Аяулым Асқарбек облыстық фестивальдің лауреаты атанды | arainews.kz

Аяулым Асқарбек облыстық фестивальдің лауреаты атанды

142

Меркілік өнерпаздар облыс орталығында өткен «Taraz симфониясы-2019» өнер фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Аталмыш өнерлілер байқауын Жамбыл облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған еді.

Өңірде классикалық музыка, романс, джаз жанрларын дамыту, өнерпаздардың орындаушылық шеберліктерін шыңдау мен жас таланттардың шығармашылығын қолдау мақсатында өткен іс-шараға Меркі ауданы Темірбек Қожакеев атындағы жалпы білім беру мектеп-гимназиясының 10-шы сынып оқушысы Аяулым Асқарбаева қатысқан болатын. Жүздеген қатысушының арасында жарқырай өнер көрсеткен меркілік ару облыстық халық шығармашылығы орталығының білікті мамандарынан құралған сараптау комиссиясының шешімімен фестивальдің лауреаты атанды. Сондай-ақ, 50 мың теңге көлеміндегі сыйлықақымен марапатталды.

Айта кетейік, өнер фестивалінің ауылдық іріктеу, яғни I-кезеңі 2019 жылдың 2-12 сәуір аралығында облыс аудандарының ауылдық округтерінде жүргізілген болатын. Аталмыш кезең бойынша қатысушылар «Аспапта орындау» және «Вокал» номинацияларымен өзара бақ сынады. Фестивальдің аудандық іріктеу кезеңдері 2019 жылдың 15 сәуір күні облыс аудандарында өткізілді. Ал фестивалдің II-кезеңіне 200-ге жуық өнерпаздар қатысып, III-кезеңге 150 үміткер өтті. Бұдан кейін «Taraz симфониясы» өнер фестивалінің III-ші аудандық іріктеу кезеңі 2019 жылдың 16-24 сәуір аралығында өтті. Аудандық іріктеу кезеңіне облыс аудандары мен Тараз қаласынан барлығы 150 үміткер қатысқан еді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.