«Бір ақынның сау тұрса тіл мен жағы, Мың адамның айтылар мұң мен зары!»

1 177

Айтмұхаммед Исақов, айтыскер ақын, республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, термеші

– Көпшілік сізді домбыра шертудің шебері, айтыскер ақын ретінде таниды. Үлкен өнерге алғашқы қада­мы­ңызды қай кезде жасадыңыз?
– Мен 1964 жылы сол кезде жаңадан құрылған Пионер совхозында дүниеге келдім. Балалық шағым сол ауылда өтті. Бірде анама ілесіп Жасөркен ауылындағы нағашыларыма бардым. Онда есімі елге белгілі қайраткер Қаратай Тұрысов деген нағашым тұратын. Сол жолы нағашыларымның ауылында 2 айға қалып қойдым. Жалпы, менің нағашыларымның барлығы домбыраны керемет шертетін шеберлер. Олардың өнеріне тәнті болып, 6 жасымда «Мен неге солар сияқты домбыра тарта алмаймын» деп жылағаным әлі есімде. Мұны көрген Қаратай ағамыздың анасы, әулеттің үлкені Күлімхан әжем «Домбыра шертуді жылап тұрып сұранған балаға неге үйретпейсіңдер?» деп ұлдарына ұрысқаны көз алдымда. Әйтеуір, ағаларымның «Мектепке барсын, әлі әріп те танымайды ғой» деген сөзіне де қарамай, әжем бәрібір үйретуді талап етті. Осылайша, 6 жасымда әріптен бұрын Мәмітәлі атама Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 25 жылдығына сыйланған Ұлы Абайдың суреті бейнеленген домбыраны қолға алып, қасиетті өнерге желкен тарттым. Мұқсым мен Райымхан есімді нағашы ағаларым күйден тәлім берді. Зеректігімнің арқасында бір әнді бір күнде үйреніп алатынмын. Ақыры ауылға қайтатын болдық. Күлімхан апам бір қолына мені, бір қолына домбыраны алып «Мына домбыраны жиенге байладым. Мінгізген бір аттарың осы болсын» деді. Өзгелер қарсы болса да, әжем ешкімді тыңдамай сәлем-сауқатын қоржынға салып, ауылға тартып кеттік. Үйге келгенімізде, қара шаңырақтағы өзімнің апам құдағиына дастархан жайды. Мен апама домбыра тартып беруге асығып отырмын. Содан қолымдағы домбырамды байқаған әжем «Я, балам, домбыра үйренгенсің бе?» деді. Нағашы апам «Балаңыз керемет домбырашы болып қайтты. Нағашылары домбыра сыйлады. Сол аманатты өз аяғыммен келіп тапсырайын дедім» деді. Ол кезде «Жұлдызым», «Гүлсім-ау» деген әндерді үйреніп алғанмын. Бір кезде осыларды бірінен кейін бірін құйқылжыта айтып жатқанымда апам жылап жіберді. «Жарығым, жалғызым, сен аман бол. Осы домбырадан бақытыңды табасың, осы сенің наның» дегені әлі есімде. Содан апам ішкі бөлмеге кіріп, сандықты ашты да «Немеремнен не аяйын? Үлкен рахмет сізге, құдағи» деп нағашы апамның иығына сақтап жүрген қасқыр ішікті жапты. Содан кейінгі жылдары әнді естіп алып, бірден домбыраға салып айтуға машықтандым. Ол кезде 5 сомдық радио бар. Радиодан тыңдаған әндердің сөзін жаттап аламын. Өйткені, әлі жаза алмаймын ғой. Осылай 4-5-сыныпқа дейін айтып жүрдім. Сол кезде ауылда Таңатар Қабышаев деген