Асқар Мырзахметов бос тұрған көпқабатты үйлерді тездетіп пайдалануға беруді тапсырды | arainews.kz

Асқар Мырзахметов бос тұрған көпқабатты үйлерді тездетіп пайдалануға беруді тапсырды

12 393

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзаxметовтың төрағалығымен өңірдегі құрылыс жобаларына қатысты жиын өтті. Онда 2019 жылдың бюджетіне қаржыландыру үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындау және тиісті бюджет комиссияларының қарауына ұсыну жағдайлары сараланды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Әділет Аxатаев баяндама жасады.
Жиында алдымен 2019-2021 жылдары пайдалануға тапсырылатын тұрғын үй құрылысының жоспары талқыланды.
Қазіргі таңда облыстағы шағын қалаларда барлығы 18 үй коммуналдық меншікке тіркелген болса, оның бесеуі келер жылдың бюджетіне кіріп отыр. Ал қалған 13 үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайын емес. Бұл жобаларға барлығы 2 миллиард теңге қажеттілігі қаперге алынса, оның 600 миллион теңгесі 2 жаңа үй салуға жоспарлануда. Қалғаны бос тұрған үйлерді қалпына келтіруге бағытталмақ.
Басқарма басшысы Қаратау, Жаңатас қалаларында 1800 және 1700 тұрғын кезекте тұрғанын тілге тиек етті.
Асқар Исабекұлы бос тұрған 18 көпқабатты тұрғын үйді аяқтап, пайдалануға беру шараларын тездету керектігін ескертті. Жиында коммуналдық меншіктегі үйлерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да қалыпқа келтіру мәселесі талқыланды.
Сондай-ақ басқосу барысында облыс орталығындағы тұрғын үй құрылысы да сөз болды. Жоспар бойынша биыл Тараз қаласында 800 пәтер берілетін болса, келер жылы 1300 пәтер тапсырылады деп күтілуде. Өңір басшысы тұрғын үй кезегінің динамикасын назарға ала отырып жұмыс жүргізу керектігін ескертіп, тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.