Асалықтардың қайырлы амалы | arainews.kz

Асалықтардың қайырлы амалы

908

«Армандар орындалар үй болсын,
Қуаныштан күмбірлеген күй толсын.
Қара қазан қайнаған әр күндерде,
Қаумалаған дос-жаранға сый болсын». Бұл Аса ауылының жергілікті кәсіпкерлері мен қолы ашық азаматтарының баннерге жазған өлең шумақтары. Қараша халықтың осы бір сөзінен баспанадан бала-шағаның үні естілсе екен деп маңдай терін төске тамызып қызмет еткенін, сауапты іске бейіл бергенін аңғаруға болады. Тонның ішкі бауындай ұйымдасқан асалықтардың қайырлы әрекетіне бұл жолы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Асарлатып үй салу» жобасы негіз болса керек. Керемет үлгідегі баспана заманауи үлгіде жабдықталған. Көзімізге оттай басылғаны қазақы нақыштағы бедерленген қонақ күту бөлмесі еді.
Тәуелсіздік күні мерекесіне тарту еткен көпшіліктің қуанышына аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиев, аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Рахым Жаппаров арнайы келді.
– «Көп түкірсе – көл» демекші, бүгін ауыл болып отбасыға тұрғын үй салып бердіңіздер. Ұмыт болған салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, адамдар арасына мейірімділік ұялатқан асарлату дәстүрі жалғасын таба берсін. Жақсылыққа атсалысқан әрбір отбасының үйінде береке-шаттық, амандық болсын, – деді Рүстем Әлішұлы.
Бұдан кейін басшылар бөлмелерге зер салып, дастарқаннан дәм татып, отбасы мүшелерімен әңгімелесті.
Біз округ әкімі Бауыржан Қалшымбетовпен тілдесудің орайын тапқан едік.
– Бірлігі бекем, тұрғындары тату ғұмыр кешетін округ тұрғындарына айтар алғысым шексіз. Бір жағадан мойын, бір жеңнен қол шығарып, сауапты істі атқардық. Жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен тұрғын үйді пайдалануға беріп отырмыз. Осы орайда олардыңда еңбегін елеп, Сәбит Бастықовқа, Ринат Алфизовке, Нұрмахан Жанысбековке аудан әкімінің Алғыс хатын, ал Нұрбек Құралбайұлына, Асан Орынбайұлына, Тоқтар Маратұлына, Сәуле Баянқызына, Марат Дәулеткерейұлына, Нұркелді Болысбекұлына, Хамит Нұрпейісұлына, Шарипа Жантайқызына, Досжан Бақытұлына, Әділет Несіпбайұлына, Қарлығаш Жамбылқызына округ әкімінің Алғыс хатын табыс еттік. Бұдан бөлек қайырлыамалға ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Әмірбеков пен «Аса аялы алақаны» қоғамдық бірлестігі үлкен үлес қосты, – дейді Бауыржан Құттыбайұлы бізбен әңгімесінде.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.