Жеңіс мерекесін мәдени-спорттық жарыстармен атап өтті

Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЖД-158/2 мекемесінде мемлекеттік мейрамдар жоғары деңгейде атап өтуге үлкен мән беріледі. Осыған орай, мекемеде арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, қызметкерлер мен сотталғандар арасында таныстырылып отырады.

Аталған жоспарға сәйкес 9 мамыр – Жеңіс күні мейрамына орай спорттық ойындардан жарыс өтті. Салтанатты жиынға орай сотталғандар сапқа тұрғызылып, мемлекеттік әнұран шырқалды. Сонан соң ҚАЖД ЖД-158/2 мекемесінің бастығы, әділет майоры Еркін Нұрбаев сөз алып, ел үшін қасық қаны қалғанша жан аямай арпалысқан батыр бабалардың ерлігі жайлы сөз қозғады. Бұл мереке бүгінгі ұрпаққа батылдық пен батырлықтың, ерлік пен елдіктің үлгісі болуы қажет екеніне тоқталып, бейбіт заманның ұрпақтары жаужүрек ардагерлер мен майдан даласында қаза тапқан әр боздаққа қарыздар екенімізді баса атап өтті.

Спорттық жарыс әуелі жасақтар арасындағы кіші футбол додасынан басталды. Тартысқа толы аладоп аламанында жеңіске жеген жігерін танытқан № 5 жасақ құрамасы үздік шықты. ІІ және ІІІ орындарды №2 және №3 жасақтар өзара бөлісті.

Сондай-ақ, жарыс аясында сотталғандар 100 метрге жүгіруден өзара мықтыны анықтады. Жылдамдық пен шыдамдылық сынға түсетін бұл бәсекеде №5 жасақтың сотталғаны С. Амантаев оқ бойы озып, мәреге бірінші жетсе, ІІ орынды №2 жасақ сотталғаны Г. Байымбетов, ІІ орынды №5 жасақ сотталғаны Р. Фанзурахман иеленді.

Бұдан бөлек, жазасын өтеушілер белтемірге (турник) тартылудан да бақ сынады.  Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды №5 жасақ сотталғаны Н. Мәдеш иеленсе, екінші орынға №2 жасақ сотталғаны Г. Байымбетов  табан тіреді.  ІІІ орынды №5 жасақ сотталғаны Е. Кеулимжанов місе тұтты.

Сотталған азаматтар, сонымен қатар, 1 пұттық кір тасын көтеруден де жарысты. Білек пен белдің күшін, ерік пен жігердің мықтылығын қажет ететін сайыста №4 жасақ сотталғаны П. Мурадов алдына жан оздырмады. Ал өзгелерден күші басым болғанымен үздік шығуға аз ғана жетпеген №2 жасақ сотталғаны Т. Ахметов пен №6 жасақ сотталғаны Е. Уразалиев жүлделі орындарды қанжығалады.

Жеіс мерекесіне орайластырылған спорттық жарыста арқан тарту сайысы да өткізілді. Қорытынды нәтиже бойынша №2 жасақ ешкімге есесін жібермей, жеңімпаз атанды. Ал ІІ орынға №7 жасақ табан тіреп, ІІІ орынды №5 жасақ иеленді.

Ал, қол күрестен өткен жарыста сотталғандар білек күштерін салыстырып, қарының қарулылығын байқап көрді. Мұнда «күш атасын танымаған» №2 жасақ сотталғаны Д. Төлепберген жеңімпаз деп танылды. Дәл осы жасақтың сотталғаны Ж. Көпбай екінші орынды қанжығалап, ІІІ орынды №7 жасақ сотталғаны Ж. Аширкулов иеленді.

Жазасын өтеушілер бұл күні тек қолдың күшін ғана емес, ойдың күшін де сынға салды. Бұл мақсатта олардың арасында мекеме кітапханасында шахмат және дойбы ойындарынан жарыстар өтті. «Патшалар ойынында» №7 жасақ сотталғаны И. Баймуханбетов ойының ұшқырлығын танытып, үздік атанды. ІІ орынды №3 жасак сотталғаны К. Серкебаев, үшінші орынды №2 жасақ сотталғаны Т. Ахметов иеленді.

Ал, дойбы додасында №7 жасақ сотталғаны А. Мырзагелді алдына жан салмады. ІІ орынды №4 жасақ сотталғаны Д. Сошанло иеленіп, ІІІ орынға №7 жасақ сотталғаны Б. Сайфуллаев табан тіреді.

Осылайша, жазасын өтеушілер спорттық жарыстар аясында бақ сынап, өзара үздіктерді анықтады. Ал,  мекеме басшысының бұйрығымен мерекеге орай өткізілген спорттық шараларда жеңімпаз атанған және белсене қатысқан сотталғандар марапаттауға ұсынылды.

Жеңіс күнін тойлауға арналған шаралар қатары мәдени жиындармен жалғасты. Мәселен, сотталғандар назарына Жамбыл облыстық мәдени орталығының артистері қойған мерекелік концерт ұсынылды. Бұдан бөлек, деректі және көркем фильмдер қойылды. Аталған жиындар оларға көтеріңкі көңіл күй сылады.

Сонымен қатар, жасақтар арасында қабырға газеттерін дайындаудан да байқау өткізіліп, шығармашылық ойлау қабілеттерін барынша таныта білген №6, 3, 4 жасақтар жүлделі орындарға ие болды.

Г. Ибраимова,

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД-158/2 мекемесі

САТӘПЖ бөлімінің аға инспектор психологы,

әділет аға лейтенанты

Comments (0)
Add Comment