Облыстық «ARAI» жастар газетінің жаңа жобаларының бірі – «Ашығын айтқанда» айдары ә дегеннен әлеумет тарапынан қызу қолдау тауып үлгерді. Бүгінгі облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтенмен өрбіген сұхбатта тындырымды тірліктер мен түйткілдердің түйінін тарқату тетіктері әңгіме өзегіне айналды.
– Мәди Мейірбекұлы, жаңа оқу жылы басталып, облыс орталығына студенттер ағылып, мектептерде қызу тіршілік қайнай түсті. Бұл – жастар басқармасы жұмысының жандана түсетін уақыты. Айтыңызшы, алда қандай тың жобаларды қолға алғалы отырсыздар?
– Қазіргі таңда облыс көлеміндегі 49 орта оқу орны мен 3 жоғары білім ордасында 50 мыңға жуық студент білім алуда. Жастардың әлеуметтенген бұл тобы жастар басқармасының назарынан тыс қалған емес. Олардың жатақхана мәселесі, құқықбұзушылық, идеологиялық сана-сезімін арттыру, рухани жаңғыру сынды бастамалардың барлығы жұмыс жоспарымызда бар. Десе де, студенттер мен мектеп оқушыларының негізгі міндеті білім нәрімен сусындау болғандықтан, біз негізгі күшті ұйымдаспаған және әлеуметтенбеген жастармен жұмысқа бағыттап отырмыз. Бұл тұрғыда аймақ басшысының тапсырмасына сай облыстағы жастар саясатын іске асыру жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған жол картасы әзірленуде. Картада айқындалған негізгі міндеттердің бірі – жастар жұмыссыздығын азайту. Жыл басында облыс әкімі мен басқарма, аудан және құрылымдық мекемелер арасындағы мәміле негізінде бекітілген 10 индикатордың қазір алтауы осы жастарды жұмысқа тартуға бағытталған. Жоспар жыл соңына дейін 12 003 жасты жұмыс орнына жұмылдыру болса, алты айдың қорытындысында 5 732 жас қызметке тартылып, есепті мерзімге белгіленген жоспар артығымен орындалды. Бұдан бөлек, басқарма жастарды жұмыспен қамтудың арнайы іс-қимыл алгоритмін белгіледі. Аталмыш бастама аясында оқу орнын аяқтаған барлық түлектердің, жұмыссыз ретінде тіркелген, тиімсіз еңбекпен айналысатын, ҰБТ-да шектік межеге жете алмаған жастардың тізімін әзірледік. Бұл базада қазір 10 732 жастың аты-жөні, мекенжайы, білімі және ұялы телефонының нөміріне дейін тіркеліп тұр. Сондай-ақ, аймақ жастарының есебінен өзге өңірдегі еңбек ұтқырлығын арттыру бастамасы аясында Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарымен байланыс орнатып, мәмілеге келудеміз. Жыл басында өткізген бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі нәтижесінде қазір 30 жас өзге өңірде еңбек етуге өтініш білдіріп отыр. Міне, осы жастармен қазір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Одан бөлек, облыстағы 1 859 жұмыс берушімен келіссөздер жасау арқылы, 5 554 бос жұмыс орнын анықтадық. Осы бос орындарға жоғарыда аталған базада тұрған жастарды қабілет пен біліміне қарай жолдайтын боламыз.
Тағы бір айта кетерлігі, «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы аясында да білім алған жастарымыздың алғашқы толқыны биыл оқуын аяқтады. Жалпы, 2014 жылдан бері 820 жас өзге өңірлерде бағдарлама шеңберінде біліммен сусындаса, биыл соның 76-сы қолына дипломын алмақ. Оларды жұмысқа орналастыру үшін қазір қай өңірде білім алса, сондағы жергілікті билікке жұмыспен қамтуға ықпал ету туралы хат жолданды. Түлектермен «WhatsApp» желісі арқылы байланыс орнатылды. Басқарма биыл «жалаулатқан-алаулатқан» шаралардан гөрі, нақты іске көшіп отыр. Бұл жұмысымыз жеміссіз емес. Соңғы көрсеткіш бойынша өңірдегі жастар жұмыссыздығы 2,4 пайызға дейін төмендеді. Бұл өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда жақсы нәтиже. Десе де, біз бұл жетістікке тоқмейілсімей, жыл соңына дейін жұмыс қарқынын тағы үдете түсетін боламыз.
– Жастар жұмыссыздығымен күресудің бір жолы ретінде биыл облыста «Zhas Project» жобасы жанданды. Осы жобадан өзіңіз не күтесіз?
