Білікті – Бану дәрігер | arainews.kz

Білікті – Бану дәрігер

181

Әр адамның өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау кім-кімге де болмасын үлкен жауапкершілікті жүктейді. Өйткені дәрігер адамның жан-дүниесін өте терең білумен қатар, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы шарт. Олай дейтініміз, ақ халатты жандардың алдына күніне қаншама балтыры сыздап, басы ауырғандар жандар келеді. Сондықтан да қажырлы жұмыс иелері – ақ халаттылар халықтың алғысын арқалаған жандар. Осындай елдің ықыласына бөленген білікті мамандардың бірі –  Шу қалалық ауруханасының жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі Бану Спанқұлова. 

Он жылдан бері аталмыш ауруханада қызмет атқарып жүрген кейіпкеріміз С.Асфендияров атындағы медицина университетінде педиатрия мамандығы бойынша білім алып, оны үздік бағамен тәмамдаған. Кейіннен анестезиология-реаниматология бөлімі бойынша мамандық жетілдіру курсынан өтіп, Шу қалалық ауруханасына жұмысқа орналасқан. Өз мамандығын мақтаныш емес, үлкен жауапкершілік деп сезінетін дәрігер қашанда қарапайымдылығынан танған емес. Сонымен қатар, Бану Бақтыбекқызы ауруханада жұмыс істеп жүріп-ақ, «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасының стипендиаты атанған.

– Қалалық ауруханада жұмыс істеп жүргенімде аурухана жанынан екінші деңгейлі перинаталды орталық ашылады деп жоспарланған болатын. Себебі, аяғы ауыр әйелдердің денсаулығында сәл ғана ауытқу байқалған болса, оны аудандық аурухана емдей алмайтын болғандықтан, бірден облыстық перинаталды орталыққа жіберілетін. Ауданда сол орталық ашылар болса, жаңа туған нәрестені күтіп, оның ем-домына жауапты білікті мамандардың қажеттілігі туындайтынын түсіндім. Біліктілігімді арттыру мақсатында ғаламтор беттерін ақтарып отырып, «Болашақ» бағдарламасы туралы құлақтандым. Содан, бірден құжаттарымды әзірлеуге кірістім. Бағыма орай Астана қаласындағы емтиханнан сүрінбей өтіп, бағдарламаның стипендиаты атандым, – дейді ол.

Осылайша, Гиппократ антына берік Бану Бақтыбекқызы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Корей республикасына аттанып, жаңа туған нәрестелерді күту, емдеу бағыттары бойынша үш айлық ғылыми-тағылымдамадан өткен. Оның айтуынша, Корей елінде медицина саласы өте жоғары деңгейде дамыған. Біздің елде қолға алынып отырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін олар өткен ғасырдың ортасында енгізіп қойған екен. «Ауданымызда ашылады деп жоспарланған перинаталды орталық  сол бойы ашылмады. Ал, жансақтау бөлімінде жұмыс істеу психологиялық тұрғыдан өте ауыр. Ол асқан шыдамдылық пен ыждаһаттылықты талап етеді. Десе де, шет елден алған білімімді жансақтау бөлімінде жүріп-ақ кәдеге жаратуға болатынын түсіндім», – дейді Бану.

Ия, аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Осындайда, қыл үстіндегі адам тағдырын арашалаушы ақ халатты абзал жандар көмекке келеді. Сондықтан да, осынау абзал мамандық иесі алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан есіктегі қарияға дейін айтар алғысы шексіз екендігіне шүбәміз жоқ.

dalanews.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.