Жастар жылы: Астана ашық университеті жастарға ең озық білімді қолжетімді етеді

Қазақстанда әлемнің жетекші оқу орындарының курстарын қолжетімді ететін Астана ашық университеті құрылады.

Бұл туралы Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы Астанада Жастар жылының ресми ашылу салтанатында мәлімдеді.

«Ашық университет платформасы заманауи технологиялар мен білім беру міндетін біріктіре отырып, білім сапасын жақсартуға және оны қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Ашық университет идеясы әлемде кеңінен қолданылатын қашықтықтан білім беру мен ашық онлайн-курстар тәжірибесіне негізделеді. Мұндай курстардың әдістемесі мен технологиясы білім беруді дербестендіреді. Яғни, әр адам өзіне ыңғайлы уақытта, өзіне ыңғайлы орында және өзіне ыңғайлы жылдамдықпен оқиды», — деді Рауан Кенжеханұлы.

Бүгінде әлемде ашық университеттер жобалары қарқынды дамып келеді. Әлем бойынша онлайн курстар тыңдаушыларының саны 100 млн адамға жеткен.

«Әсіресе америкалық университеттердің курстары базасында құрылған Coursera (Курсэра), EdX (Эдекс) ашық университеттері танымал. Қашықтықтан білім беретін табысты жобалардың бірі деп Ұлыбританияның ашық университетін де атауға болады. Алғашында тең мүмкіндіктер қоғамын күшейту мақсатында құрылған бұл оқу орнында қазір 170 мың студент оқиды. Дәл осы Ұлыбританияның ашық университеті біздің жобаның серіктесі болуға келісім берді, олар оқулықтары мен курстарын ғана емес, әдістемелік және технологиялық атқарымдарын беруге дайын», — деді ол.

Сонымен бірге, Астана ашық университеті америкалық Эдекс пен Ресейдің ашық білім беру ұлттық платформасының қолдауына ие болды.

«Осылайша, Рухани жаңғыру бағдарламасы  және 100 жаңа оқулық жобасы қазақстандық ашық унверситетті құру мен дамытуға мүмкіндік береді, қазақстандық студенттерге әлемнің үздік университеттерінің  курстарын қолжетімді етеді. Қазір порталға енгізу үшін қазақ және орыс тілдерінде 100-ден астам курс әзірленді. Халықаралық сарапшылар бұл жобаны өңірлік білім беру хабы ретінде жоғары бағалады. Сіз мақұлдаған жағдайда, Астана ашық университеті өз курстарын алдағы оқу жылында ұсынуға дайын», — деді Р. Кенжеханұлы.

Айта кетейік, Астанада «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтіп жатыр.

Шараға Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келді.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.

Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан болатын Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment