Барлық бала қатарластарымен білім алуы тиіс | arainews.kz

Барлық бала қатарластарымен білім алуы тиіс

56

Қазіргі уақытта мемлекеттің басшылығымен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бағдарламалар жасалып жұмыстар жүргізілуде. Мүгедектікті жасөспірім кезінен анықтап, оларға ерте бастан ортаға қосылуына жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі күні облысымызда ерекше білім алуды қажет ететін 8200 бала анықталып, өткен жылмен салыстырғанда мүмкіндігі шектеулі бала саны 278 балаға артқан. Оның ішінде, 3329 баланың мүгедектігі бар. 8200 баланың 4249-ы мектеп жасына дейінгі балалар, 3951-і мектеп жасындағы балалар.

Мүмкіндігі шектеулі баланы қоғамға бейімдеу аса маңызды. Мүгедек балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығына және тәрбиесіне ерекше мән берілуі тиіс. Осы орайда, «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Тараз қаласындағы бірқатар мектептердің инклюзияны қолдау кабинеттеріне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Партия мүшелері алдымен облыс орталығындағы №9 орта мектептің орталығымен танысты. Ол білім ошағында 31 бала ерекше білім алуды қажет етеді екен. Балалардың барлығы инклюзияны қолдау кабинеттерінде екі ауысым бойынша психологиялық-педагогикалық және әдістемелік тұрғыда көмек алады. Оларға педагог (дефектолог), логопед, психолог, педагог-ассистент сынды мамандар қызмет көрсетуде.
Дегенмен партия тарапынан құрылған комиссия мүшелері инклюзияны қолдау кабинетіне кіретін сыртқы есікте қоңырау қойылмағанын сынға алды. Сондай-ақ, олар мектеп әжетханасы мен брайн-тақтайшалары да талапқа сай келмейтітін жеткізді. Мұнан кейін комиссия №32 мектептегі инклюзияны қолдау кабинетінің жағдайымен танысты. Бұл мектепте бүгінгі күні 18 бала ерекше білім алуды қажет етсе, олар түрлі ауруларға шалдыққан. Соған қарамастан инклюзияны қолдау кабинетінің мамандары балалардың қатарларымен тең дәрежеде білім алуы үшін еңбектеніп келеді. Ол үшін орталықта балаларды дамытатын керекті құрал-жабдықтар бар.
Сонымен қатар, осы күні аманаттықтар №35 және №25 орта мектептерден ашылған инклюзияны қолдау кабинеттерінде болды. Нәтижесінде, олар бірқатар кемшіліктерді анықтады. Нақтырақ айтқанда, мектептердің автотұрақтарында мүмкіндігі шектеулі жандардың көлігіне арналған орын қарастырылмаған. Сондай-ақ, кей орталықтардың материалдық базасы толық болғанымен кабинеттер таршылық етеді. Бұл орайда, комиссия мүшелері анықталған мәселелерді жауапты мамандарға жеткізіп, шешу жолдарын бақылауда ұстайтын болады.
– Барлық баланың еш кедергісіз білім алуына құқығы бар. Ол үшін біз жағдай жасауымыз тиіс. Осы орайда, бүгін AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Тараз қаласындағы бірқатар мектептердің инклюзияны қолдау кабинеттеріне зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Жалпы, ондағы жүйеге көңіліміз толады. Дегенмен бірқатар мәселелерді шешу қажет. Алдағы уақытта шешуді қажет ететін мәселелерді назарымызда ұстайтын боламыз, – дейді Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Анар Бексұлтанова.
Жалпы, ҚР Оқу-ағарту министрлігімен және облыс әкімдігімен бекітілген Жамбыл облысының 2023-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша өңірлік ЖОЛ картасына сәйкес, 2023-2029 жылдар аралығында мүмкіндігі шектеулі балалар көп шоғырланған аудандар мен Тараз қаласындағы жалпы білім беретін мектептерден жыл сайын кемінде 2 мектептен инклюзивті қолдау кабинеттерін немесе ресурстық орталықтар ашу жоспарланған.
Бүгінгі таңда облыста 8 инклюзияны қолдау кабинеттері мен ресурстық орталықтар ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға түзету-дамыту қызметтерін көрсетуде.
2018-2022 жылдар аралығында Тараз қаласынан 4 мектептен, Қордай және Т.Рысқұлов аудандарынан 2 мектептен инклюзияны қолдау кабинеттері мен ресурстық орталықтар ашылса, 2023 жылы Шу ауданынан 2 ресурстық орталық ашылды.
Инклюзияны қолдау кабинеттері мен ресурстық орталықтар инклюзивті оқытуды психологиялық-педагогикалық және әдістемелік тұрғыда сүйемелдеу, ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу үшін педагогтардың біліктілігін арттыру бағдарламаларын және кәсіби қайта даярлау бағдарламаларын жүзеге асыру бағыттары бойынша жұмыс жасап келеді.
Инклюзияны қолдау кабинеттері мен ресурстық орталықтарда арнайы педагог (дефектолог), логопед, психолог, педагог-ассистент, әдіскер сияқты мамандар қызмет атқарады. Облыстағы 8 аталған кабинеттер мен ресурстық рталықтарда 95 арнайы маман бар.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.