«Жастар жылына» арналған тың бастама

Қырықбаев өскелең ұрпақты шопандыққа баулымақ

Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі драйверіне айналуы қажеттігін баса айтты. Бүгінде осы межені еңсеру бағытында асыраушы салада алшаң басқан тірліктер аз емес. Оған дәлел, жыл өткен сайын егістік көлемі еселеп өсіп, мал басы да артуда. Жолдау жүктеген міндетті орындауда Т.Рысқұлов ауданы да алдыңғы қатардан көрініп келеді. Тіпті, аймақта соңғы кездері жанданған тың жобалар да баршылық.

Аудан әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, 70 мың халқы бар өлке биыл 143 мың гектарға егін еккен екен. Оның 36 мыңы бидай болса, 45 мыңы арпа және 16 900 гектар жерге масақты дәнді дақылдар себілген. Одан бөлек, 540 гектарға тәтті түбір отырғызылыпты. Қызылшаның әр гектарынан 350 центнерден өнім алынып, Меркі қант зауытына 5000 тонна тәтті түбір өткізілген. Нәтижесінде алынған өнім көлемі 5 пайызға дейін өскен. Сондай-ақ, мал шаруашылығында да ілгерілеушілік бар. Кеңес үкіметі тұсында ауданда төрт түлік саны 500 мың басты құраса, биыл құландықтар мал санын 435 мыңға жеткізіп отыр. Мұндай межеге жетуге «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сынды мемлекеттік бағдарламалардың тигізген шарапаты мол. Мал басының артуы ет кластеріне де айтарлықтай серпін беруде. Мәселен, биыл аудан шаруалары 195 тонна етті Иран мемлекетіне жөнелтсе, 2,5 миллион долларға бекітілген келісімшарт негізінде Өзбекстанға сиыр еті экспортталуда. Әрине, бұл көрсеткіштер жан жадырататыны айқын. Десе де, құландықтар бұл межеге тоқмейілсімей отыр. Аудан әкімі Асқар Қырықбаевтың тікелей бастамасымен биыл жастарды мал шаруашылығына баулу мақсатында тың бастама көтерілуде.
– Елбасы жуырда жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынғаны белгілі. Осыған орай, біз алғашқылардың бірі болып бастамаға үн қосу ретінде жастар үшін тың жобаны жандандырып отырмыз. Яғни, ауданнан 10 жас отбасы мен білікті жастарды іріктеп алып, арнайы топ құрып жатырмыз. Топтың әр мүшесіне 500 қойдан беріп, 2-3 жылға дейін өзіміз кепілдендіретін боламыз. Бұл бастамамызға 55 мың қойы бар «Шәушен» шаруа қожалығы қолдау білдіруге ниет танытып отыр. Жастарға қой ғана емес, қорда тұрған 20 мың жайылымдық жерден бөліп береміз. Және алғашқы жылы «Луговой жылқы зауыты» жеммен қамтамасыз етсе, «Ақтоған» шаруа қожалығы шөп беретін болады. Орта есеппен алғанда сонда әр топ мүшесінің шаруашылығын дамыту үшін 3 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Бұл қаржыны қожалық иелері 500 қойдан алынған төлден кезең-кезеңімен қайтарады. Ол төлдерді біз тағы 10 бригада құрып, соларға беретін боламыз. Осылайша 2-3 жылдың ішінде шағын және орта бизнестің көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, төрт түліктің де санын арттырмақпыз. Бұл «Жастар жылына» орай және ауданда жастарды тұрақтандыру мақсатында жасалып жатқан қадам. Қазір топ мүшелерін іріктеуден өткізіп, оларды төрт түлік және мал азығымен қамтамасыз ету жұмыстары пысықталуда, – дейді аудан әкімі Асқар Санатұлы.
