Данияр Ақышев ипотека туралы: Әркім шамасына қарауы керек | arainews.kz

Данияр Ақышев ипотека туралы: Әркім шамасына қарауы керек

131

ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй қарыздарын беруге қатысты ведомствоның нақты ұстанымын айтты.

«Ипотека дегеніміз — әрбір азаматтың өз мүмкіндігін саралауы керектігін білдіреді. Азамат 25 жыл бойы несие төлегісі келе ме? Иә, ставканы төмендетіп, жүктемені азайттық. Егер пәтердің бағасы 10 миллион теңге болса, төленуі тиіс айлық төлем 57 мың теңгеге тең. Мұнда сондай-ақ, 2 млн теңгелік алғашқы жарнаны салу керек. Ал алғашқы жарна берілгеннен кейін жоғарыда аталған соманы 25 жыл бойы төлеу керек болады», — деді Ұлттық банк төрағасы Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап беріп.

Данияр Ақышев сонымен қатар, мұндай займды ресімдеу үшін қажетті азаматтардың төменгі кірісі туралы да сөз қозғады.

«Ол үшін сіздің айлығыңыз шамамен 112 мың теңге болуы керек. Кез келген жеке тұлғаға несие берген кезде банктер осы тәжірибені ұстанады. Демек, қарыз жүктемесі азаматтардың айлығының 50 пайызынан аспауы тиіс. Болмаған жағдайда әлгі адам бар ақшасына қарызын жапса, өзі қалай өмір сүреді? Менің ойымша, адамдар өз мүмкіндігін нақты есептей алатындай өте ыңғайлы амал ұсынылып отыр», — дейді ҚР Ұлттық банк төрағасы.

Сөз соңында Данияр Ақышев әрбір азаматты өз мүмкіндігін жіті есептеп, сараптап алуға шақырды.

«Келешекте мәселе туындамастай шешім қабылдануы керек деген ойдамын. Адамдар қарызды алуын алып, кейін «төлей алмай жатырмыз, қандай да бір жеңілдік көрсетсеңіздер» демейтіндей болмауы тиіс. Ұлттық банк Мемлекет басшысының аузынан шыққан жеңілдіктерден басқа ешбір жеңілдікті енгізіп отырған жоқ», — деді Данияр Ақышев.

Еске сала кетсек, бұған дейін Үкімет отырысында Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасы бойынша Астанаға жақын аймақтарда ипотеканың шекті бағасы көтерілгенін мәлім еткен болатын.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.