Кәсіби мемлекеттік аппарат – келешек кепілі | arainews.kz

Кәсіби мемлекеттік аппарат – келешек кепілі

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облысымызға жұмыс сапарымен келді

263

Киелі Әулиеата өңіріне арнайы іссапармен келген агенттік төрағасы Алик Шпекбаев ең алдымен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, жұмысымен танысты.
Мемлекеттік қызметшілерді оқытудың бірыңғай жүйесін құру аясында ашылған филиал өңірдегі мемлекеттік қызметшілерді кәсіби дамыту орталығына айналмақ. Жыл сайын филиал базасында облыстағы мемлекеттік органдардың 2 мыңға жуық қызметкері қайта даярлау мен біліктілік арттыру курсынан өтіп тұрады. Филиал ғимаратының ашылу салтанатында агенттік төрағасы Алик Жатқамбайұлы мен облыс әкімі Асқар Мырзахметов ғимарат алдына қойылған ескерткіш тақтаға қолтаңбаларын қалдырды.
Үш қабатты зәулім ғимаратты аралап көрген А.Шпекбаевқа ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова жаңа ғимараттың нәтижелі жұмыс жасауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Ал, аймақ басшысы Асқар Мырзахметов стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін жауапкершілік жүгі жеңіл емес екенін, сондықтан да сала мамандарын кәсіби дамытуға айрықша назар аударылып жатқанын атап өтті.
Мұнан кейін агенттік төрағасы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару акаде­мия­сының облыстық филиалының мәжіліс залында «Кәсібилендіру мемлекеттік қызметті дамытудың маңызды факторы ретінде: аймақтық контекст» тақырыбында өткен аймақтық семинар-кеңеске қатысты. Сонымен қатар, басқосуға академияның республикамыздың өзге облыстарындағы филиалдарының директорлары қатысып, ой бөлісті. Жиында баяндама жасаған өңір басшысы Асқар Исабекұлы салада атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, өзінің бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.