кісі болды. Сол кісі ауылға келіп, домбыра үйірмесіне балаларды жинады. Оның алдында бірнеше аспапта еркін ойнайтын Мәжен Оспанов деген ағамыздан тәлім алдық. Таңатар ағамыздың әйелі хордан сабақ берді. Осы кісілердің арқасында мол тәжірибе жинап, өнердің не екенін түсіндім. Оған қоса, өзім де өлең жаза бастадым. Ең алғаш рет 3-сыныпта «Күз» деген өлең жазғанмын. «Қанатын қаққан құстар туған жермен қоштасқандай» деген теңеулерім бар арасында. 8-9-сыныптарда достарым ұнатып қалған қыздарына өлең жаздыратын болды. Бірақ, қыздар «Мынаны Ақан жазды ғой» деп біліп қоятын. Осылайша, өлеңге махаббатым оянды. Мектепті бітіргеннен кейін әскерге бардым. Әскерде жүргенімде де туған жерге деген сағыныштар қағаз бетіне жыр болып түсіп жатты. Келгеннен кейін әкем көлік әперетінін айтып, ертерек еңбекке араласуымды сұрады. 1 жылдық оқуды 3-ақ айда, емтиханды 40 секундта тапсырып шықтым. Шопырлық оқуда жүргенімде әкем қайтыс болып, ауылға қайттым. Сол кезде Тұрсынбек Жаппаров деген ағамыз совхоздың директоры болды. Өнерді сыйлап, қадірлей білетін адам еді. Сол кісінің шақыртуымен шаруашылыққа араластым. Арасында ауылда беташар, той басқарып қоямын. Негізінде, төл өнеріміз қайта оралар тұста дәптерді ашып қойып айтысатынбыз. Осы үрдісті Жүрсін Ерман жойды. Айтыс өнерінің қайта оралғаны үшін Жүрсіннің еңбегі зор. Жоғалып кеткен дәстүрді жаңғыртты. Жалпы, қазақ халқы бірінші Мұхтар Әуезовке, содан кейін осы Жүрсін Ерманға қарыз. Ол жайлы түрлі әңгімелер айтылып жатыр ғой. Бірақ, барды бар деп бағалауымыз керек.
Осылайша, 1986 жылы ең алғашқы айтысқа қатысып, дәптерге қарамай айтыстым. Серік Қалиев, Әзімбек Жанқұлиевтер шығып жүрген кез еді. Одан кейін, 1987 жылы сақпанда болдық. Шаш тап-тақыр, өзім қап-қарамын. Сәуірдің 29-ы күні ауылға қой айдап келсек, 1 мамыр күні айтыс болатындығын естідім. Ұстазым Таңатар ағай ол кезде кәсіподақ комитетінің төрағасы еді. «Аудандық айтысқа жазып қойдық, қатысасың» деді. Менің дайындығым жоқ. Қипақтап қашсам да, «Бағыңды сынап көр» деп көндірді. Бір-ақ күн дайындалдық. Бірақ, айтысымыз өте тамаша, сәтті шықты. Жоғары дәрежеде көрінген ең қызық айтыс болды. Бас жүлде алдым. Ауылға барғанда Тұрсынбек Жаппаров ағамыз батасын берді. «Клубқа жұмысқа ауыс. Складта не істейсің? Сенің мәңгілік өмірің – өнер» деп, бір-ақ күнде клуб қызметкері қылып жіберді. Көп ұзамай Шу ауданы мен Жамбыл ауданы арасында айтыс ұйымдастырылды. Серік Қалиев Аяз Бетбаевпен, мен Асылхан Алтынбековпен айтысатын болдым. Бұл айтыста біздің аудан жеңіске жетті. Асылханмен мықты қайым айтыс жасадық. Сахнадан түсіп келе жатсам, 95 жастағы кимешек киген әжей «Талай айтысқан ақын едім. Өнерің өрлей берсін» деп маңдайымнан сүйіп, батасын берді. Денем тітіркеніп, керемет күй кештім.
