Бейсенбі күні аудан әкімі Жарылқасын Айтақов өткен жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық бағытында атқарылған жұмыстарды баяндау мақсатында аудан тұрғындарымен есепті кездесулерін бастады. Аудан басшысы ең әуелі Ақсу ауылдық округінде болып, ауылдықтармен кездесті.
Бүгінгі таңда аудан тіршілігі жыл өткен сайын дамып келеді деп айтуға әбден негіз бар. Бұны аудан әкімінің есепті кездесулерінде жасаған баяндамасынан да байқауға болады. Мәселен, өткен жылы ауылшаруашылығы саласындағы өндірілген өнімнің көлемі 56 миллиард 629 миллион теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 10 миллиард 742 миллион теңгеге артық орындалыпты. Ал, халықты әлеуметтік қорғау мен қамсыздандыру шараларына келер болсақ, 5131 тұрғын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Жалпы аудан бойынша өткен жылы 910 жұмыс орны ашылады деп күтілгенімен, 1521 жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар, ауданның мәдениет саласында да алға басушылықты байқауға болады. Шу өңірінде жалпы 46 мәдени ошақ халыққа қызмет көрсетіп отырса, елді мекендердегі мәдени ошақтардың саны 20-ға жеткен. Алдағы жыл ауылдықтар үшін табысты жыл болады деуге әбден негіз бар. Өйткені, аудан бойынша елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту және олардың халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру мақсатында 2021 жылдары Абай, Қонаев және Белбасар ауылдарында ауылдық клубтар бой көтермек. Тұтастай алғанда, аудандағы салалардың басым бөлігінде ілгерілеушілік байқалады.
Қордай ауданымен іргелес жатқан ауылда атқарылған істер аз емес. Алайда, түйткілді мәселелер де баршылық. Мәселен, Оразалы ауылының тұрғыны Оразқұл Есалиев ауылдағы ағын су мәселесі мен жайылымдық жерге қатысты түйткілді тілге тиек етіп, аудан әкімінен қалыптасқан мәселені шешіп беруін сұрады. Дәл осы ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы Жайлаубек Қалиев ауылдағы жол мәселесі мен фельдшерлік-акушерлік пункттің апатты жағдайда тұрғанын жеткізді. Аталмыш мәселеге қатысты жауап берген аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Есеев Оразалы ауылындағы жол биылғы жылдың жоспарына еніп отырғанын айтты. Ал, екінші сауалға ауданның бас дәрігері Айдар Мұқатаев жауап беріп, фельдшерлік-акушерлік пункттің жұмысын жүйелі ету жоспарға сай жүргізілетіндігін жеткізді.
Бұдан кейін аудан әкімі Жарылқасын Әбдіғапарұлы Көкқайнар ауылдық округінде есеп беріп, тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға жауап берді. Есепті кездесуде ауыл тұрғыны Бекбосын Доланбаев жол мәселесін, сондай-ақ ауылда кейінгі жылдары салынған тұрғын үйлерге жарық пен көгілдір отынның жетпей тұрғанын айтты. Өз кезегінде аудан басшысы ағымдағы жылы жолдың мәселесін шешіп беретіндігін, ауылдықтардың өтініші жауапсыз қалмайтынын жеткізіп, тиісті бөлім басшысына тапсырма берді. Бұдан бөлек, Төребек Сәбеков есімді ауыл тұрғыны учаскелік инспектордың ауылда тұрғылықты үйі жоқ болғандықтан, Шу қаласынан келіп-кетіп жүргенін айтып, осы мәселені шешіп беруді сұрады. Ж.Әбдіғапарұлы аталмыш түйткілдің де түйіні жуық арада шешілетінін жеткізді.
* * *
Аудан әкімі Ж.Айтақовтың аудан тұрғындарымен жыл бойы атқарылған жұмыстар жөніндегі есептік кездесуі Ескі-Шу, Жаңажол, Бірлікүстем ауылдық округтерінде жалғасын тапты.
Кездесу алдымен Ескі-Шу ауылдық округінің тұрғындарымен өтті. Аталмыш округтегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің мәжіліс залында өткен кездесуге ауылдың қадірлі қариялары бастаған жергілікті жұртшылық өкілдері көптеп жиналды. Одан бөлек, көпшіліктің толғанысындағы сауалдарға жауап беруге бірқатар жауапты қызметкерлер де келді.
Округ әкімі Ж.Тәжиев күн тәртібінде қаралатын екі мәселені ортаға салды. Көпшіліктің бірауыздан шешім қабылдауымен округ әкімінің есебін қайталап тыңдамай, бірден аудан әкімі Ж.Айтақов пен аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиевтің есептік баяндамаларына кезек берілді.
