Жұлдыз тағдырлы жазушыға тағзым

Қазақтың Халық жазушысы,  Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті драматург, қазақ руханиятының бірегей оғланы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза 87 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Қазақтың Шерағасына айналған жазушы-журналист, драматург, қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Шерхан Мұртаза  1932 жылы Жамбыл облысының  Жуалы ауданы, Мыңбұлақ топырағында дүниеге келген. 5 жасында әкесі «халық жауы» деген жаламен ұсталып кеткен бала Шерхан тағдыр теперішін, өмірдің ащы дәмін тым ерте татқан. Бұғанасы бекімей, жетімдік пен «халық жауының баласы» деген ауыр сөзді естіп өскен бала өмір күресінде шыңдалып, қазақ халқының шын жанашырына айналды. Анасы Айша мен бауырларының тірегі бола жүріп, қанша қиындық көрсе де мойымай, әрдайым өз елінің, халқының қамын жеуге, қорған болуға ұмтылды. Бойындағы қайсарлық пен ерекше күш-жігерінің арқасында  көптеген жауапты қызметтерді зор абыроймен атқарды. Бойындағы тектілік пен туған елі мен жеріне деген ерекше сүйіспеншілігі арқасында халық оны «Қазақтың Шерағасы» деп атады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылық кезеңдерде халқымызды сабырға шақырып, рухани құндылықтарымыз бен ұлттық мәйегіміздің діңгегіне саналатын ана тіліміздің кемелденуіне қосқан еңбегі ұшан-теңіз.

Ш.Мұртаза ұлттық мәдениетімізде өзіндік бедер қалыптастырған, ұлттық қазынамыздың алтын сандығын байытып, шоқтығы биік шығармалар сыйлады. Өзінің көркем шығармалары арқылы халқымыздың  ой-өрісін көтеріп, санасына сәуле құйды.

Шерхан Мұртаза Қазақстанның басты бұқаралық ақпарат құралдарының басшысы, жетекшісі бола жүріп ел игілігі үшін аянбай, адал қызмет етудің халықтық үлгісін қалыптастырды, қоғамдық сананың өсуіне үлкен еңбек сіңірді. Тәуелсіз Қазақстанның Парламентінде елдің құқықтық негізінің нығаюына үлес қосты, елдің, халықтың, әділеттің сөзін сөйледі. Шығармашылық қызметінде, асырмай, бірақ аздап бейнелеп айтқанда, жақсылыққа жар болды, үзілгенді жалғады, өшкенді жандырды, өлгенді тірілтті. Адамзаттың бақыты мен сорының бұрын көз көріп, құлақ естімеген қалың қатпарларының сырын ашты. «Қызыл жебесі» шын мен жалған, адал мен арам, жарық пен түнек, жақсылық пен жамандық арасындағы бітіспес күрестің зардабын көктеп өтіп, көкке шаншылып тұрып қалды. Мылтықсыз майдан болды. Бұлтсыз күнде найзағай ойнады. Қара маржан судай ақты. Айдың жүзіне дақ түсті. Айшаның басына күн туды. Айша мен айдың көзінен жас ақты. Бір кем дүние…

«Мұрағаттан кім іздеп жүрер дейсің?» — деген Ш.Мұртазаның дүниелерін «Шерхантану»  ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері үлкен ыждаһаттылықпен тиянақтап, саралап, жинақтап, жарыққа шығарып жатқандығын, әлі де том-том дүниелердің шығуы алдағы күннің еншісінде екендігін атап өткіміз келеді. Бұл — біздің перзенттік, әрі азаматтық борышымыз.

Шерхан Мұртаза – өз заманының дара, дана тұлғасы, халқының мұңын мұңдап, жоғын түгендеген, ар-абыройдың ең биігінде тұрған қайраткер  тұлға. Шерхан Мұртаза сынды ардагер жазушының ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, шынайы халықтық қалпымыздан айнымауымыз үшін жанталаса еткен еңбектерінің рухани мазмұны өте терең.

Қазақтың Шерағасына айналған дана да дара тұлғаның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

Ерболат Саурықов, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі  

Comments (0)
Add Comment