«Baqytty bala» танытқан балғын жұлдыздар – Айкерім Тілеубек пен Ислам Балкоев | arainews.kz

«Baqytty bala» танытқан балғын жұлдыздар – Айкерім Тілеубек пен Ислам Балкоев

181

«Baqytty bala» танытқан балғын жұлдыздар – Айкерім Тілеубек пен Ислам Балкоев
Әлемге жарқын да жас жұлдыздарды сыйлаған «Baqytty bala» ІІ ашық фестиваль конкурсының бас жүлдегерлері 2 000 000 теңге алды. Ал ресейлік «Голос. Дети» телевизиялық шоуының жұлдызы «Baqytty bala» атты қазақстандық фестиваль конкурсының жеңімпазы атанды.
Нұр-Сұлтан қаласының кішкентай тұрғыны, жас вокалис Айкерім Тілеубек «Baqytty bala» ІІ ашық фестиваль конкурсында «Голос. Дети» фестиваль конкурсының жеңімпазына айтарлықтай бәсекелестік танытты. Яғни, «ДимашАли» продюсерлік орталығы ғаламдық деңгейдегі тағы бір жаңа да жас өнер жұлдызын танытты. Ол, әрине, елордалық өнер иесі Айкерім Тілеубек.
Байқаудың қорытындысын анықтау барысында ұйымдастырушылар – «ДимашАли» продюсерлік орталығы мен шақырылған сарапшылар кәдімгідей қиын жағдайға тап болды. Қызу пікірталас түн жарымына дейін жалғасты. Нәтижесінде төрешілер алқасы ымыраға келіп, екі қатысушыға бас жүлде беретін болып шешті. Ал жүлде қорының көлемі алдыңғы конкурстан еселеп артты.
Әлем халықтары көз тіккен бәсеке барысын кеңірек әңгімелесек, конкурс өтетін күннен бұрын үміткерлер мен сарапшы қазылар алқасы мүшелерінің танысу кеші өтті. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі маңызды сайыстардың барлығында көзделген конкурстық өнер көрсету тәртібін анықтайтын жеребе тарту рәсімі өтті.
Байқау болатын күн «Димаш Құдайберген гала-шоуға бір күнге ұшып келді» деген қуанышты хабардан басталды. Балалар қобалжығанын жасыра алмады, олардың әрқайсысы үшін өздерінің сүйікті әншісімен кездесу – үлкен арман. Бірақ жеткіншектер ішкі сезімге толы толғаныстарын басып, сахнада үздік өнер көрсетуге жанын да, барын да салып бақты. Өз ана тілінде ән шырқауды талап ететін бірінші сайыстың өзінде көрермендер үшін жеңіске үміткер анықталғандай болды. Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айкерім Тілеубек «Жұмақ мекен» әнімен тыңдармандарды баурап алды, көпшілік оған ұзақ уақыт бойы қол шапалақтап, ыстық ықыластарын білдірді.
Әлемдік деңгейдегі танымал хиттердің перфоманстары орындалатын екінші кезеңде ұйымдастырушылар жас шамасына шектеу қоймағанын атап өткен жөн. «ДимашАли» продюсерлік орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев айтқандай, мұнда қатысушылар өздерінің вокалдық қабілеттері мен сахналық таланттарын мейлінше айқын көрсететін әндер таңдауы өте маңызды.
«Балалар тамаша өнер көрсетті! Тамашасы сол, тіпті шын мықтыны таңдау мен анықтау аса қиынға соқты. Алайда, байқау шарттары да орындалуы тиіс. Қазылар алқасы ешкімді алаламай, өз міндеттерін адал атқарды деп білемін. Соңында ерекше қорытынды шығарды», — деді байқаудың қазылар алқасының мүшесі Аида Николайчук.
Жүлдегерлерді соңынан бастап таныстырсақ, қостанайлық Исатай Болтахан және Алматы қаласының үміткері Қарақат Башанова жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты. Олардың әрқайсысы 100 000 теңге сомасында сыйлық сертификатпен марапатталды. Екінші орынға Украинаның Харьков қаласынан келген Дарина Галицкая мен ақтөбелік Аңсар Жүсіп лайық деп танылды. Оларға 150 000 теңге көлеміндегі сертификаттар табыс етілді. Ал бірінші орынды Ресейдің Тула қаласынан келген Мария Панюкова мен алматылық Нұрлыбек Сапарбай жеңіп алды. Бәсекелестерінен өнер бәйгесінде оза шапқан жас әншілер 250 000 теңге көлеміндегі сертификаттарға ие болды.
Сегіз мемлекеттен келген таңдаулы әншілердің арманындағы Бас жүлде, дәстүр бойынша, сарапшылар алқасын тамсандырып, ғажап өнерімен конкурс дәрежесін көтерген ең мықты екі қатысушыға табысталды. Олар, жоғарыда айтқанымыздай, елорданың тумасы Айкерім Тілеубек пен Ресейдің Түмен қаласынан келген Ислам Балкоев – «Baqytty bala» ІІ ашық фестиваль конкурсының жаңа қос жұлдызы. Бас жүлдені жеңіп алғандардың әрқайсысына 1 000 000 теңге сомасында сертификаттар табыс етілді.
