Асқар Мырзахметов облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралады | arainews.kz

Асқар Мырзахметов облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралады

2 827

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласындағы бірқатар нысандарды аралады.

Аймақ басшысы әуелі «Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болып, алдағы жоспарларымен танысты. Мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстырған кәсіпорын директоры Марат Смаилов бірқатар мәселелердің барын жеткізді. Өз кезегінде аймақ басшысы  бүгінгі күннің талабы қаланың су-кәріз жүйелерін жамап-жасқау емес екендігін алға тартып, салаға талдау жұмыстар жасау арқылы бір жүйеге келтіру қажеттігін жеткізді. Бұл бағытта бірінші кезекте қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің аталған салаға қатысты жоспарын бекітіп, жұмысты шегелеп шешіп тастау керектігін баса айтты. Аталған жоспарды арнайы жиында қарайтындығын да тілге тиек етті. Сондай-ақ өңір басшысы облыс елді мекендеріндегі ауыз су мәселесін шешу мақсатында жаңадан құрылған бірыңғай оператордың да ісін жүйеге келтіруді тапсырды. Бұдан өзге сала мамандары мекеменің аудандардағы бөлімше қызметкерлерінің біліктілігін саралап, кадр мәселесін де тиімді шешу қажет.

Сонымен қатар облыс әкімі А.Аққозиев көшесінде орналасқан «Саңыраулардың қазақ қоғамы» Қоғамдық бірлестігінің «Тараз оқу-өндірістік кәсіпорны» мекемесінде де болып, жұмысымен танысты. Бүгінде төсек жабдықтары мен арнайы жұмысшыларға арналған киімдер тігумен айналысатын кәсіпорынның шешілмей тұрған мәселесі өндірілетін өнімдерге тапсырыс алу екен. Көтерілген мәселе бойынша аймақ басшысы жауапты тұлғаларға өңірдегі мекемелердің мемлекеттік тапсырысын жүйеге келтіруді тапсырды.

Келесі кезекте аймақ басшысы «Асар» Жамбыл облысы мүгедектер ұйымдарының одағы» заңды тұлғалар бірлестігіне барды. Бірлестік жетекшілерінің проблемасына құлақ асқан аймақ басшысы «Мамыр» саябағының аумағында орналасқан ғимараттарына жақын арада жөнделетінін жеткізді. Ол жөнінде бірлестік басшыларына жоспарларын дайындау керек деді. Сондай-ақ автобекет аумағындағы Талас өзенінің бойында орналасқан көпірге техникалық тексеріс жұмыстарына қанықты. Өз кезегінде облыс әкімі жауапты тұлғаларға аталған жұмыстың сапалы және уақытында аяқталуы бойынша тиісті тапсырмалар берді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.