Биыл туберкулез жұқтырғандар тіркелмеді | arainews.kz

Биыл туберкулез жұқтырғандар тіркелмеді

714

Туберкулез ауруы бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерінің біріне айналды. Соған қарамастан, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің қарқынды жұмысының арқасында бұл дертпен ауыратындар саны азайып келеді.

Құрт ауруына қарсы күрес Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты мекемелерде де қарқынды жүргізіліп отырады. Мәселен, ЖД-158/2 мекемесінде туберкулез ауруының алдын алу және анықтау жұмыстары өз уақытында жүргізіледі.

Мекемеге келіп түскен сотталғандар әуелі бірінші медициналық тексеруден өтеді. Ең бірінші флюорограмма нәтижесін тексеріліп, жазасын өтеушілер әрбір 6 ай сайын тексерістен өтіп тұрады.

Флюорографиядан өту жұмыстары жасақ басшыларымен бірге өткізіледі. Жұмысты бірігіп жүргізудің арқасында мекемеде туберкулез ауруы азайды. Бұған биыл мекемеде туберкулез ауруының тіркелмеуі нақты дәлел болып отыр.

Жаман айтпай, жақсы жоғы белгілі. Егер де сотталғандар арасынан аталған дертті жұқтыру күдігі бар азаматтар анықталған жағдайда олардан тез арада сынама алынып, тексеруге жіберіледі. Мұндай процедураға арналған кабинет арнайы жабдықталған.

Бұдан бөлек, диспансерлік бақылаудағы науқастар да алдын ала тексеріліп тұрады. Мұндай тексеру туберкулез ауруының алғашқы белгілерінен анықтауға көмектеседі.

Туберкулез анықталған жағдайда науқас арнайы оқшауланған бөлмеге жатқызылады. Сондай-ақ, облыстық туберкулезге қарсы диспансерде орталық дәрігерлік кеңестің сараптамасынан өткізіледі. Туберкулез ауруы анықталан жағдайда  арнайы туберкулез ауруын емдейтін түзеу мекемесіне жіберіледі.

Науқас  мекемеден  кеткеннен кейін, қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Туберкулез анықталған жасақ та қосымша дезинфекциялаудан өтеді. Ал науқаспен  қарым-қатынаста  болған сотталғандар  медициналық тексерістен өтеді.

Мекемеде туберкулез ауруының алдын алу үшін эпидемиологиялық ахуалдар қарастырылған. Әрбір жасақта жоспарлы түрде күнделікті және қорытынды тазалық жұмыстары жүргізіледі. Жасақ басшыларында жөтелі бар науқастарды тіркейтін дәптері болады.

Фтизиатр-дәрігер, медбике жеке құрамның және сотталғандардың арасында санитарлық-ағарту жұмыстары, сонымен қатар әңгімелесу, пікірлесу жүргізіп отырады. Санитарлық бұрыштар шығарылып, туберкулез ауруы туралы кітапшалар, парақшалар таратылады, туберкулез ауруын алдын алу туралы лекциялар оқылады.

Гүлшат  Медетбекова,

ЖД-158/2 мекемесінің медициналық бөлімінің бастығы,

әділет капитаны    

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.