Иә, бұл сөз жоқ, өңірімізде бұрын-соңды қолға алынбаған бастама. Ауылда бос жүрген жастардың алдына 500 қойдан салып беріп, оған қоса мал азығымен қамтамасыз етіп жатса, бұл өз шаруашылығымды шалқытамын деушілерге үлкен демеу. Әрине, аталмыш мал саны кім көрінгенге беріле салмайтыны белгілі. Бұл жан-жақты зерделеніп барып, қабылданатын шешім. Десе де, кемі 10 жас өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады дегеннің өзі жанға жылу береді. Бұл тұрғыда аудан әкімі Асқар Қырықбаевтың іскер басшы екенін айта кету керек. Себебі, кейінгі кезеңде бірде-бір аудан әкімінің осындай тәуекелге бел буып, жастарға жанашырлық танытып жатқанын естімеппіз. Осы тұрғыдан келгенде Асқар Санатұлының бастамасын бас бармақпен бағалауға тұрарлық.
Ауданның асыраушы саласына жауапты мамандарының айтуынша, бұл жобаға қазір қызығушылық танытып жатқандардың қарасы қалың екен. Ал, аудан әкімдігі келер жылы осы сынды жобаларды жандандыруға бас-аяғы 100 миллион теңгеге өтінім беріпті. Оның ішінде тұқым шаруашылығын дамыту, қызылша көлемін арттыру, тұңғыш рет Құлан жеріне Қытай бұршақтарын егу және жас шопандарға қолдау білдіру бастамалары бар.
– Негізі Кеңес үкіметі тұсында мұндай бригадалар бар болатын. Колхозға келген жас маманға немесе отбасына мал бөліп беріп, жеке қожалығын жүргізуге мүмкіндік жасайтын. Біз осы ұмыт қалған үрдісті қайта жандандырып жатырмыз. Бұл бастамамызға облыс әкімі Асқар Мырзахметов жан-жақты қолдау білдіріп отыр.
Одан бөлек, біз шопандардың мәртебесін көтеріп, арнайы марапаттар белгілеу жағын ұсынып жатырмыз. Өздеріңіз байқап қарасаңыздар, қазір «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша елді мекенге тек мал дәрігерлері келіп жатыр. Ол дұрыс. Бірақ, неге біз жас шопандарға, жас комбайншы, тракторшыға осындай мемлекеттік жеңілдіктер қарастырмаймыз. Егер ауыл шаруашылығы саласын ел экономикасының негізгі драйверіне айналдырғымыз келсе, кадр мәселесіне айрықша көңіл бөлуіміз керек. Әсіресе, мал шаруашылығына. Себебі түрлі өсімдіктер мен дәнді дақылдарды автоматтандырылған қондырғылар арқылы өсіруге болатын шығар, бірақ малды робот арқылы төлдете де, баға да алмайсың. Мал шаруашылығында адами фактордың ойнайтын рөлі орасан. Сондықтан жас шопандарға да мемлекет тарапынан қолдау мен мәртебе берілсе екен дейміз, – дейді аудан әкімі.
Иә, Асқар Санатұлының бастамасы орынсыз дей алмаспыз. Себебі, бұл жобаның артында ел экономикасының ертеңі мен жастардың келешегі жатыр. Оған қоса, «Жастар жылы» қарсаңында жаттанды дүниелерді алаулатып-жалаулатып жарнамалағанша, осындай тың бастамаларға неге қолдау бідірмеске? Бір ғана Т.Рысқұлов ауданы былтыр ауыл шаруашылығы саласынан 45 миллиард теңгенің өнімін өндірсе, биыл бұл көрсеткішті тағы 3 миллиард теңгеге арттырған. Демек, агро саласы дұрыс бағытта келеді. Тек, оған сәл демеу қажет. Ал, демеу дегеніміз, жоғарыда аталған жобаларды аяқсыз қалдырмай, жан-жақты қолдау. Сонда ғана Кеңестік кезеңдегі көрсеткіштерді аңсамай, Тәуелсіздік таңындағы жаңа белестерге марқаятын боламыз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ,

Т.Рысқұлов ауданы

Comments (0)
Add Comment