Бос күлкі жүректі қарайтады | arainews.kz

Бос күлкі жүректі қарайтады

140

Ислам діні әзіл-қалжыңға тыйым салмайды. Бірақ, әзілдесу мен күлкінің де шегі болатынын адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбардан (с.а.у.) жеткен хадистерден білу қиын емес.

Өзгені қуанту мақсатында өтірік араластырмай, ешкімге зияны жоқ қалжың айту – Пайғамбардың (с.а.у.) сүннеті. Басқаның жүзіне күлкі үйіріп, қуаныш сыйлау ислам дінінде сауапты іс, садақаға баланғанымен, дарақы, бос күлкі, кісінің көңіліне келетін әзіл айту, оны мазақ қылуды шариғат құптамайды. Өйткені, «Мұсылман деген кім?» деген сұраққа Пайғамбар (с.а.у.): «Мұсылман – қолымен де, тілімен де өзге мұсылманға зиянын тигізбейтін адам»-деп жауап берген. Сонымен қатар, Әннас ибн Мәліктің (р.а.) құлағының үлкендігін мақтау ниетімен оны «Уа, екі құлақтың иесі» деп шақыруы, «Жәннатқа кіремін бе?» деп сұраған қарияға «Жәннатқа кемпірлер кірмейді» деп, жұмаққа әйелдердің жас әрі сұлу қалпында кіретінін меңзеп әзілдеуі Пайғамбардың (с.а.у.) әзілдесе де тек шындықты айтқанын көрсетеді.

Бүгінде жасырын камераға түсіріп, көшеде жүрген адамдарды алдау жиілеп кетті. Алайда, солардың басым бөлігі шектен шығып, алданған адамның үстінен миллиондаған көрерменнің күлуіне себеп болып жатыр. Дәл осы жерде мұндай алдау операцияларын ұйымдастыратын әзілкештер екі нәрсеге мән беруі қажет:

  1. Алданған адамның денсаулығына, жүйке жүйесіне қандай зиян келетінін;
  2. Көрерменді бос күлкіге қарық қылып жатқанын.

Яғни, екі жағдайда да түсірілім тобы қателік жасап жүргендерін білгені абзал. Өйткені, бізге жеткен хадистерде «Бауырыңның үстінен күлуші болма, Алла Тағала оған мейірім етіп, саған пәле жіберуі мүмкін» және «Көп күлу жүректі қарайтады» делінген. Мұндайда бабаларымыз «Күлме досқа, келер басқа» десе, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

Ақылыңа айырбаста күлкіңді,

Қайтесің сол күлкі дейтін шіркінді?!

Бейқам күліп өспеген соң өз басым,

Бос кұлкіні ұнатпаймын бір түрлі…, — дейді.

Расында, бос күлкі адамды бейқамдыққа жетелесе, ең әділ саналған саңлақ сахаба Омар ибн Хаттаб (р.а.):

«Кімнің күлкісі көбейсе, айбаты азаяды, кім көп қалжыңдаса, абыройы азаяды, кім бір әрекетті көп қайталаса, сонымен танымал болады, кімнің сөзі көбейсе, қатесі көбейеді, қатесі көбейгеннің ұяты азаяды, ұяты азайғанның тақуалығы азаяды, тақуалығы азайғанның жүрегі өледі, өйткені күлкі кісінің ахиреттен бейхабар екендігін көрсетеді.» — деген.

Сөз соңында, әзілдесудің жөні осы екен деп орынсыз қылжақтай берудің өзіңе де, өзгеге де зиян екенін тағы да еске саламыз. Керісінше, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмір жолын үлгі етіп, тек қана шындықпен әзілдесуге кеңес береміз.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

kazislam.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.