– Академияның облыстық филиалы өз дәрежесінде жұмыс жүргізуі үшін ең алдымен материалдық-техникалық базасын жақсарту керек екеніне көзіміз жетіп, бүгін жүйелі жұмыс жасауға біршама кедергісін келтіріп тұрған мәселе түбегейлі шешімін тапты. Алайда, осы күнге дейін де филиал мамандары өздеріне артылған жауапкершілік жүгін абыроймен көтере білді. Филиалдың жоспарына сай жергілікті жерлерден келген мемлекеттік қызметшілер біліктілігін арттырып, кәсіби шеберлігін шыңдады. Сондықтан, облыстық филиалда білімі мен кәсіби біліктілігін арттырған мемлекеттік қызметшілер аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай үлес қосарына сенімдімін.
Сонымен қатар, алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілерді міндетті түрде облыс орталығына жинамай-ақ, аудан орталықтарында да көшпелі отырыстар өткізу жоспарымызда бар. Және жылына екі рет облыс әкімі ретінде филиалда біліктілігін арттырып жатқан мамандармен арнайы кездесіп, пікір алмасып, ой бөлісуге мүмкіндік жетеді, – деді А. Исабекұлы.
Келесі кезекте мінберге көтерілген Алик Шпекбаев филиал жұмысына оң бағасын беріп, мұндағы жан-жақты жасалған жағдайдың мемлекеттік қызметшілердің деңгейін өсіруде ықпалы мол екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол өз сөзінде бүгінгі таңда заманауи құқықтық мемлекетке айналғанымызды, бұл мақсатта Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы, «ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң әзірленіп, өз нәтижесін беріп жатқанын жеткізді.
Алқалы жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша орамды ойлар ортаға салынды.
Ал, түс ауа ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыс активімен кездесті. Басқосуды облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашып, жүргізіп отырды.
Жиында ең алдымен сөз алған Алик Жатқамбайұлы облыстағы тындырымды тірліктерге көңілі толатындығын айтып, бірқатар шаруаларға таңданысын да жасырмады.
– Таңертеңнен бері бірқатар нысандарды аралап көрдім. Тетігін тапқан тірліктер мен жүйелі жұмыс көзге көрініп-ақ тұр. Жаңадан ықшамаудандардың бой көтеріп жатқаны облыс экономикасы мен әлеуметтің әлеуеті артқанын айғақтауда. Әсіресе, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының ғимаратын көріп, тәнті болдым. Өңірлік академияның материалдық базасы мен оқытушылар құрамы бойынша өзгелерден оқ бойы озық тұр. Енді жамбылдықтардың Астанаға ағылып, біліктілігін арттырудың қажеті жоқ. Өйткені, барлық талапқа сай бөлімше мұнда да қызметін бастады. Осындай бастамаға ұйытқы болған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке айтар алғысым шексіз, – деген А.Шпекбаев одан әрі Елбасының тапсырмасыман айқындалған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмысының басым бағыттарына тоқталды.
– Елімізде 20 жылдан бері мемлекеттік қызмет туралы заң қалтқысыз қызмет етіп келеді. Грузия, Өзбекстан сынды елдер аталмыш заң жобаларын енді ғана қолға алып жатқанда, біз өз бағытымызды айқындап алдық. Енді тек, мемлекеттік қызметтің мінсіздігін қамтамасыз ету үшін заң жобаларын жаңарту, толықтыру үстіндеміз.
Бүгінде кез келген өтініш білдіруші мемлекеттік қызметке 3 кезеңнен өтіп барып келеді. Бұрынғыдай бір қоңырау шалдырып, қызметке келе қаламын деген дүние жоқ. Заң бәріне ортақ.
2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия бастапқы жемісін бергенімен, біз биыл бұл бастаманы тағы жандандыра түсудеміз. Нақтырақ айтсақ, агенттік бұған дейін жемқорларды құрықтаумен айналысқан болса, енді сыбайластықтың алдын алу шараларына басымдық береді.
Тағы бір өзгешелік, 2019 жылдан бастап мемлекеттік қызметте адалдық танытқан мамандар арнайы қаржылай бонустарға ие болады. Яғни, қызметтегі қырағылығы мен белсенділігінің арқасында лауазымына қарай мемлекеттік қызметші жылдық табысының еселенген мөлшеріне қол жеткізе алады. Бұл халықаралық тәжірибеде бар нәрсе. Мемлекеттік қызметшінің мәртебесін арттыру үшін біз осы жүйені заңдық нормаға енгізіп отырмыз.
Келер жылдың тағы бір жаңалығы – Елбасының тапсырмасына сай барлық мекемелер үнемдеу мен оңтайлануға көшеді. Яғни, штаттық бірлігін оңтайландыру арқылы мекеме басшылары өзге мамандарының айлық жалақысын өсіруге құқылы. Және мекемелер үнемдеудің өзге жолдарын да қарастыруға мүмкіндіктері бар, – деген Алик Жатқамбайұлы алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілер резерві және «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келген жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту жұмыстарына да басымдық берілетінін айтты.
Бұдан кейін сөз алған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбарасы Гүлмира Кабиева бизнестегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында баяндама жасады.
Ал, жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов Алик Жатқамбайұлының мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мен айлық жалақыларын көтеру мәселелеріне қатысты ойын қолдайтындығын айтып, өңірге арнайы келіп мемлекеттік қызмет хақында мол мағлұмат берген қонақтарға алғысын білдірді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облысымызға жұмыс сапары барысында Тараз қаласындағы «Достық» үйіне де ат басын бұрды. Онда аймақтағы этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен жүздескен агенттік төрағасы рухани жаңғыру, этносаралық татулық төңірегінде әңгіме өрбітіп, ой бөлісті.
«Достық» үйінің дәлізінде агенттік төрағасына облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова аймақтың биылғы сегіз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштерімен таныстырды. Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан шаралар жайын әңгімеледі. Ал, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалы директорының орынбасары Данияр Медетбеков облыстағы халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жайын баяндады. Одан бөлек, ол аудандардағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының материалдық-техникалық базасы мен жаңартылған ғимараттар жөнінде сөз қозғады. Өз кезегінде бұл саладағы жұмысқа көңілі толған А.Шпекбаев Астананың өзінде мұндағыдай ілгерілеушілік жоқ екенін айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Одан кейін облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің әкімшісі Айбек Әжібаев аймақтағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.
«Достық» үйінің үлкен залында агенттік төрағасы жергілікті және еліміздің оңтүстік өңіріндегі бизнес қауымдастық өкілдерімен, инвесторлармен кездесіп, олардың сауалдарына құлақ түріп, сала бойынша қалыптасқан күрделі мәселелер төңірегінде пікірлесті. Кәсіпкерлер негізінен отандық өнімдерге қолдау білдіріп, ішкі нарықтың қорғалуын қамтамасыз етуге ықпал етуін сұрады. Себебі, шымкенттік ауыр металл өнімдері көп жағдайда көрші елдерге сатылып, жергілікті тұтынушыларға жетпей қалып жатады екен. Ал, жарық диодты шамдар құрастыратын тараздық «Энерджи Тараз» компаниясының басшылары мемлекеттік сатып алу бойынша түсініксіз ахуал қалыптасып отырғанын жеткізді. Нақтылай түссек, келесі жылы Алматы билігі оңтүстік астанадағы жиырма мыңнан аса көше шамын ауыстырмақ екен. Алайда, мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша таңдау ресейлік өнімдерге түскен. Бірақ, тараздық шамдар барлық сапалық бақылаудан оң шешім алып, көршілес мемлекеттің тауарынан еш кемшілігі болмай, бағасы жөнінен арзанға түссе де конкурстан өте алмаған. Компания өкілі А.Шпекбаевтан осы мәселе бойынша зерделеу жүргізіп, отандық өнімдерге қолдау білдіруге ықпал етуін өтінді.
Инвесторлар мен еліміздің оңтүстік облыстарынан келген кәсіпкерлерді мұқият тыңдап, әр сұраққа нақты жауап берген Алик Жатқамбайұлы әрбір өтініштің жерде қалмайтынын және бақылауға алынатынын айтты.
Сондай-ақ, Алик Шпекбаев өңірдегі іссапары барысында қайта жаңғырған «Жеңіс» саябағы мен «Ақыртас» тарихи кешенінде болып, мұндағы жасалған жұмыстармен танысты.

Талғат НҰРХАНОВ,
Саятхан САТЫЛҒАНОВ,
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.