Жолдау жүктеген міндеттер ауқымды

Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалық етуімен актив отырысы өтті. ҚР Қаржы министрі, республикалық ақпараттық топтың жетекшісі Әлихан Смайыловтың қатысуымен өткен алқалы басқосуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауынан туындаған міндеттер кеңінен талқыланып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар сараланды.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі Асқар Исабекұлы әлеуметтің әлеуетін, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған Жолдау аясында өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша шолу жасап өтті. Ал, өзі жетекшілік ететін сала бойынша баяндама жасаған Әлихан Асханұлы Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді орындау үшін
1 триллион 288 миллиард теңге бөлінетінін жеткізді.
– Республикалық бюджеттен 3 жыл ішінде 966,1 миллиард теңге бөлінетін болады (2019 жылы – 324,6 млиллиард теңге, 2020 жылы – 344,6 миллиард теңге, 2021 жылы – 296,9 миллиард теңге). Нақтырақ айтқанда, ең төменгі айлық жалақыны көтеру үшін 85,8 миллиард теңге бөлінеді. Тиісінше, бұл қаражат 275 мың қызметкердің айлығын өсіруге бағытталады. Өңдеу өнеркәсібі мен экспортты ілгерілету үшін
500 миллиард, шағын және орта бизнесті дамыту үшін үш жылдың ішінде 90 миллиард (яғни, жылына 30 миллиард теңге), агроөнеркәсіп кешенін дамытуға үш жылда 300 миллиард немесе жыл сайын
100 миллиард теңге бөлінетін болады.
Алдағы 5 жылда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 650 мыңнан астам тұрғын үй салу жоспарлануда. Сол секілді «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде 5 жылда 100 мыңнан астам отбасы тұрғын үйге ие болады. Білім беру объектілерінің құрылысына – оқушы орындарына үлкен тапшылыққа тап болып отырған өңірлерге, сондай-ақ үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерге байланысты проблемаларды шешу үшін бюджеттен үш жыл ішінде 50 миллиард теңге, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мектеп психологтарының жұмысын күшейту шеңберінде 16,8 миллиард теңге немесе жыл сайын 5,6 миллиард теңге қаралмақ, – деген Әлихан Асханұлы жиынға қатысушыларды Жолдау жүктеген міндеттерді мүлтіксіз орындауға шақырды.
Мұнан кейін актив отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Бижанова өзінің бірқатар ұсыныстарын жеткізсе, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов пен «Тараз Су» мекемесінің директоры Марат Смайылов Елбасы Жолдауы айрықша серпіліс сыйлағанын айтты. Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жуырда ғана
ҚР Қаржы министрі қызметіне тағайындалған Әлихан Асханұлына ақ батасын беріп, жұмысына табыс тіледі.

****

Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов актив жиынынан соң Тараз қаласындағы бірқатар нысандарда болды.

Әуелі Желтоқсан көшесіндегі бұрынғы «БТА банкі» ғимаратында болған министрге нысанды коммуналдық меншікке қайтарып, оңалту орталығы ретінде пайдалану мүмкіндігі таныстырылды. Соңғы екі-үш жылдан бері бос тұрған ғимарат қазір Ұлттық банктің балансында. Өз кезегінде, қаржы министрі бұл нысанды коммуналды меншікке өткізбей жалдамалы негізде қолдану қажеттігін айтты.
– Бұл ғимаратқа Ұлттық қордан 325 миллион теңге қаражат төленген. Ендігі мәселе бұл қаражатты қайта Ұлттық қорға қайтаруымыз қажет. Қазір нысанды коммуналдық меншікке бере салу заңсыз болады. Сондықтан, сіздерге ұзақ мерзімді жалға алып, пайдалануды ұсынамын, – деді министр.
Келесі сәтте Әлихан Асханұлы «Медина» жеке­меншік балабақшасында болды. Облыс әкімдігінің білім басқармасы мен балабақша басшылығы мектепке дейінгі тәрбиелеу ісін жан басына қарай қаржыландыруда туындаған мәселелерді көтерді. Ағымдағы жылы облыста ашылған балабақшаның жартысынан астамы жекеменшік бөбекжайлар. Бұрын жекеменшік балабақшалардағы жан басына қаржыландыру көлемі 19 мың теңгені құрайтын. Ал, биыл енгізілген жаңа әдістемеге сай бұл көрсеткіш 27 мың теңгеге ұлғайып отыр. Сондықтан да жыл соңына дейінгі үш айда жекеменшік бөбекжайларды қаржыландыруға 801 миллион теңге қаражат жетіспейді. Айта кету керек, жыл соңына дейін облыста тағы да 18 жекеменшік балабақша ашылмақ.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы бой көтеріп жатқан №15 ықшамауданда болған Қаржы министріне тұрғын үй кешендерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтуды қаржыландыру тетігін қарастыру жайы таныстырылды. Қазіргі таңда жаңа ықшамаудандағы көпқабатты тұрғын үйлерді магистралды жылу желісімен қамтуға 2,5 миллиард теңге көлемінде қосымша қаражат қажет.
Сонымен қатар, Әлихан Смайылов Айша бибі көшесі және жол өткелін қайта жаңғырту жобасымен танысты. Бұл жоба қала орталығы мен қала маңы тұрғын үй иіндері арасындағы жолды 14 шақырымға қысқартқан. Сондай-ақ, көлік ағынын 40 пайызға төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта мұнда жалпы ұзындығы 16 шақырымды құрайтын Қырғызстан шекарасына дейінгі айналма жол салынбақ.

Талғат НҰРХАНОВ

Comments (0)
Add Comment