Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевтың қатысуымен «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, – деп хабарлайды «Arainews» ақпарат агенттігі.
Басқосуға партия филиалы бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестердің төрағалары мен мүшелері, қалалық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері, БПҰ төрағалары мен «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері қатысты.
Жиында филиал төрағасының бірінші орынбасары Жанәділ Оспанов ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тараз қалалық қоғамдық штабының атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады.
Келесі кезекте мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын және Президент белгілеген негізгі 10 жұмыс бағытын жүзеге асыру бойынша ұсыныстар тыңдалды. Жиында сөз сөйлеген Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Жанар Орынбаева жаппай білім беруді қолдау, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету, мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесі жайлы көтерілген маңызды мәселелерге тоқталды.
Бұдан бөлек, басқосуда «Таразкоммуналкөлік» бастауыш партия ұйымының төрағасы, Тараз сервис және технология колледжінің директоры Бекбол Маймышев, «Жамбыл жылу» бастауыш партия ұйымының бюро мүшесі, Н.Тілендиев атындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернатының директоры Эльмира Жақсылықова өз ұсыныстарын білдірді.
Жиын соңында қала әкімі Қайрат Досаев «Nur Otan» партиясының алдына қойылған міндеттердің маңыздылығы жөнінде сөз қозғады.