Жау жоқ деме, жар астында

Бұл ұстанымды бұрынғылар текке айтпай, бейқам болудан сақтану керектігін ұғынықты жеткізген. Бұл күнде жер бетінде тыныштық пен мейірімділік теңіздей төгіліп жатса деп армандайтын болдық. Себебі белгілі, бүгінгі жаһандану заманында әлем елдері бейбітшіл халықтың тіршілігіне қайшы келетін лаңкестік әрекеттерге тап болды. Кеше Шри-Ланкадағы католиктік Пасха мейрамын тойлау кезінде қонақүйлер мен шіркеулердегі бірнеше мәрте жарылыстың орын алғаны жанымызға батты. Ақпарат құралдарындағы соңғы мәліметтерге сүйенсек қаза тапқандар саны 200 адамға жуықтаған, 360-тан астамы зардап шеккен. Оқиға орнында түсірілген қорқынышты видеолар адам шошырлық. Лаңкестер  басқаны қойып, жүректеріне тыныштық іздеп, ғибадат етіп жатқан діндарларға шабуыл жасауы бүгінде халықаралық сипат  алғандығын айтуға болады. Осындай кезде адамзаттың рухани жұтаңдағанын аңғару қиын емес.  Діндарларға шабуыл жасаған мұндай террористік іс-әрекетті барлық дәстүрлі діннің өкілдері қатаң айыптайтыны да белгілі. Кез-келген  дәстүрлі дін жазықсыз жанның өміріне, жеке мүлкіне немесе ар-намысына қатысты қандай да бір басқыншылық жасауға рұқсат бермейтіні бесенеден белгілі. Шалыс басқандардың тірлігі қашанда көпшілікті әбігерге түсіреді. Демек   мұндай кез келген террорлық әрекетті дінмен байланыстыруға болмайтынын сарапшыларымыз әрдайым айтып келеді. Террористерде дін де, ұлт та, тіпті, оның отаны да болмайды. Өйткені терроршылардың мақсат-мүддесі мүлде бөлек. Мұндай лаңкестік әрекеттер арқаны кеңге салып босаңсуға болмайтынын, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қатаң сақтау керектігін және оған барлығымыз бірдей күш салуымыздың қажет екендігін  көрсетеді. Жалғыз Шри-Ланкада емес, суық қарудың оғына ілініп, тепкі көргендер отанын, баспанасын тастап, қара басының амандығын ойлауға көшті. Баспана іздеп, бас сауғалағандардың халі қарулыларды еш ойландырар емес. Жазықсыз жандар жапа шеккен жерде қандай тыныштық болуы мүмкін? Бүгінде жастардың бойында еліктеушілік көп. Тіпті жастардың басым бөлігі әлеуметтік желіге тәуелді. Теріс пиғылды топтар осы бір «тәуелділікті» ұтымды пайдаланып отырған секілді. Жарнама аясы кеңейген сайын желіде жаңылған жастар аз ғана уақыттың ішінде жиһадшылардың қатарына да қосылып кеткендер болды. Біз өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңдарын мойындамай, өзімен пікірлес болмағаны үшін басқалармен қарым-қатынасты үзу, қоғам мүшелеріне құрметсіздікпен қарау, басқаларды бүлікке шақыру секілді ұстанымдар қоғамға жат. Жаратушы Құдай бізге жер бетінде зұлымдық жасауды емес, көркем мәміле мен адамдарға жақсылық жасауды бұйырмап па еді?!

Тұрар Әбуов,  дінтанушы

kazislam.kz

Comments (0)
Add Comment