Жайнамаз тепкен жамбылдық жаттықтырушы жұмыстан қуылады

Жамбылда жайнамаз тепкен жаттықтырушы жұртшылықтың жағасын ұстатты. «Уатсап» әлеуметтік желісі арқылы тарап кеткен видеода Тараз қаласындағы спорт мектептерінің біріндегі   бапкер намаз оқып тұрған баланың  жайнамазын аяқпен таптағаны  былай тұрсын, жасөспірімнің мойнынан жетектеп, балағат сөздер айтады. «Жұдырығы жуан» жаттықтырушының бұл әрекетін  қазір халық  жаппай сынап, Құдайдан безгендікке балауда.

Таңертең  әлеуметтік желіде пайда болған бұл видеоға қатысты түс ауа облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков  түсініктеме берді. БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында басқарма басшысы аталмыш оқиға облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында орын алғанын айтты. Және бұл фактіге қатысты анықтау жүргізіліп жатқанын, десе де педагогқа тән әдеп көрсете алмаған спорт жаттықтырушысы жұмыстан босайтынын мәлім етті.

Comments (0)
Add Comment