Тағы да айтайық, Ислам Балкоев «Первый канал» арнасынан көрсетілетін «Голос. Дети» атты телевизиялық жоба бойынша көпшілікке танымал. Ресейдің басты вокалдық шоуында Валерий Меладзенің жетекшілігімен өнер көрсету Исламға көп көмегін тигізді. Оның өнеріне пікір білдірген Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Димаштың педагогі Марат Әйтімов былай деді: «Ислам талантымен қатар, ерекше дарыны мен сахналық шеберлігін таныта білді. Әлбетте, оның сахна адамы екені даусыз! Ол аудиториямен жұмыс істей алады, сахнаның сәнін келтірді. Нағыз әртіс үшін жақсы вокалдық қабілеті болу жеткіліксіз, нағыз әртіс сан алуан қасиеттерге ие болуы тиіс, ең бастысы – әнді Димаштай жүрекпен жеткізе білу қажет.
Мысалы, шеберлік сағаты барысында мен Исламға оның хореографиясына қатысты бірнеше ескерту жасадым. Биі шикілеу болды, ашығын айтқанда, оның деңгейіне лайық емес еді. Іс-қимылдары сәл қысыңқы болатын. Ислам мені мұқият тыңдап, пысықтауға уәде берді. Сөйтіп, финал кезінде мүлдем жаңа қойылымымен тәнті етті! Осындай қысқа мерзімде ол барлық кемшіліктерді жойып, биді жақсы алып шықты. Бұл, әлбетте оның жоғары кәсібилігінің көрсеткіші».
Айкерім Тілеубек Димаш Құдайбергенмен бірге оның келесі концертінде ән шырқау құрметіне ие болғаны белгілі болды.
Ақтөбе қаласында өткен «Bakytty bala» фестивалінің ақтық сынына жолдама алған Топ-20 үміткеріне ұйымдастырушылар смарт-сағаттар сыйға тартты. Айталық, «Шаншар» гүл серіктестігі гүл шоқтарын ұсынса, Daiwa Capital Partners компаниясы мен «ДимашЧай» сауда маркасы жүлде қоры серіктестері атынан барлық қатысушылар мен қазылар алқасына арнайы сыйлықтар табыс етті. Осы тұста айта кетерлігі, халықаралық байқауға «Бөбек-балабақша»-«ДИМАШ», «YO-YO» батут орталығы, «Юрта» паркі, «Ақбөбек» оқу-сауықтыру орталығы және де қаладағы СНПС «Ақтөбе Мұнай Газ» ірі кәсіпорны, «АЗХС» зауыты демеушілік танытқан.
Фестиваль қорытындысына сәйкес, есте қаларлық өнер көрсеткендері үшін түркиялық Сема Айдын, Қырғыз елінен келген Ақмарал Эркинбек және өзбекстандық өнерпаз Ясмина Муратова «Халықтар достығы» номинациясымен марапатталды. «Сахна үміті» номинациясын иеленген Адиль Орумбасаров, сонымен қатар Димаштың ұстазы Марат Әйтімовтен тегін музыкалық дәріс алатын болды. Ал «Шынайлылығы үшін» номинациясы – Беларусьтен келген Виолетта Довидовичке, «Интернет сүйіктісі» номинациясы – семейлік Дарина Магауинаға, «Көрермен көзайымы» номинациясы – Байқоңыр қаласының үміті Назерке Шамбиловаға бұйырды. Ал Анжелина есімді үміткер «Бақытты бала-2020» байқауының алғашқы қатысушысы болып шешілді.
Қазылар алқасы мен ұйымдастырушылардың шешімімен Шымкент қаласынан келген Алихан Тиллабек белгілі музыкант Лұқпан Жолдасовтың дыбыс жазу студиясынан, ақтөбелік Лаура Серікбаева «Димаш-Али» продюсерлік орталығының маманы Ерлан Бекчуриннен, елордалық әнші Екатерина Табарина Мәдениет және спорт министрлігінің атынан әндерін тегін әрлеуге мүмкіндік алса, Қостанайдан келген жас дарын Даяна Шагатаеваға Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы музыка мектебіне жолдама берілді. Дәл осындай жолдама мен Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы сыйлығы алматылық өнер иесі Темирлан Осимкулға тапсырылды.
Еске сала кетейік, «Baqytty bala» фестиваль конкурсының I маусымының финалисі Нарғыз Жанұзақ Лондонда өткен Indigo at the O2 концерт залының сахнасында әйгілі әншімен бірге мега-жұлдыздармен дуэтте өнер көрсетті. Ал екінші Бас жүлде иегері Ержан Мақсым ресейлік «Голос. Дети» танымал жобасында мәскеулік көрермендерді дарынымен тамсандыра білді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.