Қапиядағы қаза тәртіп пен тәрбиенің осалдығын әшкере етті

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен облыстық «Jambyl» телеарнасында Денис Теннің қайғылы қазасына себеп болған мәселелерге байланысты «Қоғамдық талқылау» бағдарламасы эфирге шықты. Бір сағаттан астам уақытқа созылған бұл бағдарламаны белгілі тележурналист, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли жүргізді.

Ол кіріспе сөзінде Азия ойындарының чемпионы, Сочи Қысқы Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің қазасы қалың елдің қабырғасын қайыстырғанын, бұл жағдайға Жамбыл жұртшылығы да күйзелгенін, облыс әкімі Асқар Мырзахметов чемпионның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдағанын, облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов әйгілі спортшыны жерлеу рәсіміне қатысып қайтқанын, бұл чемпионға лайықты көрсетілген құрмет екенін айтып өтті.
Мұнан соң Б.Уәли «Олимпиада жүлдегеріне қастандық жасады» деген күдікпен қамауға алынған екі күдіктінің бірі – Нұралы Қиясовтың біздің облыстың тумасы екендігін жеткізді. Бұл бағдарламаға негізгі қонақ болып облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев, облыстық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Уәлихан Сексенбаев, облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек, қоғамдық ұйымдардың өкілі Парида Мамедова қатысса, студияда көпшілікпен бірге 6 басқарманың басшысы отырды.
Алдымен Жандар Кәрібайұлы сөз алып, әл-Фарабидің «Тәрбиесіз алған білім қауіпті» деген сөзін мысалға келтіре отырып, жастарға берілуі тиіс ұлағат, тағылымдар жөнінде толғана ой қозғады. Келесі бір сәтте Б.Уәли: «Жастардың қылмысқа баруы жұмыссыздықтан емес пе?» деп, ортаға сауал тастады. Бұл сауалға облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков жауап беріп, жұмыспен қамту бойынша мемлекет тарапынан бағдарламалар жасалып, қолдаулар болып жатқанын, кейбір жастардың жаңа мамандықтарға оқығысы, жаңаша ізденгісі келмейтінін тілге тиек етті. Жүргізуші: «Біздер дала заңынан, түрмесіз қоғамнан қалай ажырап қалдық, себебі неде?» деп сауал тастады. Бұл орайда мәдениет саласының ардагері, Тараз қаласының Құрметті азаматы Әлібек Әмзеұлы осы кезге дейін де талай тосын жағдайларға дүрліккенімізді, артынша бәрі ұмытылғанын, тәртіп пен жауапкершілікті жүйеге келтірмей, нәтижеге жете алмайтынымызға тоқталды. Мұнан соң облыс әкімдігі басқармаларының басшылары Рахия Тұрмаханбетова, Дүйсенәлі Бықыбаев, Нұрбол Жүнісбеков, Мәди Мәтен өз салалары бойынша ойларын ортаға салды. Қоғамдық ұйым өкілі Жанна Мамашева, блогерлер Ихтияр Мырзахметов, Исламбек Дастан, ТИГУ-дің проректоры Гүлшат Құламанова пікірлерін білдіріп, тәрбие мәселесіне аса мән берілуі керектігін әңгімеледі. Берік Уәли «Әр қазақ «Кім едік, кім болдық, ертең кім боламыз?» деген сауалға жауап бере жүрсе» деген тұжырыммен бағдарламаны қорытындылады.
Денис Тен – Отанымыздың намысы, байрақты бәсекелерге салар айбарлы ұлы еді. Рас, оған лайықты құрмет көрсетілді, көрсетіле де берер. Өкініштісі, өзінен қапияда айырылып қалғанымыз. Енді осындай өкінішке ұрынбаудың жолын іздеген жөн. Мүмкін, даңқты спортшылар мемлекеттік тұрғыдан қорғалуы тиіс болар. Заңмен. Бір кездері Илья Ильинді де, Ермахан Ыбырайымовты да белгісіз біреулер соққыға жығып кетті емес пе? Бекзаттың тағдыры анау… Иә, бұл тұрғыда ойланар жағдай көп. Облыс әкімінің қолдауымен Денис Тенге арнайы бағдарлама ұйымдастырылуы да осыған жасалған қадам.
Біз облыстық «Jambyl» телеарнасы басшылығымен де сөйлескен едік.
– Бұл «Қоғамдық талқылау» телеарнаның тұрақты бағдарламасы емес. Әрине оның бетін әрмен қылсын, осындай оқыс жағдайлар, резонанс, дүмпу тудырған оқиғалар кезінде, көптің талқысы керек кезде эфирге шығарып тұрамыз. Бұл жолы облыс әкімінің қолдауымен Денис Теннің қазасына байланысты бағдарлама жүргізілді. Алдағы уақытта аса керек жағдайда эфирге шығады, – деп түсіндірді аталған телеарна директорының орынбасары, бас редактор Нұржан Мергенбай.

Есет ДОСАЛЫ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.