«JAMBYL» телеарнасы тың жобалармен көрерменді қуантпақ | arainews.kz

«JAMBYL» телеарнасы тың жобалармен көрерменді қуантпақ

222

«Qazaqstan» рес­пу­бли­калық телерадио­корпорациясы» акционерлік қоғамы жаңа телеви­зиялық маусымын бастағаны белгілі. 1958 жылдан бері хабар таратып келе жатқан корпорация құрамындағы «Qazaqstan», «Qazsport», «Balapan» телеарналары бүгінде көрерменнің көзайымына айналып үлгерсе, биылдан бастап «Tamasha.tv» телеарнасы тұңғыш рет көпшілікке жол тартты. Осы орайда, корпорацияның құрылымдық бөлімшесі саналатын аймақтық «JAMBYL» телеарнасы да осы аптада жаңа маусымының тұсауын кесті.

«Достық үйінде» өткен салтанатты шараға сала ардагерлері, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, блогерлер мен жастар қатысты.

Шара барысында сөз алған «Qazaqstan» РТРК АҚ өндірістік орталығының директоры Меруерт Құмарова корпорацияның жаңа маусымдағы жобаларымен таныстыра келе, аймақ өмірінде айрықша орын алатын «JAMBYL» телеарнасының 30 жылға жуық жемісті жұмысына алғысын білдірді. Және жаңа маусымның ашылуымен көпшілікті құттықтады.
– Биыл қазақ телевизиясы тарихында ерекше жыл. 60 жылдық белесті бағындырып отырған «Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясы осы уақыт бедерінде өмірдің айнасына, қазақ зиялыларының рухани қазынасына айналды. Тележобаларымыздың саны жыл санап артып, эфир жаңа бағдарламалармен толығуда. Атап айтсақ, биыл көрерменге «Шаңырақ», «Шипагер», «Жан жүрегі» жобалары ұсынылатын болса, «Mен QAZAQPYN» мегажобасы екінші маусымын бастап кетті. Одан бөлек, биыл «Qazaqstan» телеарнасы мән-мазмұны ерекше 16 телехикаяны көрерменге жолдап отыр. Ал, «Balapan» арнасы тұңғыш рет аннимациялық мультфильмдердің түсірілімдерін қолға алып, «Қоңыр қаз» жобасымен бүлдіршіндерді қуантуда. Сондай-ақ, «Disney» туындыларын қазақ тіліне аударып, қазақстандықтар үшін теңдессіз тарту жасауда. «Qazsport» телеарнасы бұған дейін әлемдік додаларды үзбей көрсетіп келген болса, енді футболдан Еуропа, Чемпиондар лигасының тікелей көрсетілімдерін тұрақты түрде ұйымдастырмақ. Бұл тұрғыда үш жылға жасалған ортақ келісімшарт бар. Биыл ашылып отырған «Tamasha. tv» арнасының да көпшілікке ұсынар сүйінші жаңалықтары аз емес. Аталмыш арнада ән де, әзіл де болады.
Осы орайда, корпорацияның аймақтық айнасы «JAMBYL» телеарнасының 30 жылдық жемісті жұмысын атап өткім келеді. Әулиеаталық телеарна бүгінде жас журналистердің ұстаханасына айналды. Қасиетті қарашаңырақтан түлеп ұшқан тілшілер қазір еліміздің әр түкпірінде қызмет етуде. Сондықтан, телеарна жұмысына табыс тілей отырып, жаңа маусымның ашылуымен көпшілікті шын жүректен құттықтаймын. Әр шаңырақта Ұлттық арна қосулы болсын! – деді М.Құмарова.
Бұдан кейін облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали сөз тізгіндеп, «JAMBYL» телеарнасының өңірдің ақпарат айдынында алатын орнын ерекше бағалады.
– Бүгін айрықша іс-шараның куәсі болып отырмыз. Бірер жылдан бері «Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясының 14 филиалында жаңа маусымның тұсаукесер шарасын өткізу қолға алынса, бүгін өңірлік арна осы бастамаға үн қосып отыр.
Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы корпорациямен, «JAMBYL» телеарнасымен осы таңға дейін қоян-қолтық жұмыс жасап келді. Алдағы уақытта да осы бағытымыздан айнымайтынымыз айқын. Бұйыртса, жаңа маусымда аймақтық арнамен біраз жобаларды біріге қолға алсақ деп отырмыз. Бұл бастамаларымыздың жемісті боларына сенімдімін. Себебі, өзім де Ұлттық арнаның қазанында қайнап, бірқатар бағдарламаның жемісті жұмысына ұйытқы болдым. Сондықтан, менің телеарнамен жаным бір.
Келер жылы «JAMBYL» телеарнасы 30 жылдық белесін атап өткелі отыр. Бұл мерейтойға да жоспарлап жатқан жобаларымыз баршылық.
«JAMBYL» телеарнасының жаңа маусымы құтты болсын!, – деді Берік Уәлиұлы.
Жалпы, бүгінде «JAMBYL» арнасы өңірдегі электронды БАҚ өкілдерінің көшін бастап келеді. Тәулігіне 17 сағат хабар таратылса, оның 60 пайыздайы телеарнаның төл өнімі. Жаңа маусымның тұсаукесерінде сөз алған «JAMBYL» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіхалық осы жұмыстар мен жаңа жобалар жайлы тереңірек таныстырды.
– «JAMBYL» телеарнасы 29 маусымын қарсы алып отыр. Мұндай дәстүрлі маусымашар аймақтарда екінші жыл қатарынан өткізілуде. Осындай бастамаға мұрындық болып отырған «Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қаринге алғыс білдіремін.