– Айта кету керек, облыста жастар саясатын тиімді іске асырудың 2018-2019 жылдарға арналған жол картасының екінші бағыты дәл осы жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған. Бұл мемлекеттік жобаны өңірге алып келу үшін аз күш жұмсаған жоқпыз. Нәтижесінде жоба жанданған алты облыстың құрамына еніп, жастарымыз 555 жоба ұсынды. Оның 222-сі жеңімпаз ретінде танылып, облысқа 435 миллион теңге инвестиция келді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Осы арқылы біз жастарымыздың өз кәсібін ашуға мол мүмкіндік тудырдық. 222 жобаның қатысушысы ретінде танылған 762 жасымыз қазір алғашқы қаржыларына қол жеткізіп, тірліктерін бастап кетті. Олардың жұмысын әр аудан, қаладан құрылған жұмысшы тобы бақылауда ұстап отыр. Сондықтан, мен жобаның өміршең әрі жемісті боларына толықтай сенімдімін. Одан бөлек, басқарманың бастамасымен «Zhas Project» жобасының өңірлік нұсқасын жасау да қолға алынуда. Әзірге қаржы көзі мен тұжырымдамасын нақтылау үстіндеміз. Осы жоба арқылы жастарға қосымша қолдау білдірсек деген жоспар бар. Тағы бір айта кетерлігі, жақында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті ректорымен меморандумға қол қойып, оқу орнынан ашылған «Жас кәсіпкерлерді қолдау» орталығымен де тығыз жұмыс жасасақ деп отырмыз. Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-мен келіссөздер жүргізіп, 78 азаматқа өз кәсібін ашу үшін жеңілдетілген несие алып беру жұмыстарын да жолға қойдық. Ал, бұл бағыттағы үлкен қадамымыз – биыл 700 жасты «Бизнес бастау» жобасы арқылы оқытып жатырмыз. Былтыр 200 жас бизнес ашудың әліппесін үйренсе, биыл бұл бағытқа бүкіл аудандағы замандастарымызды жұмылдырдым. Өз басым осы 700 жастың кемінде 40 пайызының несие алып, өз кәсібін бастайтынына сенімім мол. Оның әрқайсысы 3 адамды жұмыспен қамтыса, әлеумет әлеуетінің нығая түсетіндігі анық.
Бұдан бөлек, жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін 2017-2019 жылдарға арналған жоспар бекітіліп, 131 жобаның сызбасы әзірленді. Олардың қатарында елді мекендерде «Street workout», шағын футбол алаңшалары, мәдени нысандар сынды жобалар бар. Және нысандарды мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салу жағы да қарастырылуда.
Сондай-ақ, жол картасының төртінші бағыты – жастарды тұрғын үймен қамтудың оңтайлы тетігін табу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» келіссөздер жүргізілуде. Басқарма жүргізген есеп бойынша қазір облыс көлемінде 9 102 жас үй кезегінде тұрса, соның 4 645-і жас отбасылар екен. Міне, осы азаматтарды баспанамен қамту жолын табу үшін банктермен байланысымызды бекітіп, түрлі ұсыныстарымызды жасап жатырмыз. Әрине, бұл бірден шешілетін нәрсе емес. Десе де, түбі жас отбасылар үшін баспана алудың тиімді бір тетігі табылатындығына сенемін.
– Бүгінде жастар ресурстық орталықтарының жергілікті билікке қарайтыны белгілі. Десе де, жуырда осы жастар орталықтарындағы штаттық бірлікті оңтайландырып, орталықтандыру туралы бастама көтеріліп жатқанын құлағымыз шалып қалды. Ашығын айтыңызшы, не себепті мұндай қадамға барып отырсыздар?
– Баршаға белгілі, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының 8-басымдығы тиімді мемлекеттік басқаруға берілді. Яғни, ведомствоаралық мекемелердегі штаттық құрылымды қысқарту немесе біріктіру арқылы жұмыс тиімділігін арттыру. Бұл бағыттағы зерделеуде анықтағанымыз, облыстағы 11 жастар ресурстық орталығында 357 қызметкер бар болса, олардың штаттық бірлігі әрқайсысында әрқалай бекітілген екен. Мәселен, бір орталықта теолог маман болса, екіншісінде жоқ. Орталық директоры орынбасарының штаттық бірлігі бір ауданда қаралса, екіншісінде ондай лауазым ашылмаған. Осының бәрін саралай келе, аудан әкімдеріне штаттық бірлікті оңтайландыру туралы ұсыныс білдіріп, хат жолдадық. Қазір олар өз ұсыныстарын жасауда. Бұл мамандар қызметтен күштеп қуылады деген сөз емес. Жұмыстан босап қалған барлық мамандарға жергілікті билік екі қолға бір күрек тауып береді. Елбасының Жолдауынан туындаған мұндай шаралар тек жастар саясатында ғана емес, өзге де ведомствоаралық мекемелерде жүргізілуде. Сондықтан, бұл тұста даурығуға еш негіз жоқ.
