Жазасын өтеушілерге аттестат табысталды

Маусым айында еліміздің барлық мектеп бітірушілері мемлекеттік емтихан тапсырып, аттестатқа ие болады. Мұндай маңызды күні қылмыс жасап, темір торға тоғытылғандарда назардан тыс қалмайды. Өйткені, қазіргі уақытта елімізде түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтарды жұмыспен қамту, кәсіптік білім беру, тіптен жоғары оқу орнына түсуге де мүмкіндік жасалған. Осылайша, мектепті тәмамдамаған сотталған азаматтар бұл олқылықтың орнын толтырады алады.

Осыған орай Тараздағы ЖД-158/2 мекемесінде 8 сотталған азамат негізгі орта білім туралы аттестатқа қол жеткізіп, қуанышқа бөленді. Міндетті білімді куәландыратын құжаты жоқ жазасын өтеушілер кешкі мектепте оқып, талапқа сәйкес барлық пәннен емтихан тапсырды. Сынақтан сүрінбей өткендерге жалпы орта білім туралы аттестат табысталып, түлек атанды. Айта кетейік, енді бұл азаматтар биылғы жаңа оқу жылында кәсіптік колледжге түсуге ниеттеніп отыр.

Аталған іс-шараға мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Әміржан Дәулетқұлов қатысып, мектеп бітіруші түлектерге алған аттестаттарын игі кәдеге жаратуларына тілек білдірді. Оларға табыс тілеп, сотталғандарға білім беруге жан-жақты көмек көрсеткен ұстаздар қауымына алғысын жеткізді.

— Бүгінгі таңда елімізде сотталғандардың орта біліммен қатар, кәсіби білім алуларына да барлық жағдай жасалған. Өз басым орта мектепті тәмамдадым, енді кәсіптік колледжге түсуді мақсат етіп отырмын. Мұндағы игерген мамандығым болашақта арманымды жүзеге асыруға көмектесетіне сенімдімін, — дейді аттестат алған сотталғандардың бірі.

 

Comments (0)
Add Comment