Ел болашағына жасалған бағдар | arainews.kz

Ел болашағына жасалған бағдар

837

Жолдау – елдің болашағына жасалған бағдар. Мемлекеттің дамуына ықпалын тигізетін, жаңа бастамалардың жарыққа шығуына серпін беретін маңызды құжат. Биыл жаңа президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауын жария етті.

 «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген тақырыппен таныстырылған Жолдауда мемлекет басшысы Қазақстанның ілгерілеуіне кедергісін тигізетін, көлеңкесін түсіретін кемшіліктерді жіті қарап, терең сараптап қана қоймай, олардың түбегейлі оң шешімін табуына ықпал ететін тетіктерді тізбелеген. Соның ішінде құқықтық құрылымдар, сот билігі, заңдық сауаттылық мәселесі де арнайы тарауда рет-ретімен көрсетілген екен.

Жолдаудың екінші бөлімі «Азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп аталып, онда осы салаға қатысты назарда ұсталуы тиіс көптеген мәселелер көрсетілген. Мемлекет басшысының айтуынша, елдегі ортақ қауіпсіздікті сақтап, азаматтар құқығын бұзбаудың негізі сот саласы мен құқыққорғау құрылымдарын терең, сауатты реформалауға байланысты.

Соның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы әкімшілік юстиция енгізуді тапсырды. Бұл ерекше механизм өзара, қос тарап арасында келіспеушілік болған жағдайда жұмысты жеңілдету үшін қажет болған. Мәселен, қылмыскерге жаза тағайындар кезде оған айғақтар жетіспеген жағдайда, оны жинақтау тек мемлекеттік органдағыларға жүктеледі. Және қазіргі қоғамда, әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен мәселе де Президенттің назарынан тыс қалмады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам зорлау, зәбір көрсету мен педофилдерге қатысты жазаны қатаңдатуды тапсырды. Жолдауды мұқият тыңдаған шымкенттік судьялар Мемлекет басшысының бұл жолдауын құп көретінін жеткізді.

Азаматтардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы жоба-жүктемелерді тізбектей келе, ең бірінші кезеңде 2020 жылдың соңына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта жасақтауды міндеттеді. Сондай-ақ, Ішкі істер қызметін реформалауға алдағы 3 жыл ішінде 173 млрд.теңге бөлінбек. Бұл қомақты қаржы полицейлердің жалақысын аттыруға, баспанамен қамтуға және жергілікті жерлердегі полиция басқармаларына қарасты заманауй фронт-офистерді ашуға жұмсалады.

Жолдауды Қазақстан халқына қызмет ететін, оның әлемдік мемлекеттер арасында бәсекеге қабілетін күшейтетін тарихи маңызы бар құжат деп бағалаймыз. Себебі, Президенттің Үкіметке жүктеген әрбір тапсырмасы ел үшін тағдырлық маңызы бар, дамудың тынысын ашатын салаларды қамтиды. Жолдау барлық Қазақстан қоғамын жаңартуды қамтамасыз ететін жаңа экономикалық саясатқа негіз болады. Жолдау жаңа міндеттерді жаңаша шешуге бастайды.

Г. Ибраимова,

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің

ЖД-158/2 мекемесінің аға инспектор психологы,

әділет аға лейтенанты

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.