Әуезі бөлек Әз-аға | arainews.kz

Әуезі бөлек Әз-аға

Тараз қаласында белгілі айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевті еске алу кеші өтті

566

Ол – қалам мен қаруды қатар ұстаған қаһарман, тіршілігінде туыстың ғана емес, тұтас елдің жүрегінде қалған шын жүйрік. Иә, даланың дара перзенті, айтыскер ақын, Ауған соғысының ардагері Əзімбек Жанқұлиев туралы қандай теңеу айтылса да жарасады. Әттең, ғұмыры қысқа болды. Небәрі 41-ге қараған шағында қалың елі қазағымен қош айтысып кете барды. Ақынның дүниеден озғанына 15 жылдың жүзі болғанымен оның отты жырлары жұрттың жадында. Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен еске алу шарасынан біз осыны аңғардық.

Айтыс өнеріндегі айнымас орны бар атпал азаматының ардақты өнерін еске алуға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Алдымен көгілдір экраннан жұрт көңілінде қалып қойған Әз-ағаның өмірінен бейнесюжет көрсетілді. Айтысқа алғаш аяқ басқан сәтінен бастап шығармашылық өмірінің бел-белестері мен асқар асулары арқау етілген туындыдан ақынның бейнесін көріп, халқы көзіне жас алды. Кешті облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев ашып берді. Одан әрі өлкемізге танымал айтыскер ақын Әсет Дүйсебаев ақынға арнауын асқақтатып арыдан толғады. «Талабы таудай болған Әз-ағама, таудың атын берсе де жарасады» дей келе, жыр жолдарының соңында Әзімбек Жанқұлиевтің құрметіне арнайы ақындар айтысы ұйымдастырылса деп жерлестерінің де жадында жүрген қалауын дөп басып айтты. Ақынмен Ауғанстан соғысында бірге болған майдангер, Қапшағай қаласының бас имамы Алдажар Сейітұлы досының «Ардың кірі тазармас жуғанменен» деген қанатты сөзін тілге тиек етіп, оның өмірде қандай арлы адам болғанын жеткізді. Артынша ақынның жас ізбасарлары Ә.Жанқұлиевтің өлеңдерінен композиция көрсетті.
Әз-ағаның әруағына құрмет етіп, өзге аймақтардан келген қонақтар да аз болған жоқ. Олардың арасында елімізге белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі мен Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, сатирик Толымбек Әлімбекұлы да бар. Шара барысында сөз алған Т.Әлімбекұлы «Ол өте тапқыр адам еді. Суырып салып, лезде шешендікпен жауап қайыратын. Сөздері қалжыңға толы. Ортасын ащы шындықты астарлап, әзілмен жеткізетін қасиетімен таңғалдырып, жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүретін» деді толқып. Ақынның жоғары оқу орнында бірге оқыған курстасы Қалдыбек Құрманәлі болса «Жүрегі нәзік ақын досымның жан иесіне аяушылығы сондай, екеуміз аңға шыққан бір күні жолында ұшырасқан үйректі атпай қойды. «Бұл да шырылдаған тіршіліктің жаратылысы ғой, обалына қалмайық» деп азар да безер болғанын тебірене есіне алды. Одан кейін сахна төрінде айтыскер ақындар Алик Бекмұсаев пен Дидар Басықараев шығып, ақын өмірі мен өнегесі аясында сыр шертіп, тартысты жыр өрнегін көрсетті.
Ақын, композитор Қасқырбай Нарбатыров Әзімбек Жанқұлиев жайында «Көрермендердің айтысқа ынталы шағында сол кездегі Шорабек сынды кіл жүйріктердің тобына еркін қосылды. Ол шаппа-шап айтыста өз ұстанымымен көзге түсті. Әзілмен қоғамдағы өзекті мәселелерді дөп басып айтатын» деді. Сондай-ақ, ақынның бауыры Алтынбек Жанқұлиевтің інісінің өшпейтін өнер мұрасын ел жадында сақтау жолында көп күш жұмсағанын айрықша тілге тиек етті. Өнерін кие тұтқан замандастарының бірі, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров «Өмірі қысқа болса да, өнері нұсқа болған биік парасатты азамат» дей келе, замандасының басынан өткен қызық жайтты әңгімелеп берді.
Шара барысында ақынның ешқашан дүние қумай, қай жарыстан алған жүлдесін де маңайындағы жағдайы төмен отбасыларға үлестіріп жүретін кеңпейіл жан екендігі де ерекше айтылды. Кеш соңында облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали сөз сөйлеп, алыстан ат терлетіп жеткен қонақтарға алғысын білдірді. Одан кейін ұйымдастырушылар тарапынан кешке атсалысқан азаматтар, өнер жанашырлары Алғыс хатпен марапатталды. Арда туған ақынның ошағын өшірмей тектіден қалған сара жолды жалғап, дара өнерін дәріптеп жүрген жарына ұйымдастырушылар сый-сыяпат жасады. Ақынның аты берілген мектеп ұжымы мен бауыры Алтынбек Жанқұлиев те құрметке бөленді.
Айта кету керек, соңғы уақыттарда рухани шаралардың көптеп өтуіне мұрындық болып жүрген облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали алдағы уақытта Әзімбек Жанқұлиевті еске алу кешін жыл сайын ұйымдастырып тұратынын жеткізді.

Елдар Боранбек

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.