«Ауыл аманаты»: Жамбыл облысына Премьер-Министрдің кеңесшісі жұмыс сапарымен келді | arainews.kz

«Ауыл аманаты»: Жамбыл облысына Премьер-Министрдің кеңесшісі жұмыс сапарымен келді

12

Жамбыл облысына ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен келіп, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты.

Алдымен Ералы Тоғжанов Байзақ ауданына ат басын бұрды. Ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған мал бордақылау алаңы мен автокөлік жуу нысанының жұмысымен танысты. Бұдан соң «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-де құс етін экспортқа шығару қарқынын бақылады.

Сонымен бірге Меркі ауданындағы «AMANAT» оқу-әдістемелік орталығының жұмысымен танысты. Мұнда егін және мал шаруашылығы саласында жеке шаруашылықты жүргізу бойынша білім беріледі.

Жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевпен бірге барлық деңгейдегі әкімдердің басын қосып, кеңес өткізді.

Алдымен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов жобаның нәтижелерін баяндап, алдағы жоспарларды таныстырды.

Аталған жобаға 2019-2023 жылдары аралығында 42,2 млрд.теңге бөлінген. Бұл қаржыға 62 ауылдық округтегі 8 028 жоба несиелендірілді.

Тарқатып айтар болсақ, 252 мың бас мал сатып алуға 38,4 млрд.теңге несие берілді. 57 кооператив құрылып, лизинг жүйесі арқылы 533 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алдынды. Кәсіп ашуға құлықты тұрғындардың 91 жобасы қаржыландырылды. 4 жыл ішінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды.

2024 жылы жобаға 10,5 млрд. теңге бөлу қарастырылып, бұл қаржы көлеміне 1200 өтінімді несиелендіру арқылы 1672 жұмыс орнын құру жоспарланды.

Ералы Тоғжанов жобаға қатысқан жамбылдықтардың жемісті жұмысын жоғары бағалап, өзекті мәселелерді кеңес барысында жіпке тізді.

– «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру.

Бұл күнде жоба аясында жаңа жұмыс орындарының ашылуы 25 пайызға дейін өсіп отыр. Атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың қатары 50,4 пайызға төмендеген. Осы ретте бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажет. Әлі де атқаратын жұмыс көп. Шаруалар тек қана мал шаруашылығымен айналыспауы керек. Ауылдықтардың өзге де кәсіппен шұғылдануына жағдай жасалуы тиіс. Оның ішінде жылыжай салып, түрлі көкөністерді өсіруге және құс шаруашылығын дамытуға күш салу керек, – деді Ералы Тоғжанов.

Үкімет басшысының кеңесшісі «Ауыл аманаты» жобасы аясында тауарлы несие беру мәселесін көтеріп, өзге өңірлердегі шаруа қожалықтарының жұмысын үлгі ретінде таныстырды. Ол ауылды өркендету – ортақ міндет екенін алға тартып, жауаптыларды жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Басқосу барысында ауыл әкімдеріне сұрақтар қойылып, жауаптар алынды.

Кеңес қорытындысы бойынша өңірдің ірі кәсіпорындарын жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамту үлесін ұлғайту мақсатында 4 ірі кәсіпорынмен ынтымақтастық момарандумына қол қойылды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.