– Облыс орталығындағы өзекті мәселелердің бірі – не санда, не санатта жоқ Шөлдала, Құмшағал сынды ықшамаудандардағы жастар жайы. Бұл мәселені облыстық «ARAI» жастар газеті бірнеше мәрте көтерді. Осы олқылықтың орнын толтырып, аталмыш аймақтағы жастардың санағын жүргізіп, қамқорлыққа алуға не кедергі болуда?
– Бұл мәселеден толықтай хабардармын. Кемшілік Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының аталған аумақтарға барып, ақпараттық жұмыстарды жүргізбегенінен туындап отыр. Оны орталықтың басшысы Нұрлан Қанатов та газетте жарық көрген мақалада айтып, ондағы жастардың нақты санын білмейтіндігін мойындапты. Бірақ, орталық директорының бұлай айтуына болмайды. Аумақ қалалық жастар ресурстық орталығына қарасты болғандықтан, ондағы жастармен барлық деңгейдегі жұмыстар жасалуы керек.
Ал, өзім басқармаға басшы болып келген күннен бастап жастарды ақпараттандыру жұмыстарына айрықша басымдық беріп келемін. Былтыр құрамына 15 саланың мамандары қамтылған «Ақпараттық керуен» 80-ге жуық елді мекенге шығып, жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Биыл да 20-ға жуық ауылды аралап, 15 мың жасқа мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес берілді. Осы кездерде көз жеткізгеніміз, шынында жастардың дені мемлекеттік бағдарламалардан бейхабар. Тиісті орындарға хабарландыру іліп, үйме-үй аралап түсіндірме жұмыстарын жүргізсек те, ауыл жастарының дені жиындарға келгісі келмей қашады. Бойларын бір енжарлық басып алған. Осыны сейілту үшін мамандарымыз дамыл таппай жұмыс істеді. «Әйтеуір, басқосуларымызға 100 жас келсе, соның 50 пайызы қажетті ақпаратын ұғып кетсе, ұтқанымыз» деп біз де шаршамай, барынша жұмыс жасауға тырыстық. Құмшағал округіндегі жастардың қарапайым «Zhas Project» сынды жобаны білмеуі осындай ақпараттық-насихат жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмегендігінен деп білемін. Облыс әкімімен бекітілген 10 индикатордың бірі – осы ақпараттандыру жұмыстары. Жыл соңында бұл тапсырманы жастар ресурстық орталықтарының қалай орындағаны таразыланады. Сонда орталық директорларының өз қызметіне қаншалықты жауапкершілікпен қарағаны белгілі болмақ.
– Жылда «Жылдың ең үздік жастар ресурстық орталығын» анықтап жатасыздар. Биыл қандай критерийлерге басымдық берілмек?
– Биыл облыс әкімі бекіткен индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысына байланысты үздік орталықты анықтаймыз. Одан бөлек, ағымдағы жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті және жастардың белсенділігін арттыру орталығымен бірлесе отырып, жастар саясатында жүрген 250 маманнан заңдар бойынша 70-ке жуық тестілеу алынды. Нәтижесінде, орталық мамандарының дені «3» деген баға алса, білімі мен біліктілігі өте төмен көрсеткіш көрсеткендер де болды. Жастар ресурстық орталықтарының негізгі жұмысы ақпараттық-әдістемелік консультация жүргізу мен мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес беру болатын болса, біз бұл сынақ арқылы мамандарымыздың қаншалықты сауатты екенін зерделедік. Және кез келген жасқа мемлекеттік бағдарламалар төңірегінде жоғары деңгейде ақпарат бере алады ма, жоқ па соны айқындадық. Жылдың үздік жастар ресурстық орталығын анықтауда осы көрсеткіштер де ескерілетін болады.
– Жуырда әлеуметтік желіде облыс әкімдігіне қарасты басқармалардың рейтингісі шықты. Онда ұйымдастырушылар басқарма басшыларының әлеуметтік желідегі белсенділігі мен ашықтығын бағалапты. Алайда, жастар саясаты мәселелері басқармасының көрсеткіші техникалық ақауларға байланысты көрініс таппаған екен. Осы бағалауға қатысты ойыңыз қалай? Жалпы, сіз басқарып отырған мекеме журналистерге, қоғамға қаншалықты ашық?
– Иә, ол рейтингті көріп, танысып шықтым. Қандай техникалық ақауларға байланысты көрсеткішіміздің көрінбей қалғанын білмеймін, бірақ, қазір басқарманың әлеуметтік желілерде 9 парақшасы жұмыс жасап тұр. Оған 9 252 адам тіркелген. Ресми парақшаларда жыл басынан бері 1 942 материал жарық көріп, оларды 42 372 адам оқыған. Ал, парақшаға кірушілердің 39 019-ы
лүпіл басып, бірде-бір дислайк болмаған. Мекеме жұмысының қаншалықты ашық екенін аңғаруға болатын шығар. Басқармалар арасында қандай рейтинг жүргізілсе де, біз бәсекеге қабілеттілігімізді әркез танытуға дайынбыз.