Шындығына келгенде, қазір болған жаңалық 6 сағатта 6 құрлыққа тарайтын заманда телеарнаның ықпалы мен рөлі де күн санап күшейе түсуі заңдылық. Әлемдік даму көшіне керуен қосқан отандық ақпарат айдынында аймақтық арналардың өзіндік орны бар. Себебі, республикалық телеарналардың өңірлер тынысын, аудан-ауылдардағы ахуалды, ел ішіндегі күнделікті оқиғаларды толық қамти алмайтыны белгілі. Бүгінде біздің филиалда жүзге жуық қызметкер жұмыс істейді. Оның 20 пайызы ғана журналист. Айтпағым, эфирдің арғы жағында көзге көрінбейтін қаншама адамның жұмысы бар. Ол – режиссер, оператор, дыбыс қадағалаушы, жарық қоюшы, көлік жүргізуші және өзге де мамандар. Міне, осы қызметкерлердің еңбегі әркез ерен.
Әулиеата қазақылығы уыздай ұйыған өңір болғандықтан, телебағдарламалардың бұған дейін 80 пайызы мемлекеттік тілде жүргізілсе, биыл бұл көрсеткішті 85 пайызға жеткізіп отырмыз.
Филиалдың материалдық-техникалық, қаржылық және кадрлық әлеуетін ескерсек, күн сайын 17 сағат эфирді керемет етіп шығару мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, аймақтық арналар рейтинг қуаламауы керек. Осы орайда, біз санға емес, сапаға көңіл бөлгенді жөн санадық. Жыл басында 40-тан астам телебағдарлама болса, жаңа маусымда оны 27-ге дейін қысқартып отырмыз. Бірақ, эфирде өзіндік өнім үлесі кемімейді. Бұл мамандарға қосымша ізденіске мүмкіндік беріп, хабардың мәні мен мазмұнын арттыру үшін жасалып отырған қадам, – деп баса айтқан арна басшысы биыл «JAMBYL» телеарнасы көрермендерін қандай жобалармен қуантатынына тоқталды.
– Әр таң сайын көрерменмен қауышатын «Рауан» ақпаратты-танымдық, сазды бағдарламасы 2 сағат бойы тікелей эфирге шығуды жалғастырады. Сонымен қатар, жаңа маусымда «ALAMAN» атты ашық пікір додасы көрерменге жол тартады. Саяси салмағы бар ток-шоу нағыз ой-пікір бәйгесіне айналады деп сенеміз. Одан бөлек, өнегелі өткеніміздің қыры мен сырын өскелең ұрпаққа таныту мақсатында «ḠASYR KERẎENI» жобасының тұсауын кесіп отырмыз. Бұл – тарихи танымды таразылайтын интеллек­туалды ойын болады. «DAMẎ.KZ» мемлекеттік бағдарламаларды, даму жолын­дағы жетістіктерді насихаттайтын тележоба. «Достық дастарханы» бағдарла­масы түрлі ұлттар мен ұлыстардың ұлттық тағамдары туралы баяндап, берекелі бірлікті насихаттайды.
Өздеріңіз білесіздер, «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қариннің бастамасымен былтыр «Men QAZAQPYN» халықаралық дәстүрлі өнер додасы бастау алған болатын. Биыл аймақтағы іріктеу шаралары барысында біз түрлі ұсыныс, пікірлерді ескере отырып, қазақтың дәстүрлі әні мен күйіне және термесіне эфирден орын беруді жөн деп таптық. Бірақ, «JAMBYL» арнасындағы «Mен QAZAQPYN» жобасы байқау ретінде емес, ұлттық өнерді насихаттау көкжиегін кеңейту мақсатында жалғасады.
Жаңа маусымда «JAMBYL» арнасындағы жаңалықтың бірі – «Кеш жарық» жобасы болғалы тұр. Студиялық бағдарлама сенбі және жексенбі күндері 1 сағат тікелей эфирге шығады. Бұл жобаның басты мақсаты – әлеуметтік желі мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана отырып, көрерменмен кері байланысты нығайту. Яғни, көрерменге тікелей эфирде аудио және бейнебайланысқа шығуға мүмкіндік беретін боламыз.
«Өнер TIME»-да жаңа маусымда көрерменге ұсынар жобаларымыздың бірі. Әлбетте, өнердің қамтитын ауқымы кең, театр, әдебиет, эстрада, тіпті тойдың өзі ұлттың мәдени ордасына айналып бара жатыр. Міне, осындай маңызды мәселелер майдан қыл суырғандай талданып, өрелі ой өлеңмен өріліп, әнмен көркемделіп отыратын жаңа форматтағы өнер кеші көрерменге жол тартады, – деген Жасұлан Лесбекұлы биыл телеарна әлеуметтік роликтерді де түсіруді қолға алғанын хабардар етті. Тағы бір үлкен жаңалық, 2019 жылдан бастап «JAMBYL» арнасы толықтай цифрлық хабар таратуға көшеді. Бүгінде бұл бастамаға телеарна 95 пайызға дайын тұр.
Міне, осындай тың жобалар мен алда тұрған мақсатты міндеттермен жан-жақты таныстырған Жасұлан Әбдіхалық сөз соңында әріптестерін жаңа маусымның ашылуымен құттықтай келе, салтанатты шараға келген көпшілікке алғысын білдірді.
Бұдан кейін ардагер-журналист Қалыбек Атжан сөз алып, маусымашар шарасының маңыздылығына тоқталды.
Ал, шара соңында «JAMBYL» теларнасының тікелей ықпалымен жарық көрген «Елімді сүйем» әнінің бейнебаяны көпшілікке ұсынылып, Кенен Әзірбаев атындағы филармония өнерпаздары әуезді әннен шашу шашты.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.