Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметі бойынша 2018 жылдың 9 айында кәмелетке толмаған жасөспірімдер жасаған 104 қылмыстық істің тергеу жұмыстары аяқталып, 2017 жылдың 9 айымен салыстырғанда көрсеткіш 20 қылмыстық іске азайған. 104 қылмыстың 57-сі Тараз қаласында тіркелсе, аудандарда 47 қылмыс тіркелген. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында облыстық ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Қуанышбек Қалжанов айтып өтті.
Қ.Қалжановтың сөзіне сүйенсек, Байзақ пен Қордай аудандарында қылмыстық ахуал тұрақты. Ал, Тараз қаласы мен өзге де аудандарда әрқилы. Яғни, бірінде қылмыстық оқиғалар жиілей түссе, кейбірінде едәуір азайған. 104 қылмыстың 4-еуі – денеге жарақат салу, 65-і – ұрлық, 2-еуі – алаяқтық, 9-ы – тонау, 4-еуі – қарақшылық, 5-еуі – бопсалаушылық, 3-еуі – автокөлік тонау, 4-еуі – бұзақылық, 8-і басқа да қылмыстар мен құқықбұзушылық фактісі ретінде тіркелген.
Осы баспасөз жиынында болған облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов та кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс мәселесі қоғамның, балалардың қауіпсіздігіне, болашағына қауіп төндіретінін айтып, басқарма тарапынан қолға алынып жатқан жмыстарға тоқталды. Ағымдағы жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар саны 121-ге жетіпті. Сондай-ақ, мектеп, колледж әкімшіліктерінің ықпалымен Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінде көрсетілген ата-аналардың немесе олардың заңды өкілдерінің кәмелетке толмаған жасөспірімдерді тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін өз деңгейінде орындамағаны үшін 41 ата-ана жауапкершілікке тартылған.
Жиын соңында Т.Жамалов облыстық білім басқармасы 10 қазан мен 20 қараша аралығын облыстағы барлық білім беру ұйымдарында құқықтық білім мен құқық бұзушылықтың алдын алу айлығы ретінде жариялағанын айтып өтті.