Әулиебастауға апаратын жол жөнделді | arainews.kz

Әулиебастауға апаратын жол жөнделді

349

Айша бибі ауылынан солтүстік батысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан Әулиебастау көліне барар жолдың сын көтермейтіндігі туристер үшін үлкен қолайсыздық туғызатын. Жуырда «ЖамбылДорМостСтройСервис» ЖШС Әулие бастау көліне апарар 1,7 шақырым жол құрылысын аяқтады. Оған жергілікті бюджеттен 33 миллион теңге бөлінген.
-Әулиебастау — туристер үшін облысымыздағы тартымды нысандардың бірі. Мұнда адамдар жылдың төрт мезгілінде де келіп жатады. Тарих пен тамаша табиғатқа тұнып тұрған мекенге біреулер тәу етіп барса енді бірі тарихы мен аңызына қызығып барады. Себебі бұл жер көне қала орны болып саналады. Сондықтан мемлекеттің қорғауына алынған. Көл суының емдік қасиеті де жергілікті жұртшылық арасында кеңінен тараған. Туризмнің күре тамырына саналатын жолдың төселуі енді мұнда келушілер қатарын арттыраратынына сенімім мол,- дейді облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.
Әулиебастау көне қала орнын алғаш археологтар Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевич зерттеген. Қаланың қазіргі сақталған орны тік төртбұрышты, ұзындығы батыстан шығысқа қарай 400 метр, ені солтүстіктен оңтүстіке қарай 140 метр, биіктігі 9 метр. Үстінде жұмыртқа тәрізді екі төбе бар. Оның біріншісі батыс жағында, көлемі 105х87 метр, екіншісі шығыс жағында, көлемі 100х120 метр. Құрылыс сырты топырақ дуалмен қоршалған, ортасында аумағы 20 шаршы метр үйдің орны сақталған. Шығыс жағындағы орталық қорған ірі тастардан қаланған.

Қаланың оңтүстік-батыс жағындағы жарылған жартастың астынан бұлақ ағып жатыр. Бұлақ суынан қала түбінде аумағы 100 шаршы метр көлшік пайда болған. Ақсу өзені осы көлден бастау алады. Жергілікті халық бұлақты Әулиебастау деп атайды. Қала жұртынан жинастырылған қыш ыдыстардың жасалуына қарап, ғалымдар қала Қарахан әулеті заманында (10-12 ғасыр) болған деп тұжырымдайды. Бұлақтағы су жыл бойы +16 градус тұрақты температураны ұстап тұрады. Су құрамын өмірге қажетті 17 түрлі минералды магний, калий, йод жыне өзге де микроэлементтер құрайды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.