Жамбыл облысының тұрғындары құжаттарды ХҚКО-дағы постаматтар арқылы жиі алып жүр - arainews.kz

Жамбыл облысының тұрғындары құжаттарды ХҚКО-дағы постаматтар арқылы жиі алып жүр

1

Жамбыл облысының тұрғындары құжаттарды кезексіз — ХҚКО-дағы постаматтар арқылы алуды жиілетіп келеді. Егер 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл қызметті 683 адам пайдаланса, 2026 жылдың алғашқы екі айында постаматтар арқылы 85 тұрғын құжаттарын алған.

Қазіргі таңда постаматтар Тараз қаласында және Қордай ауданы аумағында жұмыс істейді. Олар дайын құжаттарды тәулік бойы алуға мүмкіндік беріп, қызмет алу процесін икемді әрі қолайлы етеді.

Жоба іске қосылған кезде постаматтар арқылы 11 мемлекеттік қызмет қолжетімді болса, бүгінде олардың саны 19-ға дейін артты. Олардың қатарында бала тууын тіркеу, құжаттарды апостильдеу, құқық белгілейтін құжаттардың телнұсқаларын беру, қайталама куәліктер мен АХАТ желісі бойынша архивтік анықтамалар және басқа да сұранысқа ие қызметтер бар. Қызмет құны — 518 теңге.

Филиал директоры Батырхан Тоқтағұлдың айтуынша, сервис өңір тұрғындары арасында сұранысқа ие бола бастаған.

«Біз азаматтар үшін қызметтерді жылдам әрі артық кезексіз алу маңызды екенін байқап отырмыз. Постаматтар уақытты үнемдеуге мүмкіндік беріп, құжаттарды алу процесін әлдеқайда ыңғайлы етеді. Бұл сервис әсіресе ХҚКО-ға жұмыс уақытында келе алмайтын азаматтар үшін өте қолайлы», — деді ол.

Өтінімді рәсімдеу кезінде клиентке дайын құжатты постамат арқылы алу тәсілін таңдау ұсынылады. Ұяшыққа қол жеткізу биометриялық сәйкестендіру және SMS-хабарлама арқылы жіберілетін 5 таңбалы кодты енгізу арқылы жүзеге асырылады. Құжаттың дайын болғаны туралы хабарлама алғаннан кейін оны үш күн ішінде алып кету қажет. Осы мерзім өткен соң құжат ХҚКО-ның құжаттарды беру секторына жіберіледі.

Постаматтар орнатылған ХҚКО мекенжайлары:

  • Тараз қаласы, Төле би даңғылы, 89 Г
  • Қордай ауданы, Батыс тұрғын алабы, 25.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.