайызы тиісті мекемелерге үлестіріліпті. Тек кешеуілдетіп отырған – Шұбаркөл көмірін тасымалдаумен айналысатын «Тараз-Trast» ЖШС екен.
– Мәдениет саласы мекемелеріне көмір жеткізу бойынша жасалған келісімшартта белгіленгендей «Тараз-Trast» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1-25 қыркүйек күндері аралығында көмірді толық жеткізуі керек. Бірақ, барлық техникалары сақадай сай бұл компания өзіне тиесілі 550 тонна көмірдің 306 тоннасын алып келді. Енді 6 қыркүйек күні 100 пайыз жеткізіп беретіндеріне сендіріп отыр, – дейді Е.Орынбаев.
Бір тәуірі, Қордай ауданы тұрғындарға көмір дайындауда 72,9 пайызбен облыста алда тұр. Ал, Сарысу ауданы 14,1 пайызбен көш соңында қалған. Бұл көрсеткіш Жуалы өңірінде 21,4, Жамбыл ауданында 23,6, Байзақ жерінде 25,6 пайызды құрап отыр. Соның ішінде Байзақ ауданының 10 көмір сататын қоймасы бар Тараздың іргесінде тұрып, жоспардың ширек мөлшерін ғана орындауы көңілге қонымсыз. Байзақ ауданы әкімдігінің тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рәшид Қойлыбаев жұртшылықты қатты отынмен қамтуда тұрғындарды көмір сатып алуға міндеттей алмайтындарын тілге тиек етті.
– Негізінен, Байзақ ауданындағы елді мекендердің дені газдандырылған. Сол үшін біздің қатты отынға деген сұранысымыз 9-ақ мың тонна. Оның бүгінде 3 мың тоннасы жеткізілді. Тұрғындар көмірді Тараз қаласынан тасиды. Бір анығы, жоспарды орындау үшін халықты қинап, көмір сатып алуға мәжбүрлей алмаймыз. Әйтсе де, жұртшылықты қысқа ерте қамдануға шақырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу ісін жедел қолға алдық. Жақында аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінде көмірді осы бастан сатып алу арзанға түсетіндігі және өзге де тиімділіктер жөнінде арнайы мақала жарияладық. Бар ойымыз ел тегіс құлақтанып, қысқа ертерек қамданса деген ниет, – дейді Р.Қойлыбаев.
Былтыр қыста өңірде қатты отын тапшылығы айқын сезіліп, облыс орталығынан қашықта орналасқан Мойынқұм, Сарысу аудандарында көмірдің бір тоннасы 25 мың теңгеден асып жығылғаны есте. Соны біле тұра, тұрғындары көмір сатып алуға селқостық танытып отырған Сарысу ауданының бірді-екілі тұрғынымен де тілдестік. Соның бірі – саудакенттік Ерболат Сушин.
– Жылда жұртшылықты сарсаңға салатын мәселе көмір тапшылығы мен оның бағасының қымбаттығы. Жалпы, өңірде қатты отын аз болсын, мейлі көп болсын ауыл қашық болғандықтан, сапасы дұрыстау деген бір тонна көмір мұнда 23 мың теңгеден, күн суытса 30 мыңға дейін барады. Егер қыс келгенше қол қусырып қарап отыра берсек, қымбатшылыққа ұрынатынымыз анық. Сол үшін осыдан бірер күн бұрын әр тоннасына 16 мың теңге төлеп, Тараз қаласынан 8 тонна қатты отын сатып әкелдім. Артынша, сол көмірдің бір тоннасы 16 мың 400 теңге болыпты деген сыбыс естідім. Егер қылышын сүйретіп қыс келе қалса, баға байлауға көнбеуі мүмкін, – дейді ол.
Осыдан кейін біз, жұрт жаппай көмір сатып алуға ұмтылғанда, алыпсатарлар «жалған» тапшылықты қолдан жасап, пайда үшін бағаны өздері шарықтатуы мүмкін деген ойға қалдық. Бұл тұрғыда Тараз қаласындағы бірқатар көмір қоймаларын аралап, мәселенің неден туындайтынын да байқап көрдік.
