Білім саласына қолдау артып келеді | arainews.kz

Білім саласына қолдау артып келеді

178

Облыста білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударылуда. Биыл білім жүйесін қаржыландыруға 130 млрд. теңге бөлінді, бұл  өткен жылмен салыстырғанда 22,2 млрд. теңгеге артық (2017 жылы – 107,8 млрд. тг.). Оның 5,1 млрд. теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуге қаралған.

Облыста білім саласы жаңа оқу жылында бірнеше жаңалықтармен ерекшеленбек. Атап айтқанда мектепке дейінгі білім беретін ұйымдардың саны 545-ке жетті. Онда 55207 бала тәрбиеленуде. Өңірде мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 3-6 жас аралығында 98,6%-ға артса, жыл соңына дейін 100%-ға қамтылады.

Мектепке дейінгі білім мекемелерінің желісін кеңейтудің бір жолы – жекеменшік әріптестікті тарту. Ағымдағы жылы өңірде 2194 орындық 15 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жекеменшік балабақша үлесі 31,4% құрады. Бүгінде облыстағы 171 жекеменшік балабақшада 14984 бала тәрбиеленуде.

Бұдан басқа, балабақшаларға «Қолма-қол ақшасыз төлем» жобасы енгізілуде.  Қазіргі уақытта 150 балабақшаға енгізілді. Мұнда ата-ана төлемақысы терминалдар арқылы қабылданып, тамақтануына жұмсалған қаражаттың есебі мен ас мәзірі портал арқылы жарияланады.

Облыста 442 жалпы білім беретін мектепте 222 мың бала білім алады.  Өткен оқу жылымен салыстырғанда мектептердің саны 4 бірлікке қысқарды.

Бірінші сынып оқушыларының саны соңғы үш жылда өсіп келеді (2017ж.-26354, 2018ж.-27541). Биыл болжам бойынша 28 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды.

Орта білім беру жүйесінде оқыту сапасын арттыруға бағытталған жаңартылған мазмұнды енгізу жұмыстары жалғасуда. 2019-2020 оқу жылында 4, 9 және 10-сынып оқушылары жаңартылған мектеп бағдарламасына көшеді.

Өткен оқу жылында 40 мектепте Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесімен әдістемелері енгізілсе, биыл оның саны 80-ге артады.

Облыста 25 мыңнан аса мұғалім жұмыс істейді. Олардың 82%-ы (20917 педагог) жаңартылған мазмұн бойынша, 1426 педагог жаратылыстану пәндері бойынша ағылшын тіліндегі курстардан өтті. Жаңартылған білім беру мазмұнымен мұғалімдердің лауазымдық жалақысы 30%-ға көбейді.

Дарынды балаларға арналған мамандандырылған 4 мектепте жаратылыстану ғылымдары пәндері  ағылшын тілінде жүргізілсе, 273 мектепте элективті курстар ағылшын тілінде оқытылуда.

Педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі — ұлттық біліктілік тестілеуден 4485 мұғалім өтті. Аттестаттаудың жаңа жүйесіне сәйкес біліктілік тестілеуден өткен мұғалімдер 30% бен 50% аралығында қосымша төлемақы алуда.

Ағымдағы жылы Тараз қаласындағы А.Пушкин атындағы №41 көп салалы гимназиясы облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауында жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ, білім мекемелері арасында жүргізілген рейтинг нәтижесінде Жамбыл ауданындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясы «Үздік ауыл мектебі», Шу ауданындағы Жібек жолы мектеп-лицейі «Үздік қала мектебі», Т.Рысқұлов ауданындағы М.Әуезов атындағы тірек мектебі «Үздік шағын жинақталған мектеп»,  Меркі ауданындағы Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп-гиназиясы «Үздік инновациялық мектеп», Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі «Үздік колледж» номинациясын иеленді.

Білім нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ағымдағы жылы облыс бойынша 16 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 5 мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. Оның 1-уі үш ауысымды, 1-уі апатты және 3-уі орын тапшылығы бар мектептің мәселесін шешті. Осылайша биылғы жылы облыста үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілді.

Білім мекемелері алдында тұрған басты талап – оқушылар білімінің сапасын арттыру. Осы мақсатта 2018 жылы аудандар мен Тараз қаласында 14 IT сыныбы ашылса, жыл соңына дейін 37 IT сынып ашылады.

Облыста 46 колледж жұмыс істейді (23-мемлекеттік, 23-мемлекеттік емес). Өңірдегі техникалық және кәсіптік мамандарға деген еңбек нарығының сұранысына сай жаңа оқу жылына облыстағы 47 мамандыққа 3082 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді.

Жалпы, бөлінген мемлекеттік тапсырыстың 56,7% (1750-і) «Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім беру» жобасы аясында жұмысшы мамандықтарына берілді.

Биылғы жылдың тағы бір жақсы жаңалығы, мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, кәсіптік техникалық мекемелерде жұмысшы мамандығында оқитын студенттердің стипендиясы 1 қыркүйектен бастап 30%-ға артады.

Колледж студенттерінің 50,9% мемлекеттік тапсырыс негізінде тегін оқуда. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 1028 орынға артық. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 2018 жылы 3500 түлек бітірсе, оның 84,2% жұмысқа орналасты.

Кәсіби маман даярлауда дуальды оқытудың енгізудің маңызы зор. Дуалды оқыту жүйесі 35 колледжде енгізіліп, 193 кәсіпорынмен үш жақты келісімшарттар жасалған. Өткен жылы дуалдық оқыту жүйесімен оқуын аяқтаған 1588 түлектің 75% жұмыспен қамтылды.

Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Құлан агротехникалық колледжінен  үлгілік колледж жасау мақсатында аталған оқу орындарынан «WorldSkills» стандартына сай 10 құзыреттілік орталығы құрылды (химия, энергетика, құрылыс, механатроника, мобильдік робототехника, сантехника және жылыту, машина жасау, токарлық жұмыстар, агрономия, ветеринария  бағыттары).

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.