Қарлы боран құрсауынан 5 мыңға жуық адам құтқарылды | arainews.kz

Қарлы боран құрсауынан 5 мыңға жуық адам құтқарылды

52

Кеше облыста жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, республикалық маңызы бар автожолдар жабылды. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров өңірдегі құтқару жұмыстарының нәтижесі және жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай бойынша баспасөз конференциясын өткізді.

Спикер ауа райының күрт нашарлауына (температураның төмендеуі, қарлы боран, көрудің нашарлығы) байланысты 12 желтоқсаннан бастап кезең-кезеңімен республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автобанының «Тараз–Алматы» бағыты бойынша және облыстық маңызы бар бірқатар жолдар жабылғанын хабарлады.
– 13 желтоқсаннан бастап облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша арнайы құрылған өңірлік жедел штаб жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда құтқару жұмыстарының нәтижесінде 5 мыңға жуық адам құтқарылды. Қаза тапқандар туралы ақпарат тіркелген жоқ. Соңғы екі сағаттың ішінде құтқарушылар күшімен 100-ден астам адам, 48 жеңіл автокөлік эвакуацияланды.
Құтқару жұмыстары жалғасуда. Ол үшін 171 адам және 76 техника жұмылдырылды. Жолдағы блок-бекеттерге полиция нарядтары қойылған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жанынан «Жедел көмек желісі» іске қосылды. Қазіргі уақытта Қордай және Шу аудандарында қосымша 825 орындық 9 жылыту пункті ұйымдастырылды.
Электр желілерін қалпына келтіру үшін «Жамбыл электр желілері» ЖШС-нің 23 авариялық-құтқару жасағы мен 27 арнайы техникасы жұмылдырылған. Газ құбырлары бойынша апаттар тіркелген жоқ, штаттық режимде жұмыс істеуде. Шу–Отар учаскесінде электр энергиясының сөндірілуіне байланысты 13 жолаушылар пойызы тоқтатылған болатын. 15 желтоқсандағы жағдай бойынша пойыздардың қозғалысы қалыпқа келтірілді. Облыстың басқа елді мекендеріндегі жағдай тұрақты.
«Қазгидромет» РМК-ның болжамына сәйкес, алдағы күндері желдің секундына 30 метрге дейін ұйытқуы жалғасады деп күтілуде. Сондықтан тұрғындардан жолдардың жабылуына қатысты ескертулерді мұқият сақтауды және қолайсыз ауа райы кезінде жолға шықпауларын сұраймыз. Өкінішке қарай, бүгінде жүргізушілер жолдағы блок-бекеттерді айналып өтуге тырысқан жағдайлар анықталуда, соның салдарынан олар өздерінің де, құтқарушылардың да өмірін қатерге тігуде. Сондай-ақ, тұрғындарды тек ресми ақпараттарға сенуге шақырамыз, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Айта кетейік, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің шешімімен 2023 жылғы 14 желтоқсанда Қордай және Шу аудандарының аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.