1988 жылы облыстық айтысқа қатыстық. Қазылар алқасы «Бұл баланы кім дайындап жүр, тосыннан осындай ақын қалай пайда болды?» деп таңданғаны бар. Облыстың 50 жылдығындағы айтыста да бас жүлде алдым. 1991 жылы Сыпатай батыр атындағы жыр додасында да қанжығам майланды. 1989 жылдан бастап шәкіртім Мұхамеджан Тазабеков көріне бастады. Негізі, 1987 жылдан бастап мен шәкірт тәрбиелей бастадым. Бүгінде елге, өңірге танымал әншілер Маралбек Бабақұлов, Сандуғаш Прімқұлова, Досжан Прімқұлов, Гүлжан Дайрабаева, Салтанат Мәтебаевалар алғашқы шәкірттерім болды. Бірде Тұрсынбек Жаппаров ағамыз барлығымызды шақырып алып, «Мен бір ғана ақынды жұмысқа алған едім, міне, біздің кішкентай ғана Пионер ауылынан қаншама өнер иесі шықты» деп қуанышын жасыра алмай, марқайғаны есімде. Қазір ауылда ол кісінің атындағы көше бар. Мені ең алғаш жұмысқа қабылдап, домбыра сыйлап, айтысқа киім тіктіріп берген де сол кісі болатын. 1993 жылы ақша ауысып, аумалы-төкпелі кезеңде де Тұрсынбек ағам шығармашылығыма жағдай жасады. Кейін сол кісінің орнына қызметке келген Нұрмахан Тілегенов ағай үйімнің іргесін көтеріп берді. Содан бері өнер саласында жүргеніме 32 жыл болыпты. Қызығын да, шыжығын да бастан аз кешкен жоқпын. 1993 жылы клуб жабылды, совхоз тарады. Жұмыссыз жүрдік. Бет ашып, той-томалақта асаба болдық. Кейін 1994 жылы аудан орталығы Асаға көшіп кеттім. 2005 жылға дейін аудандық мәдениет бөлімінде жұмыс жасадым. Көп ұзамай ауылға қайтадан көшіп бардым. Содан, 2016 жылға дейін, 11 жыл жұмыссыз жүрдім. 2016 жылы сол кездегі Жамбыл ауданының әкімі Мәден Мұсаев қол астындағы қызметкерлерін жинап алып, «Біздің ақынымыз бар, неге ол жұмыссыз?» деп жұмыс тауып беруді тапсырды. Екі қолға бір күрек таппай, сандалып, сарсаңға түссем де, ешқашан өнерді тастаған емеспін.
– Естуімше, Жамбыл ауданының Пионер ауылындағы клубтан күні кеше ғана арыз жазып, жұмыстан шығып кетіпсіз. Оған не түрткі болды?
– Оған себеп, жуырда клубқа облыстан тексеріс келді. Ал, менің жұмыс жоспарым дайын емес. Себебі, біздің ауылымыздың аты Пионерден Ащыбұлаққа өзгерген. Содан барлық құжаттардағы атауды өзгерту керек болды. Сегіз құжатты ауданға арқалап бардым. Олар «Бетіндегілерін ауыстырып, ішіндегілері тұра берсін және жұмыс жоспарыңызды қалдырып кетіңіз, барлығын Ащыбұлақ етіп өзгертеміз» деп уәде етті. Бір-екі рет құжаттарымды сұрай барғанымда іс-шаралардан қолдары тимей жатқандықтарын айтты. Сол бойы құжаттарды көрмедім. Тексеріс келгенде жоспарым дайын болмай, ауыл әкімі Самат Селеубаев сөгіс берді. Жай сөгіс бере салған жоқ, ел алдында еңсемді езіп, абыройымды аяқасты етті.
Жалпы, ауыл әкімі қит етсе «құртамын, жоямын, арыз жаз, шығып кет» деп жекіп жүретін адам. «Бұл ауылда бір-ақ бастық бар, ол – ауылдың әкімі, сендер еден жуушы мен қарауылмен бірдей адамсыңдар» деп намысымды әрдайым жерге таптайды. Тіпті, бізді құлша жұмсағысы келеді. Ондай әкімнен не жақсылық күтуге болады? Енді қараңыз, менде клубта Темірхан Жамабалаев деген қарауыл жұмыс жасайды. Өзі кәсіпкер, бір отар қойы, ірі-қарасы, тракторы, «К-700», комбайны бар. Сенбілік, өрт сөндіру секілді шаралардың ешқайсысына қатыспайды. Біз 5 минут кешіксек, ауыл әкімі жерден алып, жерге салады. Қарауыл болса 5 ай бойы жұмысқа келген емес. Және оған бір ауыз сөз айтылып, сөгіс те жарияланбаған. Себебі, ол – әкімнің адамы. Ол үшін мен талай ұрыс естігенмін. Оның жұмысын өзім атқарып жүрдім. Қыс бойы от жаққан кездерім де болды. Қанша дегенмен ауыл адамы ғой, кешіріммен қарауға тырысамын. Үкіметтен ай сайын 43 мың теңге жалақы алады. Айлық табысына қарай адам еңбектену керек қой. Ал, біздің қарауыл жұмысқа бір келмей, тегін айлық алып жүр. Бұл мәселені көтеріп әкімге барғанымда «Ол менің адамым, ол жүреді» деп сөзбен қағып салды. Шындығын айтсам, ол қарауыл әкімнен гөрі, маған жақын туысқан. Маған оның туыстығы қажет емес, ең болмаса клубтың айналасына бір гүл, бір тал ексе деймін. Оның орнына Тараздан көшеттер тасып, клубтың айналасын өзіміз көріктендіріп жүрміз. Осының бәрін көріп тұрып, әкім әлгіндей тірліктер жасауда. «Ел басқару үшін зор білім аса қажет емес, адамға бірінші керегі имандылық» деген екен Әлихан Бөкейханов. Өйткені, шайтан жұмақтан қуылғанда білімсіздігінен кеткен жоқ, ол имансыздығынан кетті. Сол үшін адамда ең алдымен иман, көркем мінез, жанашырлық, мейірім болмаса, ол өте қиын нәрсе. Мен баяғыда өзіме белгілі себептермен мал бағуға кетіп қалғанымда өнерді қадірлей білетін, иманды Рашид Шоңбаев деген ағамыз шақырып алып, жұмысқа орналастырды. Қазір ол кісі Шу ауданындағы Шоқпар ауылының әкімі.
Міне, осы Рашид ағай мен оның жұбайы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Найманованың қолдауымен елді мекеннен ақындар мектебін қалыптастырдық. Аудандық айтыс жасап, 5 баланы іріктедім. Басында бесеуі де домбыраны жақсы тарта алмайтын. Соларды жинап, тәрбиеледім. «Қанат ұшса ғана жетіледі» дейді ғой дана халқымыз. Аудандық айтыстарға қатыстырдым. Облыста Шапағат Сәбитқызы жеңімпаз атанып, кейін республикалық сөз додаларында жүлде алып жүрді. Өзі өзбек, анасы қырғыз Мехриддин Өтегенов, өнер қанында бар Бақтыбай Шәкіратов пен Орынбасар Бақытұлы, Бақнұр Нұрман деген жастар осы ақындар мектебінде айтысты да, поэзияны да қатар үйренуде. Бұл бес баланың барлығы да грантта оқып жатыр. Осыларды жетілдіріп, биікке қанаттандыру менің басты ұстаздық парызым. Кейде осы шәкірттерімнің байқауына бірге барып, соларды дайындаймын. Себебі, бойымдағы барымды соларға сарқып беріп кеткім келеді. Ал, ауыл әкімі шақырып алып, жұмыс орнында жоқсың деп түсініктеме жаздырады. Жазып бердім, себебі шәкірт онікі емес, менікі ғой. Мәселен, біз тақтаға он ұйқас жазамыз, одан он сегіз жол өлең шығады. Ә дегенде 5-6 ұйқасқа құрайды, одан 10 ұйқасқа, одан 40-60, ақыры бір ұйқаспен қара тер боп 120 жол өлеңді алып шығады. Жүйріктер солай жетіледі. Бұлай тақтаға жазып қойып, дәл мендей үйрететін ақындар мектебі республикада еш жерде жоқ. Рас, Астана қаласындағы Шабыт университетінде ақындар факультеті бар. Бірақ, ол жерде айналдырған 2-3-ақ бала дәріс алады. Бір жылдары Мырзатай Жолдасбеков ағамыз сол жаққа жұмысқа шақырды. Мен жалғыз анамды тастап кете алмайтынымды айттым. «Мені әкеңнің қасына жерлегеннен кейін, қайда барсаң да жолың ашық» деген анамның сөзі бар еді. Қазір анам дүниеден өтті. Әрине, ауылдан кеткім жоқ. Бірақ, ауыл әкімі қай салаға барсам да қудалап, соңыма түсіп алатын болса, елден кетуіме тура келеді.
– Сөзіңізден байқағанымыз, әкімнен әбден қысастық көрген сияқтысыз. Сон­да бүгінгі шенділер шын мәнінде өнер адамдарын шеттетеді ме? 32 жыл өнерде жүргеніңізбен әлі күнге бірде-бір шығармашылық кешіңізді бермегеніңіз де ойға қалдырады. Бұның сыры неде?
– Маған дейін де Әзімбек Жанқұлиев, Нарша Қашағанұлы, Аяз Бетбаев, Бауыржан Үсенов, Серік Томановтар осылай жүріп, өмірден өтті. Бізде Арқа жақтағыдай өнер адамын көтеріп жатқан ешкім жоқ. Жалпы, жанашырлық билік пен байлықты қажет етпеген адамның бойында ғана болады. Ондай қасиет тек Зейнолла Қабдолов, Шыңғыс Айтматов, Тұрсынбек Кәкішев секілді кісілерге ғана дарыған. Себебі, оларға дүние, байлық қызық емес. Бұл кісілерге елдің алдында абыройлы, адал қызмет істеуден артық ғанибет жоқ. Беліндегі резеңкесі жіп болып кеткен жаман шалбармен отырып әңгіме айту Зейнолла Қабдоловтарға ғана жарасады. Неге? Себебі, олар өте қарапайым, академик, профессор, ғалым адамдар. Жағдайы жетпегендіктен солай отырған жоқ қой. Оның базарға барып, киім таңдауға уақыты жоқ. Себебі, олар ғұмырының әр секундын халқына арнаған кемеңгер жандар. Кешегі Шорабектер де тоқырау заманында жұмыс таппады, қолдау болмады. Серік Қалиев те солай. Бұлар да өнерге екі келмейтін ақындар. Ақыры дінге түбегейлі бет бұрды. Мұндай азаматтарды дүниенің алтынына айырбастамаймын өз басым. Айнұр Тұрсынбаева, Мұхамеджан Тазабеков, Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев сынды шәкірттерім мен ойлаған межеден де асып түсті. Өздерімен бірге өнерді де жетілдірді. Ал, менің қадірімді білетін адам біліп жатар. Ол – уақыттың, өмірдің еншісіндегі дүние. Көрер нәрсеңді тіршілікте көріп кеткенге не жетсін? «Өлгеннен кейін басыма көктас қоймай-ақ қой» депті баяғыда біреу. Сол айтпақшы, халық мені жақсы көреді. Ауылдан кетемін дегенімде елдегі кішкентай балаларға дейін «аға, неге кетесіз?» деп жүрегімді қан жылатты.
Таяуда Астананың 20 жылдығына орай облыстық айтыс өтті. 3 сағатта үш ақынмен айтыстым. Бұрын-соңды болмаған суперфинал болды. Бас жүлде алдым. Таңғы сағат 4-те үйге келдім. Сол күні атауы өзгергеннен кейін ауылымызға арнап ән жаздым. Әнші Гүлмира Байболоваға әнімді беріп, Ғани Мәтебаев аранжировкасын, әрлеуін жасап, ертеңінде Тастөбеде өткен «Ауылым, алтын бесігім» атты байқауда жаңа ән сахнада орындалды. Әнді халық жылы қабылдағаны соншалық, бір күнде Астанаға бір-ақ жетті. Сол жақта жүрген өнердегі ағаларымыз хабарласып, рахметін айтты.
Жалпы, өмір мен өнер жолымда Мәден Мұсаев пен Рашид Шоңбаевтың тигізген көмегі мен пайдасы зор. Басқа ешкімнен қайыр болған жоқ. Осы уақытқа дейін Астананың 20 жылдығында да, мәдениет күндерінде де еңбегімді елеп, ең болмаса Алғыс хат берген ешкім болмады. «Облыстық айтыстарда жүлде алып жүрмін ғой» деп өз-өзімді амалсыздан жұбатамын. Шындығы керек, қазір мен сияқты ақындықпен, сазгерлікпен қатар айналысып жүрген мәдениет қызметкерлері некен-саяқ. Алайда, өмірі айтыстан бас жүлде алмаған, шәкірт тәрбиелемеген, 32 жыл тұрмақ, 10 жыл мәдениет саласына еңбегі сіңбеген, қызметті тиіп-қашып істегендердің мәдениет қайраткері, ауданның Құрметті азаматы, Мәдениет саласының үздігі атанып жатқанын көз көріп жүр. Мен өз өнерімнің бағасын білетін адаммын. Бірақ, ешқашан атақ-даңққа қызығып, таласқан емеспін. Өйткені, мен әлі де маңдай терімді төгіп, әнімді жазып, ақын балаларымды аяққа тұрғызуым керек. Жасым келгеннен кейін барып еленсем де кеш емес. Қарапайым қалпымда жүріп, қарапайым қалпымда өтемін. Жақында Шәкіртім Мұхамеджан Тазабеков мені үлкен қажылыққа жібергелі отыр. Асыл дінімізде бірінші ата-анаңды, екінші бала-шағаңды, үшінші ұстазыңды қажылыққа апару парыз екен. Шәкірттерімнің осындай құрметіне шүкірлік айтамын.
– Алғашқы әніңіз қай кезде жазылды? Жалпы, сазды туындыларыңыздың көбісі туған жерге, ауылға арналған. Сол жөнінде айтып берсеңіз. Және қазіргі әндерге деген көзқарасыңыз қандай?
– «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дейді хәкім Абай. Қазір жастар бір-біріне «досым», «бауырым» деп сөйлейтін болған. Адам жанына жақсылық осылай ұялайды. Сондықтан, әннің сөздеріне де мұқият мән беруіміз керек. Менің алғашқы әнім «Сандуғаштың монологы» деген атпен 1989 жылы жарыққа шықты. Сандуғаш Прімқұлова деген термеші қызымыз жоғалып кетіп, соңында көпірдің астынан мәйіті табылды. Терменің сарынымен туынды соған арналып жазылды. Кейін өз әкеме терме арнадым. Қазір әндерімді шәкірттерім шығармашылық кештерінде орындап жүр.
1995 жылы қызым Ақбаянға ән арнадым. Жалпы «Сенің бейнең», «Мөлдір бұлақ», «Сен мені сағынасың ба?» деген он бес шақты әнім бар. Орыстар сөзі мен әнін өзі жазып, өзі орындаған адамды «Бард» деп құрметтейді. Ал қазақ елінде айтыста жүріп, ән мен өлең жазатын өнер иелерін сал-серілер дейді. Негізі, өнердің қай түрі болмаса да, қазір қамқорлыққа мұқтаж. Және заманның өнерге әсер етуі де заңдылық. Біздің кезімізде өлең сиясауытпен, пиромен жазылып, шаммен оқылатын. Қазір заман жетілді. 4-5 жасар бала смартфонның тілін біледі. Жастардың ой-өрісі дамып кеткен. Мінеки, заманауи таным деген сол. Қазіргі көп заманауи әнге көңілім толмайды. Себебі, олардың сөзін нағыз ақындар жазбайды. Әншілер сөздің байыбына бара бермейді. Көп әннің сөзі сөз емес. Бұл – әншілер қауымының ақындармен байланыс орнатпауының кесірі. Сондықтан, туындылары да олпы-солпы. Ән деген – елге ой салатын, санасына нұр құятын, бойды баурайтын дүние болуы керек. Менде «Өмір сыры» деген ән бар. Сөзі де, әні де өзімдікі.
«Өмір, өмір. Көңілім жабыққанда,
Қанат бер қалықтауға.
Жабырқаумен, өзіңнен жалыққанда,
Жетеле жарық таңға, өмір!» деп жолдары өріледі. Адам өмірмен сырласа білуі керек. Бәріміздің өмірден өтетініміз хақ. Әркімнің тілегі жарық таңға жету ғой. Мен бүгін де, ертең де кетуім мүмкін. Бірақ, қарым-қабілетім жетер жерге дейін берерімді елге беріп кетуім керек. Абай да «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп өмірмен сырласып, мұңаяды ғой. Абай кеш сермеген болса, Құдай-ау, біз кімбіз сонда? Сондықтан, мүмкіндік болса, қолдау табылса, береріміз әлі жоқ емес, көп. Ең бірінші ақынға еркіндік керек. Қыранды тұғырда байлап қойған қандай, еркіндікке жіберген қандай. Әнге сөзді жөн білетін, жүрегінде лүп еткен сезімі бар ақынға жаздырса ғана сапалы болады. Тағы бір айта кететін жайт, бізде ел танымаған бір әнші келеді де, ауданға концерт беріп, халықтың ақшасын сыпырып кетеді. Кімнен? Әрине мұғалім, дәрігер, мәдениет қызметкерлері мен айлығынан шайлығын әзер айырып отырған қара халықтан. Ол әншінің елге қаншалықты еңбегі сіңді? Егер әндері көптің көңілінен шығып жүрген өнер иесі болса, оның кешіне тыңдармандардың өздері-ақ барады ғой. Ол үшін міндеттеп концерттің билетін алдыру қажет емес. Міне, біздің кемшін, ақсап тұрған тұсымыз осы.
– Өнер адамдарының кейде жалғызсырайтыны бар. Естуімізше, сондай кезде табиғатпен сырласып, аңға шығады екенсіз… 
– Иә, аңшылыққа жаным жақын. Бала кезден балық аулауға да әуеспін. Ит жүгіртіп, саятшылық құрғанды ұнатамын. Шәкіртім Айнұр Тұрсынбаева 40 жасыма қос ауызды мылтық сыйлаған. Осылайша, өнер адамдары да, шәкірттерім де бұл хоббиімді жақсы біледі. Бірақ, қазір жас келгеннен кейін аңшылықты қойып барамын.
– Білетіндер, кезінде қара шаңырағыңызда талай ғасырдың куәсіне айналған дулыға ілініп тұрғанын айтады. Кейін оны аудандық музей сұрап алған екен. Қазір, сол жәдігер қайда тұр?
– Өзекті өртеп тұрған өте орынды сұрақ. Бастапқыда бұл дулыға Талас аудандық музейде бірнеше жыл тұрды. Шорабек Айдаров сол музейдің директоры болған кезде менен сұраған еді. Таласқа барғанда көріп, қуанып қалатынмын. Алайда, музей тарайтын болған кезде, дулығаны қайта үйге алып келдім. Бірақ, көп ұзамай өзіміздің ауданда музей ашыларда мұражай мамандары келіп, сұрап алып кетті. Жәдігердің шетіндегі өрнектері ерекше. Зерттеп көріп едім, мұндай өрнектерді еш жерден таппадым. Және шекесінде еліктің басындай, мүйізі бар бұғы іспетті аңның бейнесі бедерленген. Маңдайында мыстың бетіне алтынмен жазғандай арабша жазу бар. Өте майда өрнектермен шебер жасалған. Әжемнен атамыз батыр, жырау болған деп жиі еститінмін. Сол бабадан қалған мұрамыз – шөңгелер, жүкаяқтар біз бала кезде қолды болып кетті. Ал, мұражай мамандары сұрап алып кеткен дулыға сол бойы музейден көрінбеді. Кейін басшысынан сұрап едім «Оны тексеруге жібердім» деді. 2-3 айдан кейін тағы сұрай барған едім «Әлі келмей жатыр, туысқанбыз ғой, қоя тұршы» деп шығарып салды. Ол менің жеті бабамнан келе жатқан жәдігер. Әжем ешкімге бермей, партияның кезінде тамның төбесіне шөп тастап, сонда тығып, көзінің қарашығындай сақтаған. Міне, осындай жолмен кейінгі ұрпаққа жеткен дулыға із-түссіз жоғалды. Аудандық прокуратураға шағымдандым. Бірақ, олар тексеруге, іздеу салуға құлық танытпады. Енді сотқа шағымданып, мәселенің бүге-шігесіне дейін жетсем деп отырмын.