– Басқарма тарапынан ұйымдастырылатын дәстүрлі шараның бірі – «Студенттік бал» кеші. Осы салтанатты шарада «Жылдың үздік студенті» марапатталып жатады. Айтыңызшы, осы үздік студентті анықтауда білімгерлерге қандай талаптар қойылады?
– «Жылдың үздік студентін» анықтау үшін арнайы ереже бекітіледі. Және бағалаушы топ жасақталады. Жастар саясаты мәселелері басқармасы емес, осы бағалаушы топ оқу орындарының ұсыныстары бойынша үздік студентті таңдайды. Әрине, біз ол студенттің басқармамен қаншалықты деңгейде байланыста екенін және оның қоғамдық шараларға қатысудағы белсенділігін арнайы зерделейміз. Содан кейін шешім шығарылады. Расында, 50 мың студенттің ішінен бір ғана үздігін анықтау оңай емес. Сондай-ақ, «Студенттік бал» кешінде «Үздік өнерпаз», «Үздік спортшы», «Үздік белсенді жас» деген сынды номинациялар бойынша да дарабоз жастарды марапаттаймыз. Биыл бұл салтанатты кеш қараша айында өтеді деп жоспарлануда.
– Өзіңіз журналистер отбасында тәрбиелендіңіз. Әкеңіздің ұзақ жылдар бойы бұқаралық ақпарат құралдары саласында еңбек еткенін білеміз. Халық даналығында «Алма ағашынан ұзап түспейді» деген сөз бар емес пе? Сіз де шығармашылыққа жақын шығарсыз?
– Өкінішке қарай, ол қасиет дарымапты. Алайда, бала кезім редакция мен баспахананың арасында өткендіктен, газет-журнал оқуға жаным құмар. Осы мекеменің өзіне маған 10-ға жуық мерзімді басылым келеді. Аптасына екі рет сол газет-журналдарды үйге апарып, толықтай оқып шығамын. Тіпті, кейде түнде отырып газет оқитыным бар. Қанша жерден қауырт тірлік болып тұрса да, газеттерді қарап шығуға міндетті түрде уақыт табамын. Бір сөзбен айтқанда, бойыма шығармашылық қасиет дарымаса да, шығармашылық адамдарына жаным жақын.
– Өткен жылдың соңында «Бірінші дүниежүзілік жастар құрылтайын» Тараз төрінде өткізу туралы бастама көтерген едіңіз. Сол сәтте бұл жобаңыз жан-жақты қолдау тауып, көпшіліктің қызығушылығын тудырған-ды. Алайда, биыл құрылтай жөнінде әңгіме қозғалмады. Себебі неде?
– Басқарма «Бірінші дүниежүзілік жастар құрылтайын» «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізуді жоспарлаған болатын. Алайда, жобаның ауқымы кең болғандықтан, әзірге пысықталу үстінде. Бұл жөнінде облыс әкімінің де арнайы тапсырмасы бар. Және жобамыздан министрлік толықтай хабардар. Олар да қолдау білдіріп отыр. Бұйыртса, әбден ширап, нақтыланғаннан кейін бұл мәселеге қайта оралатын боламыз.
– Кезінде Ғани Мұратбаев, Әшір Бүркітбаев сынды қайраткерлер замандастарын ортақ мақсатқа ұйытып, батыл бастамалар көтерді. Сіз де жамбылдық жастардың жетекшісісіз. Бүгінгі замандастарыңызға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Жасыратыны жоқ, қазір кейбір жастардың бойында енжарлық басым. Десе де, көпке топырақ шашудан аулақпын. Көзі ашық, көкірегі ояу, өркениет көшіне, жаһандануға ұмтылған жастар аз емес. Мағжан Жұмабаевша айтсақ, «Мен жастарға сенемін»!
Дәл қазір жастар мемлекетке еш өкпе арта алмайды. Жастарды қолдау шаралары жыл санап артып, қалауларына қарай түрлі жобалар жандануда. Тіпті, «бабаларымыздың қиялы жетпеген жерлерге, жастарымыздың қаламы тиетін» күн туды. Ол аз десеңіз, «100 кітап» жобасы бойынша әлем ойшылдарының туындылары қазақ тіліне аударылып, оқимын деген жастың қолына берілді. Бұдан артық мемлекет жастарға не істеп бере алады? Барлығы өз қолымызда. Тек, аянбай еңбек ету керек.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов