Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбеков Арыс қаласындағы Жамбыл облысының штабына арнайы келді. Штабтың белсенді жұмыс барысын оң бағалап, жоспарлы шаралармен танысты. Үкімет басшысының орынбасары қаланы қалпына келтіру жұмыстары уақытылы әрі сапалы орындалуы керектігін пысықтады.
Айта кетейік, Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша Жамбыл облысының штабы жемісті жұмыстар жүргізуде. Нәтижесінде бұған дейін 6 жеке тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып үлгерді. Өз үйлерінің қалпына келтіру шаралары дер кезінде аяқталғанына риза болған арыстықтар құрылысшыларға алғыстарын жеткізуде. Сондай-ақ, қазіргі таңда жамбылдық 250 құрылысшы 71 жеке тұрғын үйдің демонтаж жұмыстарын жүргізуде.
Бұған дейін xабарлағанымыздай өңірімізге тиесілі бөліністе 11 көше бар. Онда 312 жеке тұрғын үй, 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бар.
Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйдің барлығының ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстарын 9-шілдеге дейін аяқтау жоспарланған.
Қираған 3 үйдің екеуін қайта соғу, біреуін толық жаңғырту көзделуде. Қалған 309 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қажетті құрылыс материалдары күн сайын жеткізілуде. Тиісті шығындар республикалық бюджет пен арнайы қорға жинақталған қаржыдан қарастырылуда.