Жұмыстар бас жоспарға сай жүруде

Қазіргі таңда Тараз қаласында инфрақұрылымды дамыту мәселесі шаһардың 2010 жылы бекітілген бас жоспарымен сәйкестендіріле жүргізілуде.

Бүгінгі күнге бас жоспардағы қайта жаңғыртылатын аумақтар 55,7 пайызға егжей-тегжейлі жоспарлаумен қамтылған. Болашақта бас жоспарды толық орындау мақсатында жалпы 7 072 гектар көлемін егжей-тегжейлі жоспарымен қамту қажет. Осы жұмыстар үш кезеңге бөлініп, үстіміздегі жылы 2 960 гектар аумақ егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен қамтылатын болады.

2018 жылы, алғашқы кезеңдерге құрылыс жұмыстарын жобалау мақсатында қала орталығының 102 гектарына, «Тектұрмас» тарихи-мемориалдық кешенінің 59 гектарына, «Арай» тұрғын алқабының 241 гектарына және «Көлтоған», «Жиделі», «Қарасай», «Қызыл-Абад» тұрғын алқаптарының 556 гектарына, жалпы 958 гектарына егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленді.

Қаладағы өзекті мәселелердің бірі «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алқаптарының аумағында орналасқан 28 саяжайға «тұрғын алқабы» мәртебесін беру мақсатында жалпы 1028 гектарға егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітіліп, саяжай тұрғындары жер бөліміне өтініштерін беруде.

Келесі кезекте, қаладағы 6 418 гектар құрылыс жүргізілген аумақтарда инженерлік геодезиялық жұмыстарын жүргізуге көңіл бөлінуде. 2019 жылы оның 3086 гектары қала бюджеті және «Қала кадастр» кәсіпорыны есебінен топо түсіріліммен қамтылатын болады. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі. Осылайша Тараз қаласындағы тындырымды тірліктер рет-ретімен іске асуда.

Comments (0)
Add Comment