Атыраулық 27 жастағы кәсіпкер Тамила Розметова Астанада тамшылап суару жүйесіне қосылған алма бағын салуды жоспарлауда. Алма бағын салу үшін жас кәсіпкер Президенттен арнайы орын белгілеп беруді сұрады.
Астана қаласында «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен өтіп жатқан Жастар жылының ашылу салтанатында кәсіпкер, «Нұр Отан» партиясы мен ҚХА мүшесі Тамила Розметова өзінің кәсібі туралы айтып берді.
«Жастар жылы — біз үшін үлкен мүмкіндік. Менің жасым 27-де. Фермермін. «Сарайшық» фермасын басқарып отырғаныма 5 жыл болды. Бұл — Альпі ешкілерінің сүтін өңдейтін кәсіпорын. Біздің фермада мыңға тарта ешкі бар. Сүт өнімінің 15 түрін шығарамыз. Менің хоббиім — ірімшік өндіру. Мен ірімшіктің бірнеше түрін жасап келемін. Олардың бірін өзімнің туған жерімнің құрметіне «Атырау ірімшігі» деп атадым. Бұл өте пайдалы әрі 100 пайыз сапалы өнім. Біздің ұжымда 80-ге тарта қызметкер бар. Олардың 94 пайызының жасы 36-ға дейінгі жастар. Жас болғандықтан, арман-тілектеріміз мол», — дейді Тамила Розметова.
Жас кәсіпкер «Ауыл — ел бесігі» жобасы туралы айта келе бұл бастама жастар үшін айтарлықтай әлеуметтік лифт бола алатынын атап өтті.
«Қазақстан — алманың тарихи Отаны екенін мен сіздің мақалаңыздан оқып білдім. Біз қазіргі таңда Махамбет алмасын қайта жаңғыртуды қолға алдық. Жастар жылы ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы нақты жобаларға қолдау білдіргіміз келеді. Осы көктемде Астанада алма бағын салуды жоспарлап отырмыз. Біз қазірдің өзінде осы бақ үшін алманың суыққа да, желге де шыдамды 400 сортын дайындап қойдық. Сонымен бірге, алма бағын толығымен тамшылатып суару жүйесіне қосамыз. Сізден елордада алма бағына орын белгілеп беруіңізді сұраймын», — деді жас кәсіпкер.
Алма бағына арнайы орын табуды Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа тапсырды.
Айта кетсек, Жастар жылының ашылуына Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келген.
Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.
Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан болатын Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.