Әулиеатада халықаралық әскери оқу-жаттығу басталды | arainews.kz

Әулиеатада халықаралық әскери оқу-жаттығу басталды

105

Жамбыл облысындағы Отар әскери гарнизонында халықаралық әскери оқу-жаттығу басталды.

Бірлескен әскери іс-шараға Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымына мүше мемлекеттер – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Ресей және Беларусьтің әскери құрылымдары қатысып жатыр.

Кешелі бері әскерилер лаңкестермен күресу мақсатында түнгі барлау, әуеден шабуыл жасау, артиллериялық оқ жаудыру сынды тактикалық тапсырмаларды сынап көрді. Нәтиже жаман емес. Енді құрлық әскерлері арасындағы өзара түсіністік пен жауынгерлік даярлық тексеріледі.

— Бұл оқу-жаттығу лаңкестікке қарсы дайындық болып саналады. Барлық жаттығулар әуеде, жерде, сондай-ақ өзен-көлдерде, су астында да өткізіледі, – дейді ҰҚКҰ бірлескен штаб басшысы Анатолий Сидоров.

Мұндай оқу-жаттығуларда әскерилердің әр қадамы алдын ала жоспарланып жасалады. Ол үшін арнайы басқару пункті бар. Сол жерде қарулы қақтығыс өтетін жердің ерекшелігі, күштік құрылымдардың орналасу реті, артиллериялық қару қолдану нысандары бекітіледі. Дәл осы жерде ақпараттық қамтамасыз ету орталығы да жұмыс істейді.

— Ақпаратпен қамтамасыз ету орталығы. Бұл жерде біздің офицерлер міндеті осы оқу-жаттығуды ақпаратпен қамтамасыз ету. Әскери қызметкерлердің моральдық-психологиялық деңгейін ұстап тұру. Ең бастысы, жауынгерлік тапсырманың орындалуын қамтамасыз ету біздің басқарманың ең басты міндеті болып саналады, – десанттық-шабуылдаушы әскерлер қолбасшылығының бөлім басшысы Талғат Хасенұлы.

Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымына мүше елдердің бірлескен оқу-жаттығуы бір айға созылады. Одан кейін Қырғызстан мен Тәжікстанда жалғасады. Отардағы жаттығуларға жалпы саны 3 мыңнан аса сарбаз қатысуда.

24.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.