Бразилияда қорықтар жекенің меншігіне берілуі мүмкін | arainews.kz

Бразилияда қорықтар жекенің меншігіне берілуі мүмкін

209

Бразилиялық қорықтарға жеке компаниялар иелік етуі мүмкін. Мемлекеттік және жекеменшік туристік фирмалар бұл орайда келісімге келмек, – деп хабарлайды «ARAINEWS» ақпарат агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Оларды қорықтарды туристік виллаларға айналдырмақшы. Ал құқық қорғаушылар заңнамаға қарсы қол жинап жатыр. Себебі мұндай базалар қорықтағы сирек кездесетін аң-құстар мен экзотикалық өсімдіктердің көзін жоюы ықтимал.

Экологтар қорықтардың жекенің меншігіне өтетінін айтып, бұрынан дабыл қағып жүр. Бірақ оған құлақ асып жатқан атқамінерлер жоқ. Келісім құжаттары дайын, енді ресми өкілдердің қолы ғана қажет. Демек, бразилиялық фауна мен флора түгелдей кәсіпкерлер қолына өтеді.

Рожерио де Соуза, кәсіпкер:

— Мұндайда алаңдаушылық білдіру қалыпты жағдай. Бірақ шектен шығудың қажеті жоқ. Біз өзіміздің мүмкіндігімізді пайдаланып, қорықтарды кеңейтеміз, дамытамыз. Әрине кәсіпкерлер өз мүддесін де ойлайды. Дегенмен, табиғатқа еш зиян тимейді. Ал экзотикалық өсімдіктерге келер болсақ, олар енді мемлекетке емес, нақты бір адамға тиесілі.

Биліктегілер де кәсіпкерлердің қорыққа жанашырлықпен қарап, жаңа тыныс сыйларына сенімді. Туристер тартылып жатса, ол мемлекет үшін де тиімді. Ал экологтар қорықтардың ақша жасайтын емес, сүйсіне тамашалап демалатын орын екенін алға тартады.

Филипе Галено, эколог:

— Жеке компаниялар қаласа, мына жерде сафари жасап жібере алады. Сирек кездесетін жануарларды атып, тыйым салынған жерде қыдырғысы келетін туристер бар.  Адамның қалауы осы. Табиғатты құрту заң жүзінде бекітіледі деп еш ойламап ем.

Құжатқа қол қою мемлекетті тұмса табиғатты қорғау міндетінен босатады. Әзірге ормандар мен бақтардың қандай шартпен әрі қаншаға сатылатыны белгісіз. Ал заңнамаға қарсы топтың үндеуіне мыңдаған адамдар қол қойып үлгерді.

 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.