Алғашқы болып бастаған аудан басшысы, әдеттегідей, аудан көлемінде атқарылған жұмыстар жөнінде мазмұнды баяндама жасап, оны көрнекі слайд арқылы тыңғылықты түсіндірді. Осыдан кейін Е.Өмірәлиевтің аудандық мәслихатта өткен жылы атқарылған жұмыстары туралы есептік баяндамасы тыңдалды.
Баяндамадан кейін кезек сұрақ-жауапқа берілгенде ауыл ақсақал-дары ауыл өмірінде туындаған бірнеше мәселелерді көтерді. Соның ішінде ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Д.Төлеков Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің жылыту қазандығының тозығы жеткендіктен мектеп іші жылымайтындығын жеткізді. Одан бөлек, мектептің күрделі жөндеуді қажет ететіндігі де айтылды. Бұл сұрақтарға жауап берген аудан басшысы мектепке толық күрделі жөндеу жүргізу, оны газға қосу жұмысы келер жылдың еншісіне қалып отырғандығын атап өтті. Сол секілді ауыл тұрғындары суармалы жерге күтім жасауда кемшіліктер орын алатындығын, жайылымдық жердің жеткіліксіздігін, көшелердің жөндеу қажет ететіндігін де көтерді. Ортаға салынған мәнді мәселелерге жауап қайырған Жарылқасын Әбдіғапарұлы барлығы кезекпен шешімін табатындығын тілге тиек етті.
Осыдан кейін есепті кездесу Жаңа жол ауылдық округінде жалғасын тапты. Б.Момышұлы атындағы орта мектептің мәжіліс залына жиналған ауыл тұрғындары алдымен округ әкімі Д.Әліпбаевтың есепті баяндамасына назар салды. Дархан Бұхарбайұлы өз баяндамасында тек ауылда шешімін күтіп тұрған маңызды мәселелер мен жыл ішінде атқарылған нақты жұмыстарға тоқталып өтті. Мұнда мектеп пен балабақша ғимаратының жылумен қамтылуында мәселе туындап отыр. Сондықтан екі ғимарат газға қосылса ғана жылу қалыпқа түспекші. Ауылда мәдениет үйі болмағандықтан, мәдени қызметшілер әкімшілік ғимаратын паналап отыр. Осыған байланысты ауыл әкімі ауылдық ветеринариялық пункт ғимаратының кеңдігін ескеріп, бір жақ бөлігін ауылдық кітапханаға лайықтаса, жекеменшік иелікте тұрған ауылдағы бос ғимаратты аудандық балансқа көшіріп, мәдениет үйіне арнаса деген ұсынысын білдірді.
Мәселелерді мұқият тыңдаған Жарылқасын Әбдіғапарұлы жан-жақты зерделенетіндігін жеткізіп, ары қарай көпшілікке өз баяндамасын ұсынды. Ауданда атқарылған жұмыстар толық мәлім етілгеннен кейін сұрақ-жауапқа кезек берілді.
Бірінші болып ауыл тұрғыны Л.Үсенов тұрғын үйлер қолданып отырған газдың қысымы төмен екендігін, осының салдарынан аязды күндері үйлер жылымайтындығын жеткізді. Одан бөлек ауыз су құбыры ескіргендігін атап өтті. Аудан басшысы газ қысымы тез арада тексеріледі және ауыз су құбырын жаңартуға қажетті қаражат бөлінді деген жауап қайырды.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан мал шаруашылығымен айналысуға жер жетіспейтіндігі, мәдениет үйі мен спорт кешені қажет екендігі де көтерілді.
Түстен кейін кездесу Бірлікүстем ауылдық округінде өтті. Мұнда аудан әкімінің баяндамасынан кейін тұрғындар бірқатар сұрақтар көтерді. Мәселен, ауылға апаратын бағыттағы көпір жолының ойық шұңқырынан көлік жүргізушілер зардабын тартуда. Осы мәселені көтерген ауыл ақсақалы Ш.Құстүтіновке бұл жол «Қазсушар» мекемесіне қарайды және жолды жөндеу сол мекеменің құзырында деген жауап қайтарылды. С.Әлімбековтың ауыл арасында қоғамдық көлік жүрсін деген ұсынысына жергілікті билік келісім берді. Бірақ, қоғамдық көлік жұмысы жоспардағыдай орындалмаса, жүруі тоқтатылатындығы ескертілді.
Ерғали АСХАТҰЛЫ,
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.