– Тараз қаласындағы қоймамның сыйымдылығы 7 мың тонна. Онда қазір 500 тоннадай ғана көмір бар. Ал, Т.Рысқұлов ауданындағы қойма 12 мың тонналық. Ол жақта 2 мың тонна қатты отын жатыр. Олардың дені Қаражыра мен Шұбаркөл көмірі. Қатты отын сатылып бітпейінше, мен сырттан әзірге көмір тасымалдай алмаймын. Тәртібі бойынша көмірді тау-тау қылып үйіп тастауға болмайды. Егер биіктігі екі метрден асатын көмір үйіндісі күн астында ұзақ жатып қалса, жанып кетуі мүмкін. Сол үшін оны елдің сатып алу әлеуетіне қарай тасу жағын да ойлаймыз. Бір байқағаным, жаз бойы өзге ұлт өкілдері көмір тасып жатқанда, өзіміздің қазақтар әрекетсіз отырып, қара күзге қарай қимылдайды. Бұл кезде көмір өндіретін кендер оңтүстік аймақтарға қатты отын беруді 1 жарым, екі айға дейін тоқтатып, солтүстік аймақты қамти бастайды. Соның салдарынан өңірде көмір тапшылығы туындайды. Сол үшін тұрғындар бейқам болмауы қажет, – дейді жеке кәсіпкер Мәди Садықов.
Ал, облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында да біраз жайтқа қанықтық. Негізінен, көмір қоймаларының жұмысы нысанаға алынған тур аясында алдымен «Даурен 98» көмір қоймасында болып, жай-күйімен таныстық. Жалпы, қазіргі таңда мұнда 3-4 мың тонна көлемінде көмір сақтаулы. Сол секілді «КЭМА» көмір қоймасына да 7 мың тонна жеткізіліп, тиісінше өткізілуде. «КЭМА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Еркін Құрбановтың айтуынша, қоймаларда көмір жеткілікті деңгейде болғанымен тұрғындар әлі де асығыстық танытпайтын көрінеді.
– Ағымдағы жылы қоймаға жылдағы мөлшерге қарағанда көбірек көмір жеткізіп алдық. Көмір бағасы бізде сұрпына қарай 10 мыңнан басталып, 16 мыңға дейін жетеді. Техника, адам күші барлығы жеткілікті. Алайда, қазіргі уақытта көмір алып кетушілер сирек. Тұрғындар әдеттегідей алғашқы қар түскенде барып сабылып көмір іздей бастайды,– дейді Е.Құрбанов.
Өзіміз көзбен көргендей, қоймаларда көмір тау-тау болып үйіліп жатыр. Қалтаңыздың көтергеніне қарай қалаған сұрпыңыздан алып кетуге толық мүмкіндік бар. «Қамданған қапы қалмайды» демекші, қар түскенін күтіп жүрмей қазірден қамданғанның ұтары көп болмақ. Өйткені, біз саралап көргендей, тұрғындар ала жаздай алаңдамай, күн суығанда жапа-тармағай жанталасып, көмір тапшылығын өздері қолдан туындатады екен. Бүгінде ең жоғары сұранысқа ие көмір түрлері – Шұбаркөл мен Қаражыраның бір тоннасы тұрғындарға орта есеппен 14,5-18 мың теңге аралығында босатылып жатқан жайы бар. Ал, екібастұздық қатты отынның
1 тоннасы 10 мың теңгеден. Мұны сөз етіп отырған себебіміз, қыс түскенде Шұбаркөл көмірін іздеп, шұбыруға жол бермеуіміз қажет. Өңір тұрғындары күн суытқанда ғана бүрсеңдеп отын тергенше, үйдің ішін қыз-қыз қайнатуды осы бастан ойласа екен.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.