– Өмір мен өнердегі сынақтардан қалай сынбай жүрсіз? 
– Шыдамдылық, сабыр. Шынайы түрде қолдау көріп жатқанымыз шамалы. Алайда, қолдау көрмей жүрген жалғыз мен емес. Жолкіре таппай өмірден өткен ақындарымыз қаншама. Мәселен, ең соңғы жырауымыз Аяз Бетбаевты қадірлеп театрдан шығарсақ та болар еді ғой. Жоқ, үйінен шығардық. Ол халықтың ұлы емес пе еді?
Мұқағалиды қай мекеме басшысы жақсы көрді? Оны шын мәнісінде кім көтерді, әрине, халық. Сондықтан, пенделік нәрсеге ақын көп үйір болмауы қажет. Ез болып жүре беруге де болмайды, қарапайым, бірақ, қарабайыр болып кетпеген абзал.
– «Бір ақынның сау тұрса тіл мен жағы, Мың адамның айтылар мұң мен зары!» деген өлең жолдарыңыз бүгінде ел арасында қанатты сөзге айналды. Кешегі аузы дуалы Майқы билер сол заманның өзінде бүгінгі елдің өмірін нақпа-нақ, дәлме-дәл дөп басып айтып кетті. Ақын ретінде сіз де елдің келешегін һәм айтыс өнерінің болашағын қалай елестетесіз?
– Халықтың болашағы өте кемел. Қазақилану саясаты дұрыс бағытқа қойылды. Тіліміз тазарды. Бұдан айтыс өнері дамымаса, төмендемейді. Десе де, бізде әлі мән берілмей келе жатқан мәселелер өнер саласында өте көп. Мәселен, бір ғана әнімен танымал болған жұлдыздардың әрқайсысы екі қабатты үйлерде тұрып жатса, ақын екі бөлмелі пәтерге зар.Әрине, мемлекет ешкімге жағдай жасауға міндетті емес. Бірақ, қазақ ақынын аялаған ел ғой. Бізде қазір жұмыссыз, баспанасыз жүрген жас ақындар өте көп. Жақсы әндер ары кетсе бір жыл тыңдалатын шығар, ал, ақынның сөзі мәңгілік ел жадында қалады. Осыны биліктегілер ескерсе деймін.
Қазіргі айтыстың тұрпаты бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл. Өткен ғасырдағыдан айырмашылығы – сөзді хит әндердің әуеніне салып айту. Бұл – айтысты ойын-сауыққа, халтураға айналдыру деген сөз. Айтыста әзіл айтуға болады, оның өзінде арғы жағында айтар ойы, астары, мағынасы болуы қажет. Ал, оны сайқымазаққа айналдырып жіберу керек емес.
Тағы бір айта кететіні, қазір қоғамды көтеріп, қозғалыс жасағысы келетіндер де бар. Бөлініп, бой көтеруді көксейтіндер де аз емес. Одан ештеңе шықпайды. Үй ішінен үй тігуге болмайды, адам қоғамнан ешқашан ажырамау керек. Бұл ақындарға да қатысты. Халықпен бірге болу қажет. Және әрбір айтыс тікелей ішкі саясат басқармасының бақылауында болғаны жөн деп ойлаймын. Егер осы құрылым тарапынан айтыскерлерге дұрыс қолдау көрсетіліп, бағыт-бағдар берілсе, төл өнеріміз әрқашан төрден түспейді.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.